Қазақ халқының жүрегіне ерекше жақын, елдік пен еркіндіктің нышанына айналған Республика күні құтты болсын! Бұл мереке – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған халқымыздың арманы ақиқатқа айналып, егемендік еңсесін көтерген тарихи күн. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация –Тәуелсіз Қазақстанның іргесін бекітіп, ұлттың рухын асқақтатқан, мемлекетіміздің жаңа тарихының беташары болды. Осы бір тарихи белесті ұлықтау – әр ұрпақтың парызы. Себебі егемендік деген ұғым – тек саяси дербестік емес, ол – рух тәуелсіздігі, ой еркіндігі, мәдени кемелдік. Біздің әдебиет пен өнер, руханият саласының өкілдері дәл осы тәуелсіздік идеясының жаршысы болып келеді.
Ақын-жазушылар – ел жүрегінің үні, халықтың айнасы. Қаламгерлер ел тағдырын, халықтың арман-мұратын, заманның үнін өлең мен прозада өрнектеп, тәуелсіздіктің терең мәнін сөз өнері арқылы ұрпақ санасына сіңіруде. Әдебиет – елдіктің шежіресі, рухтың тірегі. Халық пен қаламгер арасындағы байланыс ешқашан үзілген емес. Халық – шабыттың қайнар көзі болса, жазушы – соны сөзбен өрнектейтін рухани дәнекер. Ұлт руханияты мен әдебиеті – бір-бірімен егіз ұғым. Сол себепті елдің еңсесі мен ұлттың рухы биіктеу үшін сөз өнерінің де салмағы арта бермек. Тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиеті жаңа бағытта дамып, жаңа есімдер, тың тақырыптармен толығып келеді. Қалам иелерінің шығармалары ел бірлігін, қоғамдағы татулық пен рухани жаңғыруды насихаттап, тәуелсіз елдің бейнесін бедерлеп жүр.
Бүгінгі Республика күні – тек тарихи сәтті еске алу емес, жасампаз рухты дәріптеу күні. Бұл – өткенге тағзым, келешекке сенім, болашаққа ұмтылыс мерекесі. Осындай қасиетті күнде әрбір қазақстандық өз жүрегінде елге деген сүйіспеншілікті сезініп, туған жеріне, тіліне, тарихына деген құрметін жаңғыртады. Біздің ең басты байлығымыз – бірлігіміз бен тұтастығымыз. Егемендік пен еркіндік сол ынтымақтан бастау алады. Мерейлі мерекеде баршаңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Қаламгерлер қауымы әрдайым елдің еңсесін көтеріп, рухын жаңғыртатын шығармаларымен халықтың сенімін нығайта берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, Республикамыздың мерейі асқақ болсын!
Ержан ТОҚТАР,
Қазақстан Жазушылар одағы
Алматы облыстық филиалының төрағасы




