Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев тұрғындармен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.
Кездесуде Мансұр Тұрсынұлы Мемлекет басшысының экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Алматы облысында 13 іс-шарадан тұратын Жол картасы бекітілгенін айтты. Сондай-ақ облыстағы экологиялық мәселелерді кешенді шешуге бағытталған бұл іс-шараның төртеуі орындалып, басқаларын жүзеге асыру жүргізіліп жатқанын айта келе, қалдықтарды басқару мәселесіне тоқталды.
– Бүгінгі таңда облыс көлемінде қалдықтарды басқару бағдарламалары толық бекітілмеген. Жиналған орташа қалдық көлемі – 460 мың тонна. Тұрмыстық қатты қалдықтардың өңделген немесе сұрыпталған үлесі 29 пайызды құрайды. Бұл нәтиже республикалық көрсеткіштен жоғары. 151 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының бесеуі ғана санитарлық және экологиялық талаптарға сай. Тоғыз айдың қорытындысында 145 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 107-сі жойылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында министрлік тарапынан бірқатар жүйелі шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр ақпан айынан бастап экоқолдау, утильалым есебінен төлемдер қайта басталды. Бүгінде облыс бойынша 18 компаниямен келісімшарт жасалды. Сонымен бірге қалдықтарды басқару саласындағы инвестициялық жобаларды жеңілдетумен қаржыландыру механизмі бекітілді. Облыста құны 43,3 млрд теңге болатын қоқысты қайта өңдейтін үш жоба іске асырылуда. Үкімет экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Ел Президентінің 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Алматы облысында 39 млн-ға жуық көшет егілді, – деген Мансұр Ошурбаев министрлік тарапынан басқа да атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Сұрақ-жауап кезеңінде ЖСДП партиясының облыстық филиал төрағасы Нұрлыбек Нұрмұхамедұлы Шеңгелді ауылынан 700-800 метрдей жерде заңсыз қоқыс полигоны пайда болғанын және Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы «Наргиз» базарындағы мал сою орнының қалдықтары ауыл ішінен өтіп жатқан өзенге төгіліп жатқанын жеткізіп, Мансұр Тұрсынұлынан осы мәселелерді өз бақылауына алуды сұрады. Сонымен қатар заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуы, су тапшылығы мен сапасы, көгалдандыру және тағы басқа мәселелер көтерілді.
Вице-министр мен облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев және департамент пен басқарма өкілдері тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Мансұр Тұрсынұлы барлық сұрақтың хаттамаға енгізілетінін, кейбіреулерін тиісті министрліктерге жеткізетінін, көтерілген мәселелердің ешқайсысы жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




