❄️
-1°C
Қонаев
Жексенбі, Желтоқсан 21, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Өнермен өрілген өмір

    25.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет
    Өнермен өрілген өмір
    0
    SHARES
    4
    VIEWS

         Ол – өнерге, сахнаға ғашық. Ол – Алла берген талантын дүние жолында тәрк етпей, адалдықпен күзетіп келеді. Ол – әр сомдаған рөлін жанымен, барымен ойнайтын жан. Ол – ақиқаттың алдында бүгежектемейтін, әділдікті әлімсақ­тан жанына жақын еткен тұлға. Ол – аталы сөзден алшақ кетпеген, қазақтың рухы мен ұлттық санасына адал. Ел десе, ет жүрегі езіліп тұрады. Бастысы, өнердің қадірін асырып, сахнаның құдіретін жан-тәнімен сүйетін жан. Ол – Бекжан Тұрыс.

    Алғашқы сахна

    Қарадаланың қойнауында аядай ғана Шошанай деген ауыл бар. Құты қашпаған, қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл. Осы елдімекенде, Тұрыс қарияның отбасында 1965 жылы атұстар азамат дүниеге келеді. Бекжан деп азан шақырып атын қояды. Ауылдың бар баласындай Бекжан да шыбықты ат қылып мініп, ұзақ күнге дала кезіп кетуші еді. Бірақ ол басқа балалардай тек ойынның түбін түсірмей, ауылдағы қарттардың қазақы әңгімесін тыңдап, олардың әр қимылын бақылап қайтатын. Асаубайдың кішкентай ғана сарыауыз балапанының сол кезде бүкіл қазақты аузына қаратар, өнерімен тәнті етер тұлға боларын ешкім де сезбеген еді.
    Мектеп қабырғасында жүрген кезі. Шамамен үшінші, төртінші сынып оқушысы. Ауылдың клуб меңгерушісі Медиев Кемелбай қарияның қасынан бір елі қалмайтын. Арман-мақсаты біреу. Алда келе жатқан мерекеде клубтың сахнасына шығып, өнер көрсетпекші. Анау-мынау емес, қырғыздың «Ой, тоба» әнін айтпақшы. Ол кездің талабы да, тәртібі де басқа ғой. Оқу үлгерімінде үштік бағасы бар бала сахнаға шыға алмайды. Ал Бекжан ағамыз осы жағынан келгенде сәл әлсіздеу болса керек.
    «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қағиданы жанына түйген Кемелбай қария бала Бекжанның өнерін сынап көрмекші болады. Амалын тауып, сахнаға шығарады. Талантты адам үшін жастық та, қарттық та кедергі болмаса керек. Небәрі он жастың айналасындағы бала Бекжан бірінші шыққаннан-ақ елді өзіне баурап, қыран-топан күлкіге қарқ етеді. Сахнада рөлге беріле ән айтуы, тіпті ішіне жастық тығып, белін тарта байлап, басына құлақшынды қыстырып, қарттың келбетіне ене қалған түрі де, дауыс ырғағы да, бәрі дайындықпен келгенін көрсетіп тұрды. Осы бір реттік әнінен кейін бүкіл ауыл әр мереке сайын Асаубайдың баласының сахнаға шыққанын асыға күтетін. Бұл туралы сексенге аяқ басқан Кемелбай қария былай дейді: «Ол кезде қазіргідей әртіс деген көп емес. Бекжан бірінші рет сахнаға шыққаннан-ақ жарқ етті. Содан екеуміз бірлесе жүріп, шама-шарқымызға қарай әзіл-қалжыңы араласқан қысқа қойылымдар дайындадық. Бекжан шал-кемпірдің рөлін айнытпай салатын. Сахнаға шықса болды, бейне бір көпті көрген жандай емін-еркін ойқастайтын. «Есегім-ай» әнімен де елді күлдіріп, біраз жұртты аузына қаратты», – деп бала Бекжанның сол кезден-ақ нағыз сахнаның адамы екенін айтып берді. Домбыра тартуға да әуес еткен Кемелбай ағамыз екен. Бекжан Тұрыс бүгінде Кемелбай қарияны өзінің алғашқы ұстазы санайтыны да осы себептен болса керек. Осылайша мектепті бітіріп кеткенше ол Шошанайдың сахнасын мойындатты. Алда қазақтың сахнасын мойындату мақсаты тұрды.
    Бір-бірін бес саусақтың саласындай жақсы танитын аядай Шошанайда бір-бірінің үйіне емін-еркін кіріп шыға береді. Солардың бірі Бекжан ағамыз екен. Үйде отырған жандар сырттан «Әй, атаңның аузы, кім бар ей?» деген ақсақалдың немесе «Әй, шешектер, бұл кімнің үйі-ей?» деген кемпірдің дауысы шыға салысымен үйге қонақ келіп қалды деп сүріне-қабына сыртқа жүгіретін. Бірақ қарсы алдында Бекжаннан басқа жан жоқ. Әу баста түсінбей әлек болады. Кейіннен осының бәрін істеп жүрген бала Бекжан екенін біліп, мәз-мейрам болатын.
    «Мен Бекжанға бастауышта бір жылдай сынып жетекші болдым. Кейіннен дене шынықтырудан сабақ бердім. Оқушылар волейбол ойнайтын топқа бөлініп, ойын қыза бастағанда Бекжан допты ұмытып, балалардың арасында жүріп, шал-кемпірдің дауысын салып күлдіріп, қарсы топты ойнатпай қоятын. Сөйтіп, кейде сабақтың аяғы оның әзіліне жалғасып кететін», – деп бала Бекжанның небір естеліктерін жіпке тізді алғашқы ұстаздарының бірі болған Тұрарбек Шыныбаев.

    Ғашық жан

    «Шынымды айтсам, қой баққанды жақсы көретінмін, ондағы ойым, қазақтың кең-байтақ даласын сахнаға айналдырамын. Таңертең қойды жайып жібергеннен соң өзім актер, өзім режиссер, Қыз Жібек, Төлеген болып, астымдағы атпен әрі-бері шапқылап, бірнеше рөлдің образына енемін. Актер болсам деп армандадым. Елубай Өмірзақов, Әнуарбек Молдабеков сынды ағаларымның өнеріне тәнті болып, сол кісілерге қатты еліктедім», – дейді Бекжан ағамыз бір сұхбатында. Сол арман жетектеп отырып Алматыға әкелді. Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының студенті атанды. Қасиетті қара шаңырақта Шолпан Жандарбекова сынды ұлы тұлғалар­дың тәрбиесін алды. Үшінші курстан Әзірбайжан Мәмбетов театрға, қара шаңыраққа алдырады. Міне, сол күннен бастап М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек етіп келеді.
    «Ұят болмасында» Ақылбай қарт болып, ұрпағына ақылын айтты. «Жетпіс жеті күнде» әзілмен өмірдің кейбір тұстарын түйреді. Қазақ вальсінің королі Шәмші болып шырқады. Қырманбай шал болып елдің езуін жидырмады. Абай болып, әділдіктің шырағын жақты. Бекжан Асаубайұлы қай рөлде, қай жерде болмасын, бар жан-тәнімен өзіне жүктелген жауапкершілікті орындайтын. Ол туралы өзі де бір сөзінде былай деген еді. «Үлкен рөл күтіп, өмірін өткізіп алған әртістер аз емес, сондықтан үлкен-кіші рөл деп бөліп-жарып жатпастан, жанымды салып ойнауға тырысатыным өзіме аян», – дейді. Иә, әр рөлін беріле сомдайтын Бекжан Тұрыс – халықтың көзайымына айналған ірі тұлға.
    Жуырда ғана туған жерінде 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Театр, кино өнерінің небір саңлақтарының табаны қасиетті Қарадалаға тиді. Солардың арасында Бекжан ағамыздың елдің есінде қалуына ықпал еткен, бірқатар рөлін ұсынған режиссер Әубәкір Рахимов бір сөзінде былай деп қалған еді: «Ең алғаш театрға Бекжан келгенде түріне қарап, бұдан қандай актер шығады деп ойлағандар көп болды. Расымен, Бекжан бір қарағанда, сахнаның адамы еместей. Бірақ қалай киелі сахнаның баспалдағына аяғы тиеді, ол мүлдем өзгеріп кетеді. Бірінші күннен-ақ кәдуілгі кәсіби актерлардай образға кіріп, сол кейіпкерін жан-тәнімен сезініп алатын. Міне, бұл – Бекжанның ерекшелігі».

    Ауыл азаматы

    Бекжан десе, бүгінде Шошанай­дың халқы қуана қарсы алуға дайын. Жасы да, жасамысы да Асаубайдың баласының ауылына сіңірген еңбегін жыр қылып айтады. Елдімекенге ауызсу тартқызуға, мешіт салдыруға, енді ғана құрылысы басталып, іргетасы құйылып жатқан спорт кешенінің де Шошанайда бой көтеретініне ықпал етуші Бекжан ағамыз екен. Кеңірек тоқталсақ, 2011 жылы республикамызда «Ақбұлақ» бағдарламасының жаңа басталған кезі. Қай жерде, қай елде жүрсе де, Шошанайын аузынан тастамайтын Бекжан ағамыздың жанына ауылында осы уақытқа дейін таза ауызсудың жоқтығы бататын. Ол кезде Ұйғыр ауданының ешбір ауылына таза су тартыла қоймаған. Сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовпен бір кездесуінде осы мәселені айтады. Алдына келген азаматтардың жеке мәселесінің, қара басының қамымен келетінін естіп, үйреніп қалған облыс басшысы бұл ұсынысына таңдана да, қуана қарайды. Осылайша, Бекжан ағамыздың араласуымен ауданда ең бірінші Шошанай ауылына ауызсу тартылады. Жылдар бойы есекпен тепеңдеп, аналарымыз екі иығын талдыра шелекпен су таситын уақыт келмеске кетеді. Ауылдың жас-кәрісі Бекжан ағаның бұл азаматтығына алғысын айтып, ақ батасын берген еді. Баталы ер азбас. Бұл туралы Бекжан ағамыз бір сөзінде: «Бір жағынан, перзенттік парыз, екіншіден – ауылдың тұрмыс-тіршілігіне рухани көмектесу. Менің ауылым кезінде ұжымшардың бір бөлігі болды. Шетте, қараусыз қалғанда, жүгіргенім рас. Серік ағамыздың алдына барып, ауылдың жағдайын айтқанымда, ол кісі разы болып: «Менің алдыма келгендер үй, жер сұраушы еді, Бекжан, сенікі азаматтық екен», – деген еді. Әрбір азаматтың асыл парызы – еліне, жеріне қызмет ету», – деген екен.
    Анау бір жылдары Бекжан ағамыз жол апатына түседі. Алла сақтап, жаны аман, бірақ көліксіз қалған ағасына бауырдай болған бір топ інілері жинала келе, темір тұлпар тарту етеді. Бірақ сол кезде актер көлігіне емес, өзі туып-өскен ауылда елді имандылыққа баурайтын бір мешіттің жоқтығына күйінетінін айтқан. Сол жомарт қол азаматтардың қолдауымен 2022 жылы Шошанайда зәулім мешіт құрылысы салынып, ел игілігіне беріледі. Мешіт ұлттың ұлы тұлғасы Шәкәрім қажы атымен аталады.
    «Дәл Бекжан сияқты ауылға қамқор, елге жанашыр жанды көрмеппіз. Ол әрқашан туған жерінің жай-күйін ойлап жүреді. Қарапайым ғана ауылға небір өнер жұлдыздарын алып келіп, концерт қойдырды. Талай кинолардың түсірілімі дәл осы Шошанайда болды. Өзге балалар тек теледидардан тамсана қарайтын оларды біздің балалар көріп өсті. Бұл ауылдағы көп жастың болашағына зор ықпал етті. Өйткені жақсы-жаманды ажырата алмай, елпілдеп тұратын жастар дәл осындай өнер адамы болсам деген арманның жетегінде жүрді. Бүгінде ауылдан Бекжаннан кейін Нүркен Өтеуіл, Елжан Тұрыс, Сағыныш Сенбі, Ерсайын Мүтән сынды жастар өнер өлкесіне қадам басты», – деп Бекжан ағамыздың тек ауылдың әлеуметтік жағдайы емес, жастарға деген ағалық қамқорлығының да ерекше екенін айтты ұстазы Тұрарбек ағамыз.
    Бекжан Асаубайұлының 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс Шошанай ауылында жаңа спорт кешенінің алғашқы іргетасы құйылды. Оған алыс-жақыннан келген барлық өнер адамдары үлес қосты. Болашақта бұл кешенде арнайы футбол алаңы, кітапхана, шағын клуб сынды елдің рухани-мәдени жандүниесін байытатын орындар бір жерге тоғыстырылмақ. Алдағы уақытта Бекжан Асаубайұлының ықпалымен жасалатын мәдени кешеннің ашылуын сүйіншілейтін боламыз.

    Ұлттық рух

    «Еуропада мәдениет театрмен өлшенеді. Әр ұлттың өзінің болмысы бар, келбеті бар. Мысалы, кез келген ұлттың келбетін танытатын үш қазығы бар: тілі, діні, ділі. Әрбір азаматтың парызы – осы үшеуіне қызмет ету. Қазаққа ұлттық сана мен ұлттық рух керек. Ұлттық сана мен ұлттық рухтың амандығы – өркениетке енді қадам басқан елдің амандығы.
    Біздің мәдениетіміз – қанмен келген мәдениет. Қазақтай тектілікті сақтаған халық жоқ. Біздің қанымыз таза, бірақ жанымыз тазармай жатыр. Кешегі Тәттімбет, Құрманғазы, Дина апаларымыз бір ғана қазақ елін емес, бүкіл әлемдік өркениет пен мәдениеттің асыл қазынасын құрады. Ал Батыстың мәдениеті қазаққа мәдениет бола алмайды. Қазақтың мәдениеті дара, бөлек. Мен кешегі күнгі қазақтың мәдениетін жоғары қояр едім. Кешегі кез келген қазақтың балаларын қарасаңыз, әке-шешесін мүлтіксіз тыңдап өскен. Ал бүгін өсіп келе жатқан жас ұрпақ Еуропаға еліктей ме, әлде экраннан көргені ме, әйтеуір қатыгез болып өсуде. Біз есейгенше, 8-9 жасқа келгенше апаларымыздың қойнында жаттық. Ананың қойнында жатқан бала мейірімді болмағанда, қандай болар еді? Бүгінде сол мейірімнен айырылып бара жатқандаймыз. Бәрі өзімізге, әсіресе, аналарымызға тікелей байланысты. Ұлттың ұлт болуы – анаға қатысты», – деп кесек-кесек ой айтатын да Бекжан ағамыз.
    Кері кеткен қоғамдағы түрлі жағдаяттарға пікір білдіріп, ақиқат­тың алдында бүгежектемей, әділ­дікті тура айтатын да қасиеті бар аға­мыздың. Салтымыздың сарқыты қалмай, ғұрпымыздың ғұмыры қысқа болады ма деп күйінеді. Мәде­ниеті­міздің мәйегі болған ұлы­ларымызды ұрпақ ұмытпаса екен деп егіледі. Жандүниесі қазақтың болашағы үшін қанжылайды. Ол ұлына айтамын деп ұлтына ой салды. Тегін ұмытпауды, тектілігін сақтауды санасына сіңіргісі келді ұлының. «Ел болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген ой маза бермей, жан-жағындағы мәңгүрт тобырдың тірлігіне қарны ашқан, күңіренген кейіпкерге отбасындағы ойсыз баласының тірлігі жығылған үстіне жұдырық болды. Бұл бүгінгі қоғамның бейнесі еді. Бір ғана отбасындағы құлдырау арқылы «Ұлым, саған айтамынмен» ұлттың ішіндегі құлдырауды көрсетті. Ұлт рухынан айырылса, елінен де, жерінен де айырылатынын айтты. Бекжан сахна арқылы қоғамдағы дертті жеткізді. Ақиқаттың алдында арын сатпады. Әділдіктің алдында әлсіздік танытпады. Бұл – нағыз Бекжанның, қазақтың Бекжанының шынайы бейнесі.

    Анар Дүйсенбайқызы

    Ұсынымдар

    Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысында негізсіз бас тарту фактілерін анықтау және құқықтарды қалпына келтіру

    Мемлекеттік қызметтердің көрсетілу барысында негізсіз бас тарту фактілерін анықтау және құқықтарды қалпына келтіру

    1 year ago
    Салық реформасы талқыланды

    Салық реформасы талқыланды

    10 months ago
    Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті

    Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің жиыны өтті

    3 years ago
    Мереке кәдесі

    Мереке кәдесі

    9 months ago
    Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

    Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>