Перейти к содержимому
Главная страница » Міндетіміз – мінсіз қызмет

Міндетіміз – мінсіз қызмет

      Күнделікті өміріміздегі тоқтаусыз қозғалыстың кейде шет-шегі жоқтай көрінеді. Оған бүгінгі қоғамның тынымсыз тыныс-тіршілігінен айқын көзіміз жетіп отыр. Осы арада халықтың қамы үшін қалтқысыз қызмет етіп жатқан облыстағы мекеме-ұйымдардың атқаратын жұмыстары айтуға тұрарлық. Соның бірі – өңірде жүйелі қызметімен абырой арқалап жүрген Қарасай аудандық «Қазпошта» мекемесі. 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне орай аталған мекеменің басшысы Ерболат САРҚҰЛОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ерболат Сәлімбайұлы, сіз басқарып отырған ұжымның облыс көлемінде алдыңғы қатарда келе жатқанын жақсы білеміз. Биылғы еңбек көрсеткіштеріңіз қандай деңгейде? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Сауалыңызға рахмет. Қандай кішігірім ұйымның болса да, өлшемі атқарған жұмыстарына қарай бағаланады. Бұл жағынан келгенде біздің ұжымның қалысар жері жоқ. Олай дейтінім, жылдық көрсеткіштер бойынша әрқашан да алғы шептен көрініп келеміз. Бүгінде жарты жылдан астаму уақыттағы көрсеткішті де көңілден шығатындай аяқтап отырмыз. Оны тізбелеп айтудың өзі ұзақ әңгіме. Жыл да аяқталып келеді. Біз көрінген биіктен ешқашан да төмендеп көрген емеспіз. Жұдырықтай жұмылған ұжымымыз жылды ұйымшылдықпен аяқтайды деген берік сенімдеміз. Бұл сұрағыңызға менің берер жауабым осы.
– Сіздер халыққа қандай қызмет түрлерін көрсетесіздер? Осы жағынан да кеңінен түсініктеме беріп өтсеңіз.
– Поштаның қызметі күрделі жағдайда жүретінін халықтың арасында екінің бірі біле бермейді. Бұлай болатынын күнделікті жұмысымыздан көзге көрініп жүр. Біздің жұмысымыздың анық-қанығына сонда ғана халықтың көзі жетуде. Біз әр тараптан келетін адамдардың дау-дамайына мінсіз қызметіміздің арқасында ғана ілікпейміз десем, қате айтқандық емес. Соның нәтижесінде игілікті жұмыстарымызды ілгерілетіп, іс жүзіне асырудамыз. Қойылған сұрағыңызға орай жауап беретін болсам, біз халыққа екі қызмет түрі бойынша қызмет көрсетеміз. Атап айтқанда, оның біріншісі қаржылық қызмет болса, екіншісі хат-хабар және адамдар арасындағы жолданып жататын сәлемдеме мен мерзімді басылымдарға жазылу деп аталады. Күнделікті баспасөз саласындағы әлемдік, республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға халықтың жазылу талап-тілектерін және өтініштерін орындау – біздің тікелей міндетіміз. Аталған қызмет түрлерін біз шаш-етектен келетін қиындықтарға қарамай, жүйелі түрде жүргізіп келеміз.
– Осы жерде өңірдегі «Қазпошта­ның» техникалық әлеуеті қандай деген сұрақ қойғым келіп отыр. Зама­науи техникаларға мұқтаждық жоқ па?
– Рас, біздің жұмыстың түйіні осыған тірелетінін қалай жасырайын? Айтып кеткен қызмет түрлерінің басым көпшілігі техника арқылы атқарылады. Қажетті техникалардың тоқтаусыз жүруі біздегі проблема атаулыны шешуге жол ашады. Осы жерде менің мына бір жайды баса айтқым келеді: бізде және біраз ауданда қолдағы бар автокөліктердің бірқатары аяқ астынан істен шығып қалады. Оның себебі жоқ деп айта алмаймын. Неге десеңіздер, ауадай қажетті техникаларымыздың біразы ескіріп кеткен. Десек те, соңғы уақыттарда жақсы жаңалық та бар екенін айтуға тиіспіз. Біртіндеп қатардағы техникаларымыздың жаңарып жатыр. Аз болса да осының өзі біз үшін үлкен қуаныш! Біз осыны дәтке қуат санаймыз. Бірақ техникаға мұқтаждық бар, оны жасыра алмаймыз.
– Ұжымда жұмыс жұмыла атқарғанда ғана нәтижелі болады. Осы тұрғыдан алғанда сіздің ұжымыңызда ортақ мақсат жолында жан-тәнімен жақсы қырынан көрініп жүрген мақтаулылар жөнінде кімдерді құрметпен атар едіңіз?
– Ұжымымыздың ел алдында еңсесін тіктеп ұстап жүруінің өзі біз үшін үлкен абырой деп санаймын. Ұжымдағы әрбір адам өз жұмыс­тарына әрдайым жауапкершілік тұрғысынан қарайды. Олардың ішінде елгезектігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп жүргендер аз емес. Мәселен, өзімнің орынбасарым Сәуле Мұратбекова, бас есепшіміз Қарлығаш Нұржанова, операторлар Жадыра Жылгелдиева, Ардақ Отынтаева, Рәбия Сабаншиева, Алина Мамытбекова, Айнұр Дүйсенбетова, Танаш Досниязоваларды, хат тасушылардан ерлі-зайыпты Нұрман және Нұргүл Ысқақоваларды, Ира Кокотина, Наташа Корпенка, Жанар Сәбитова, Дилбар Құсбергенова, Маргарита Стадникова, Зейнат Асыратоваларды ерекше мақтан тұтамын.
– Жыл болса аяқталып келеді. Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Кімнің болса да келер күн мен жылдардан күтері көп. Сондықтан да біздің жұмысымыз жоспарсыз болған емес. Осы жылды жемісті аяқтап шығу – басты мақсатымыз. Содан кейінгі келер жылға да артар үмітіміз жетерлік. Соны ойдағыдай орындап отырсақ, біздің мақсатымызға жеткеніміз!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қарасай ауданы