Перейти к содержимому
Главная страница » Нақты қадамнан – нәтижеге!

Нақты қадамнан – нәтижеге!

     Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оның ғылым-білім саласында қолдану аясын кеңейту – басты бағыт. Осы орайда Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың атқарып отырған жұмыстары аз емес. Бүгінгі сұхбатта аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрмаман ОҚАСПЕН мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және өрісін кеңейту жолындағы жұмыстар жайын сөз еттік.

– Нұрмаман Төкенұлы, мемлекеттік тіл мәселесі өзінің өзектілігін ешқашан жойған емес. Бұл орайда атқарылған ауқымды жұмыстар да жетерлік. Әңгі­меңізді өңірдегі бірыңғай тіл саясатын жүзеге асыруға құзыретті мекеменің мақсат-міндетінен бастасаңыз.
– Елімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР Тіл туралы Заңы және Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамыту­дың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіледі. Осы жылдың 7 ақпанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында облыста атқарылған жұмыстар туралы сол кездегі басқарма басшысы Данияр Ахметов баяндама жасаған болатын. Атқарылған жұмыстарға министрлік тарапынан оң баға беріліп, тәжірибемізді барлық өңірлерге тарату тапсырылды. Осыған байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетімен бірлесе отырып, 24-25 сәуір күндері Қонаев қаласында «Мемлекеттік тіл саясаты: озық тәжірибелер мен инновациялар» тақырыбында республикалық деңгейде семинар-кеңес өткіздік.
Іс-шара барысында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілді цифрландыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған ІТ-өнімдерді әзірлеу, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру, тіл заңнамасының сақталуына бақылау жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен бірге қазақ тілін цифрландыруға қатысты платформалардың таныстырылымы өтті.
Тіл саясатын іске асырудағы заңнамалық жұмысты жетілдіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға тілдерді дамыту саласы бойынша қосымша функция­лар жүктелді. Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік мекемелерде тіл туралы заңнаманың орындалуына тексеру жүргізу құзыреті берілді. Осыған байланысты осы жылдың бірінші жартыжылдығында Іле ауданы мен Қонаев, Алатау қалаларының әкімдіктері және оларға қарасты бөлімдерге тексеру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
– Мемлекеттік тілді үйретуде тілдік шаралардың маңызы ерекше. Осы бағытта басқарма қандай іс-шараларды ұйымдастырып отыр?
– Басқарма тарапынан облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, биылға 30-ға жуық іс-шара жоспарланды. Ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы назардан тыс қалған жоқ. Облыстық, республикалық семинарлар мен дөңгелек үстелдер де тіліміздің маңызын арттырды.
Осы жылдың үлкен жобасы тіл фестивалі болды. Бұл фестивальдер араға 15 жыл салып, қайта жанданды. Наурыз бен қыркүйек айлары аралығында аудандық деңгейде тіл мерекелері өткізілді.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай облыстық тіл фестивалінің қорытынды шарасы облыс әкімдігінің қолдауымен Ұйғыр ауданында кең көлемде ұйымдастырылды. Шараға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Керімбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитеті басқармасының басшысы Қ.Рахымжан, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, тіл жанашырлары, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Фестиваль қорытындысы бойынша бас жүлде Ұйғыр ауданына, І орын Талғар ауданына, ІІ орын Жамбыл және Кеген аудандарына, ІІІ орын Алатау қаласы, Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарына бұйырды. Сондай-ақ облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығымен тілге еңбегі сіңген азаматтар марапатталды.
– Қызмет көрсету саласында қазақ тіліндегі көрнекі ақпараттар мен жарна­малардың сапасы көңіл көншітпей­тіні белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің заңға сәйкес қолданылуы – басқарманың тұрақты бақылауындағы мәселе. Дегенмен заңға сәйкес бұл түйткілді жергілікті органдардың өздері шешпейді, оған қоғамдық ұйымдар мен тұрғындар да атсалысуы керек. Кез келген азамат заңбұзушылықты анықтаса, басқармаға өтініш білдіре алады.
Өтініш негізінде кәсіпкерлік иелері шақырылып, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптары түсіндіріледі. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабына сәйкес шара қолда­нылады. Мәселен, өткен жылдың мамырынан бері түскен өтініштер бойынша 22 кәсіпкерге ескерту беріліп, хаттамалар толтырылды.
Жыл сайын облыс бойынша «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы өткізіліп, белсенді азаматтар марапатталады.
– Облыстағы тіл оқыту орталық­тарының жұмысына тоқталсаңыз.
– Қонаев қаласында «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және аудандарда оның 11 филиалы жұмыс істейді. 2022 жылмен салыстыр­ғанда екі филиал қосылды. 2024 жылғы 9 қаңтардағы Президент Жарлығына сәйкес Жетіген ауылы мен оның айналасындағы бірқатар елдімекен аумағы Алатау қаласы болып өзгертіліп, сонда жаңа филиал ашылды.
Биылғы І жартыжылдықта мемлекеттік тілді оқыту курстарында 1306 тыңдаушы білім алды, оның ішінде 387-сі – этнос өкілдері. Сонымен қатар ағылшын тілін оқыту курсына 314, орыс тілі курсына 60 тыңдаушы қатысты.
Тіл үйренудегі басты қиындық – уақыт тапшылығы. Сондықтан оффлайн сабақтармен қатар онлайн форматтағы оқыту енгізілді. Қазір 283 адам онлайн білім алуда. TilOquBot атты Telegram чат-бот іске қосылып, 2382 тыңдаушы тіркелді. Оның 52%-ы – шалғай ауыл тұрғындары.
– Алдағы уақытта қандастарға арналған курс ашуды қолға алып жатыр екенсіздер.
– Иә, арнайы бағдарлама әзірленіп, қандастардан құралған топтар жасақталды. 11 тамыздан бастап мемлекеттік тілді оқыту курстары басталды. Сонымен қатар бейімделуіне ықпал ету мақсатында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, несие алу тәртібі түсіндірілуде.
– Ономастика саласында қандай жаңалықтар бар?
– Мемлекет басшысының 2024 жылғы 9 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Жетіген ауылының аумағы Алатау қаласы болып өзгертілді. Сонымен бірге Іле, Кеген, Талғар аудандарындағы 12 ауыл мен ауылдық округтің атауы жаңартылды. Бердібек Соқпақбаевтың, Заманбек Нұрқаділовтің, Сағадат Нұрмағамбетовтің, Жақсылық Үшкемпіровтің, Нұрғиса Тілендиевтің есімдері бірқатар мектеп пен көшелерге берілді. Облыстағы 600-ден астам көшенің атауы кезең-кезеңімен өзгертілуде. Жеңістің 80 жылдығына орай 73 ардагердің есімі көшелерге қойылмақ. Бұл жұмыстар жан-жақты пысықталып, Президент Әкімшілігімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе атқарылып келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Құралбек СӘБИТОВ