Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Instagram желісіндегі парақшасында әлемге әйгілі Chicco бренді елімізде өз өнімдерін шығару үшін өзге өңірді емес, Алматы облысын таңдағанын жазды.
“Жұмыс сапары барысында Алатау қаласындағы өндіріс жобасымен таныстым. Бұл – халықаралық серіктестердің Алматы облысына деген жоғары сенімінің көрінісі”, деп жазды облыс басшысы.
Облыс әкімінің мәліметінше, «UNITED HYGIENE» зауытының базасында Chicco маркасымен балаларға арналған жөргектер мен ылғал майлықтар шығарылады. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңге, оның нәтижесінде 200–250 жаңа жұмыс орны ашылып жатыр.
Зауыт өнімі ел аумағында ғана емес, сонымен қатар сыртқы нарыққа да жеткізіледі. Өндірістің 50 пайызы Ресей, Грузия, Әзербайжан және Өзбекстанға экспортталмақ.
“Алатау қаласы бүгінде әлемдік брендтер өз болашағын сеніп тапсыратын өндірістік орталыққа айналып келеді. Бұл – облыс экономикасын нығайтуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам” – деп толықтырды Марат Сұлтанғазиев өз жазбасын.
Айта кететін жайт, облыс әкімі таяуда тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерден өз парақшаларын ашқан.




