Кеген ауданына апаратын күрежолды талапқа сай кеңейтіп жатқан қызу еңбекті көріп, заманауи демалыс орнына аз-кем аялдағанда, реттілікке һәм тазалыққа сүйсінбеске әбді қалмады. Тау бөктерінде жайылып жүрген төрт түліктің дала сәніне айналғаны өз алдына, алқаптарда тербеле өскен дәнді дақыл, шабындықтарда сықасқан шөп орамдары көз тояттатады. Өндіріс орындарының, туристік саябақтар мен қонақүйлердің орналасқан жеріне сілтеме жасалып, жол ережесіне сәйкес орнатылған белгілерді оқи отырып, аудан аумағында өндіріс пен демалыс орындарын салу қатар қолға алынғанын аңғарғанымызды айтқызбай ұққан Кеген ауданының әкімі бұл істің кәсіпкерлер көмегімен жүзеге асқанынан құлағдар етті. Қалталы азаматтарға арнайы ұсыныс түсіре білгендіктен қазір 25 нүктеде гидроэлектр стансаларын салуға зерттеу жүргізіліп жатса, бүгінде 2 гидроэлектр стансасын орнату жұмысы басталып кетіпті. Күн электр стансасын орнату жұмысы да ұмыт қалмаған. Патша балығы – форель, бал арасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секілді үлкен сұранысқа ие өндіріс орындарын салуға инвесторлар кезек-кезегімен келетіні тағы бар. Өңірдегі қайнаған тіршілікті көзбен көріп, көңіл түкпіріне түйіп отырғанымызда, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың «Құдайдың беріп тұрған игілігін халық қажеттілігін өтеуге пайдалана білу керек» – деген сөзі көкейдегі көп ойды дөп басып, ресми сұхбатымызды бастап жібердік.
– Нұрбақыт Молдахметұлы, мемлекеттік қызметте жауапкершілікті іскерлікпен, біліммен, тәжірибемен айқындап беретін аудан әкімі лауазымындағы алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
– Жердің, елдің алдындағы перзенттік парызды жоғары деңгейде өтеу мақсатындағы алғашқы қадамым осы Кеген ауданы әкімі қызметінен басталды. Бұл жұмысқа дейін мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдақтарынан өттім. Қарапайым отбасында 11 баланың бірі болып өстім. Жаз жайлауда, қыс қыстауда мал шаруашылығымен айналысқан әкем Молдахмет, анам Рысжан ата-баба ұлағатын бойыма сіңіріп, ұлттық тәрбиенің қайнар көзінен сусындатты. Мектеп қабырғасында жүргенімде Панфилов ауданы Үшарал ауылында грек-рим күресінен үйірме ашылып, соған ішкі екпінмен құлшына барып, бірден қабылдандым. Кейін үлкен спортқа қадам басқанда аттары әлемге әйгілі тұғырлы тұлғалар – Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыздың тәлімін көрдім. Ол кісілердің «Сендер осы спорттағы табандылықтарыңнан таймасаңдар, болашақта Қазақстанның Көк байрағын әлемнің әр түкпірінен желбіретесіңдер. Елдің намысын қорғайсыңдар. Ел алдындағы жауапкершілікті жете сезініп, шетелдерге барғанда қазақ жігіттерінің мықтылығын көрсетіп, дәлелдеңдер» деген сөздері санамызға сіңіп қалды. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, спорт саласында Көк Туды желбіреттік. Өмірдің өзі жеңіс пен жеңілістен тұратынын да сол ағалар үйретті. Өмірдің ыстық-суығын басымнан өткізген спорт үлкен тәрбие берумен қатар шыңдады.
Спортта біраз белесті бағындырдым. Жетістік жолындағы барлық қажеттіліктеріме мемлекет қолдау көрсетті. Спортты қойған соң, сол кездегі облыс әкімінің ұсынысымен Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалып, 5 жылдай қызмет еттім. Күні-түні тынбай еңбек етіп, облыс спортын дамытуға тырыстым. Соның арқасында болар, спорттағы жетістіктері бойынша Алматы облысы республикада алғашқы орыннан көрінді. Енді Кеген ауданында маған дейін Жолан аға Омаров бастаған игілікті істерді жалғастырып, өңірді жаңаша дамытуды қолға алудамыз.
– Ел басқару, халықпен етене жұмыс істеу оңай іс емес. Осы орайда мемлекеттік қызметкердің бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз? Жергілікті мамандардың, әлбетте орынбасарларыңыздың, мекеме басшыларының кәсіби біліктілігін сараптағанда қандай мәселеге мән бересіз?
– Елге қызмет етудің бір тармағы мінезден бастау алады. Сол себепті бірінші кезекте халықпен тіл табыса білу керек деп ойлаймын. Елмен етене һәм қоян-қолтық араласа жүріп істелген жұмыс нәтижелі болары сөзсіз. Кезінде аса көрнекті саяси тұлға болған Ораз Жандосов басқарған аудан тізгінін ұстап, жауапкершілікті мойныма алған соң, аудан әкімі қызметін абыроймен атқарып, халық жадында тек жақсы істеріммен қалғым келеді. Ер-азамат болған соң ауданды басқару – бізге үлкен міндет. Сондықтан жұмысымды адал әрі жауапкершілікпен атқарғым келеді. Қолдап отырған ел-жұртыма ризамын. Бұл істе маған сүйеу болып, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған аға, әпкелерімізден бастап, қатарымызда функционалдық міндетін адал атқарып жүрген әріптестерімнің еңбегі зор дер едім. Сол кісілердің ыждаһатты еңбегінің әрі аудан жұртшылығының қосып жатқан зор үлесінің арқасында өңіріміз өркендеп келеді. Әлі де атқарылатын іс шаш-етектен. Кең-байтақ жерімізде, елімізде ат төбеліндей ғана болып көрінетін Кегенді республика жұртшылығы, шетел туристері іздеп келіп, тамсанып кететін, барлық жағынан дамыған өңірге айналдырсам деген асыл арманым бар. Сол арманға жол ашатын құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм секілді сан алуан саланың мықты мамандары арамызда жүр. Қай істі де өз ісінің шынайы шеберлерімен ақылдаса отырып жұмыс атқарып, өңір дамуына серпін беріп келеміз.
Мемлекеттік қызметкердің бойында болуы тиіс тағы бір үлкен қасиет – қарапайымдылық. «Ұлық болсаң – кішік бол» деген қазақы даналықты берік ұстанып келеміз. Бұл ретте Дінмұхамед Қонаев атамыздың «Қанша биік болсам да, халқымнан аспадым» деген сөзін жадыма түйіп қойғанмын. «Ұғына білсеңіздер, «әкім» деген сөздің өзі үлкен жауапкершілік жүктейді», – деп ауыл әкімдеріне үнемі айтып отырамын. «Қазір қолдарыңызда кішкентай болса да билік бар шығар, соны жеке бастарыңызға пайдалансаңыздар, оны халық кешірмейді. Адал қызмет істесеңіздер, ел-жұрттың алғысына бөленесіздер. Жақсы не жаман қызмет етсеңіз де, халық өз бағасын береді», – деп айтып отырамын. Қазір әкімдерді, мемлекеттік қызметшілерді көптеген адам жемқор санайды. Сөзінде тұрмайды деп сенбейді. Сондықтан бір ұстанымым – әкімдіктің беделін көтеру. Мемлекет басшысы, облыс әкімі үлкен істі тапсырып, ел-жұрт қолдап отырған кезде қолымнан келгенше халық игілігі үшін қызмет етіп, әкім деген жақсы атқа лайық болсам деймін.
– Аграрлы ауданда өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, бөлінген қаражатты игеру мәселелері қалай шешілуде?
– Аграрлы аудан дегенде алдымен айтар бір сөз Кеңес одағы тұсында Кеген, Нарынқол аудандарында миллионнан астам қой өсіріліпті. Жұмыс қайнап жататын. Оның шетін малшының баласы ретінде көрдім. Қарапайым халық қазір де қарап отырған жоқ. Шама-шарқынша мал бағып, егін өсіріп, өз қажеттеріне жаратуда. Соңғы жылдары мал саны өсіп, егістік жер көлемі де кеңейе бастады. Ауқатты шаруалар көбейді. Егін егу жұмысының бастауында су мәселесі тұр. Оны реттеу үшін ірі каналдарды қалпына келтіріп, халық қажеттілігін өтеу қажеттігі туды. Бұл іске облыс әкімі қолдау көрсетіп отыр. Каналдарды жөндеу жұмысы толық аяқталса, ауданымызда 920 гектар жер суғарылатын болады. Шаруаға бұл үлкен көмек. Жалпы ауданымыздағы 30 мың гектарға жуық егістік жердің 20 мың гектары дәнді-дақылдарға арналған.
Инвестиция тарту бойынша 2023 жылы ауданда 4 жоба іске асса, биыл 38 инвестициялық жоба жасалып, ретімен жүзеге асырылуда. Соның 11-і қарқынды жүріп жатыр. Құны 2,5 млрд теңге болатын «КегенМясопром» ет комбинаты салынды. Таяуда іске қосылады. Сонымен қатар 50 жұмыс орнын қамтитын «СПК Талас» сүт өңдеу фермасы жылына 300 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бұл ретте былтыр сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдары сатылып алынған. Тұйық ауылында 75 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 500 тонна жер асты тау кенін өндіретін «СлаваМұнайСервис» ЖШС жұмысын бастауға әзірлік жасауда.
Ауданымызда төрт түлікті түлетумен қатар, балық шаруашылығын дамытуға мейлінше көңіл бөлінеді. Осы ретте «7 Colors» ЖШС Кеңсу өзені бойында форель өсіру жұмысын бастап кетті. Жобаның құны 200 млн теңге болатын өндіріс орны 18 тұрақты жұмыс орнын ашып, жылына 500 тонна форель балығын талапқа сай дайындамақ. Қазіргі таңда балықтары сатылымға шыға бастады. Бестөбе су қоймасында былтыр ашылып, балықтарын бөлшек саудаға шығарған форель шаруашылығының жұмысы өз алдына жүріп жатыр.
Бал өндіру жұмысын да қолға алдық. Польшада бал арасын өсіру, күту, баптау секілді жұмыстың арнаулы оқуын оқып келген білікті маманды арнайы шақырып, сұраған жерін заңдастырып беріп, тұрмыстық жағдайын жасап, бал арасы шаруашылығының жұмысын жолға қойдық. Ол бал арасын асылдандыру бойынша ғылыми тұрғыдағы жұмысын бастап кетті. Бұған кәсіпкерлер де, қарапайым шаруалар да қызығушылық танытып отыр. Соның негізінде Кеген ауданында ара шаруашылығы ассоциациясы құрылды.
Ауданымызда туризм саласы даму үстінде. Көлсай көлдерінде әлемдік стандартқа сай мейрамханалар қызмет көрсетуде. Шымбұлаққа шығатын қанатты жолдарды салуға инвесторлардан ұсыныстар түсуде. Орта Меркі, Шет Меркіні туризм тұрғысынан дамытуға да инвесторлар қызығушылық танытуда.
Инвестиция тарту дегенде айтарым, кәсіпкерлерге мүмкіндік жасай білсек, өздері шаруаны дөңгелетіп алып кетеді. Әлбетте, олардың ішінен де жұмысты жүргізе алатын іскер жанды тани білу керек. Сұраған жанға мемлекет қорынан гектарлап жер телімдерін бөліп бере салуға болмайды. Кәсіпкер өзінің іс жүргізуге қабілеттілігін толықтай дәлелдегенде ғана келісімшарт жасалады. Бізді қуантатыны – инвесторлардың көптеп келіп жатқаны. Өйткені ауданда мүмкіндіктер өте көп. Тек тетігін тауып, жұмыс істей білу керек.
Облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан осынау істерді бағалап, аудандық бюджет көлемін екі жылда екі есеге өсірді. Сан саладан түсетін салық көлемі де еселеп артуда.
Әлеуметтік салада да алға жылжу бар. Биыл 15 жаңа медицина мекемесі пайдалануға берілмек. Алты мектепте жөндеу жұмысы жүргізілуде. Сегіз елдімекенге ауызсу тарту үшін қажетті құжаттарды дайындап, республикалық бюджетке тапсырыс беріп қойдық. Жалпы, ауызсу, интернет мәселелеріне байланысты былтыр ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев келіп, тұрғындар ұсынысын тыңдап кеткен соң, салалық вице-министр арнайы келіп, тиісті орындарға ұсыныс түсіріп, мәселені шешу жолын қарастырды.
– Құқық қорғау органдары, сот жүйесінің басшылары тұрғындар үніне құлақ аса ма? Аталған салалар қарапайым халыққа қолжетімді ме?
– Әлбетте, тұрғындардың талабы бірінші кезекте ескеріледі. Қазір – интернет алаяқтық белең алған уақыт. Біздің аудан тұрғындары да осы мәселемен жиі бетпе-бет келеді. Әсіресе несие рәсімдеу бойынша алаяқтық белең алғандықтан ішкі істер, прокуратура органдары жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Қылмысты тоқтату, алдын алу мақсатында аудан аумағында 700 бейнекамера орнатылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатындағы ел алдында есеп беру жиынына мекеме басшылары ғана емес, құқық қорғау органдарының жауапты тұлғалары да қатысады. Қандай да бір мәселе көтерілсе, сол жерде халық алдында жауап береді. Бұл – заң талабы. Біз өз тарапымыздан елдің өтініш-тілегі, арыз-шағымы заңнама шеңберінде орындалуына ықпал етеміз. Тұрғындар мәселесін шешу негізгі мақсатымыз болғандықтан, бұл тұрғыда облыс әкіміне есеп беріп отырамыз. Халықпен етене байланыс орнатқанымыздың нәтижесі болар, әлеуметтік желідегі жеке парақшама «мал ұрланды», «су тасыды» деген сынды хабарламалар көпшіліктен көп түседі. Осы ретте де құқық қорғау, басқа да сала өкілдерімен бірлесе жұмыс жасаймыз.
– Кеген ауылының қанаты жайылып, сәнді де сапалы тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл халықты баспанамен қамтуға қаншалықты ықпал етуде?
– Тұрғын үй кезегінде 500-ден астам адам тұрған еді. Солардың басым бөлігі – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған көпбалалы аналар, асыраушысынан айырылған жандар. Мұқтаж жандарға алдыңғы жылы – 20, былтыр 30 тұрғын үйдің кілті табысталды. Бірақ 50 тұрғын үймен 500 адамның мәселесін шеше алмайтынымызды ескеріп, облыс әкімінің қабылдауына арнайы жазылып, Кеген ауданы халқын баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтердік. Нәтижесінде биыл 65 шаршы метрден астам 72 тұрғын үй беріледі. Сонымен қатар 25 пәтер салу бойынша жоба жасадық. Оның да инвесторы анықталып, қаражаты бөлінді, құрылыс жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ 1498 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
– Күні кеше ел байрағын желбіреткен спортшы ретінде ауыл спортын дамытуға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Ауданымызда үлкен спорт кешені жұмыс істеп тұр. Оның сыртында екі спорт мектебі бар. Оның бірі қысқы спорт түрлеріне, енді бірі ұлттық спортқа арналған Мүмкіндіктер молынан жасалғандықтан 1000-нан астам бала әртүрлі спорт үйірмесіне қатысып, өз деңгейлерінде жетістіктерге жетуде. Ал өнер мектебінде 900-ден астам бала шыңдалуда.
– Осы атқарылған істердің ішінде өзіңізге шабыт берген, айрықша әсер еткен, көңіл көкжиегіне тоқыған сәтті айта кетсеңіз.
– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған Заманбек Нұрқаділов атамыздың туғанына 80 жыл толуына орай Ақордада бюст орнату жұмысының басы-қасында жүрдім. Кеген ауылына кіреберісте орнатылған еңселі бюсттің ашылу рәсіміне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, игі жақсылар бас қосты. Қарапайым халық шадыман-шаттыққа бөленіп, үсті-үстіне ағылды. Заманбек Нұрқаділовке қойылған ескерткіштің айналасын көгалдандырып, жайнатып, жарқыратып қойдық. Міне, осы қуанышты сәттердің басы-қасында жүруім ерекше әсер сыйлады. Ары қарай да жұмысымды бар ынта-жігермен атқаруға күш-қуат берді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрбол Әлдібаев
Кеген ауданы