Ұрпақ тәрбиесі – бүкіл ұлттың болашағына жасалған үлкен қамқорлық пен шексіз мейірімнің мінсіз үлгісі. Рухты ұл-қыздардың, жалындаған жігерлі жастардың өсіп-өнуіне үлгі-өнеге болып, бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүрген жандар аз емес. Осынау киелі міндетті мойнына алып, жас ұрпақтың елі мен жеріне деген құрметін мектеп қабырғасынан оятып, оқушылардың бойына патриотизм рухын сіңіретін алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің еңбегі ерекше. Ұрпақ тәрбиесі сынды ұлы іске саналы ғұмырын арнаған азаматтың бірі – запастағы капитан, ардагер-ұстаз Әсет Алжанбай.
Болашақ Отан қорғаушыларды әскери өмірдің әліппесімен таныстырып, туған жердің туын биік ұстар, жалынды жас, адал азамат тәрбиесіне тереңнен ден қойып, талай жыл білім саласында еңбек еткен Әсет Көшербайұлы бүгінде жетпістің ортасына келді. Десе де, жастайынан қоғам өміріне белсене араласып, үнемі көптің ішінде, топтың басында жүрген ағамыз қоғамнан сырт қалмай, қарым-қабілеті мен көрген-білгенін соңынан ерген жас мұғалімдерге үлгі етіп, білім ошақтарында ұрпақ тәрбиесіне қатысты іс-шаралар ұйымдастырып, аудандағы ауқымды істердің басы-қасында жүр.
Биыл Әсет Көшербайұлы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері, Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев және ардагер-полковник Қараби Мұқамбетқалиевпен Шелек политехникалық колледжінде керемет кездесу ұйымдастырды. Оқушылар ғана емес, мұғалімдер де бұл басқосуда өмірлік азық болар мол мағлұмат алды. Сын сағатта тәуекелге барып, бір отбасын жалындаған өрттен аман сақтап қалған Халық қаһарманы Азамат Жұмаділовпен аудандағы бірнеше мектепте кездесу ұйымдастырған Әсет аға жастарға үлгі болар осындай арда азаматтардың игі істерімен өскелең ұрпаққа азаматтық борыштың не екенін шынайы мысалдармен түсіндіріп, балалардың бойына батылдық пен қайсарлықтың дәнегін себуді міндет санайды. Бұл парызды адал атқарып, ел алдында еңсесін биік ұстап жүрген ағамыз биылдың өзінде аудандағы білім ошақтары мен Мәдениет үйлерінде бірталай іс-шараның өтуіне мұрындық болды. Оның ішінде қоғамға белгілі, елге еңбегі сіңген, өз саласының майталмандарымен өткен кездесулердің ел есінде көпке сақталып, басқосулардан алған әсер балаларға қанат бітіріп, жадында жатталып қалары сөзсіз.
«Саналы ұрпақ – сапалы болашақтың кепілі» дегенді ту етіп, жігерлі жастардың тәрбиесіне барынша үлес қосып, білім саласында еңбек етіп, 28 жыл әскери ұстаз болған Әсет Көшербайұлының осынау еңбегі ешқашан елеусіз қалған емес. Әркез аудан, облыс басшылығының атынан Алғыс хат алып жүрген ағамыз биылғы мерейтойында ТМД елдеріне танымал генералдар бастаған, облыстық, аудандық қорғаныс істері, білім басқармасы, облыстық кәсіподақ, аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы атынан құрмет-қошеметке ие болды. Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Б.Дәркенбаев «Панфилов дивизиясының құрылғанына 75 жыл» төсбелгісін тапсырса, Д.Қонаев қорының вице-президенті Д.Жанботаев Қонаев атындағы «Мерей» орденімен марапаттады.
«Капитан шеніндегі бар мені Ащыбұлақ ауылындағы интернационалист-жауынгер А.Бубенцов атындағы орта мектебіне директордың әскери патриоттық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп жіберді. Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі тек сабақ берумен шектелмей, мектеп оқушыларына әскери патриоттық тәрбие беруде өткізілетін іс-шаралар, кездесу-жиындардың маңызы зор. Сол басқосуларда оқушылар аңыз адамдардың өмір жолын өнеге тұтып, ақсақалдардың ақ батасын алып, үлкендерге қарап бой түзесе деген алдыма үлкен міндет қойдым. Ол міндетімді шамам келгенінше атқардым», – деген Әсет аға ұстаздық ете жүріп, балалармен бірге көп жақсының батасын алғанын айтты. Иә, ақсақалдардың ақ батасы мен жол көрсетер ағалар барда ел абыройын асқақтатар ұл-қыздарымыздың қатары арта бермек.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы