Перейти к содержимому
Главная страница » Орманға қорған

Орманға қорған

      Орман-тоғайларда өрттің алдын алып, ағаштарды заңсыз кесуге жол бермей, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға сүбелі үлес қосып, еселі еңбек сіңіріп жүрген азаматтың бірі – Бақанас орман шаруашылығына қарасты тұқымбақ жетекшісі Марат Молдабаев.

Орманға қорған болып, ел сүйіспеншілігіне бөленген Марат Құдабекұлы 1963 жылы Көкжиде ауылында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәлім-тәрбие алған ол 1970 жылы сегізжылдық мектепті тәмамдаған соң, Балқаш ауданының орталығында орналасқан кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1981 жылы тракторшы-машинист мамандығы бойынша аяқтап, Ақдала күріш кеңшарында механизатор болып еңбек жолын бастаған. 1982-1984 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келіп, кеңшардағы жұмысын ары қарай жалғастырады. 1996 жылы Бақанас орман шаруашылығы мекемесіне ауысып, орман күтуші, орман шебері болып еңбек етеді. Алматыдағы аграрлық колледждің сырттай бөлімінде орман технологиясы мамандығын алып, 2013-2017 жылдар аралығында Бақанас орман шаруашылығында бас орманшы қызметін атқарған.
Марат Құдабекұлының ұзақ жыл бойы елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ел-жұрттың ықыласына бөленген орманшы облыстық басқарманың Мақтау қағазымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Мен 2018 жылдан бері Бақанас орман шаруашылығына қарасты тұқымбақта жетекшілік қызмет атқарып келемін. Аумағы 5 гектар болатын тұқымбақта сан түрлі ағаш көшеттерін жерсіндіру жұмысы жүргізіледі. Көбіне қылқанжапырақты, сәндік және жергілікті ағаштар өсіреміз. Өңіріміздің көгалдануы мен абаттануына біздің мекеме ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосуда. Осы жерде өсіп-өнген көшеттерді жыл сайын аудандағы саябақтарға отырғызамыз.
Орман-тоғайдың ең басты жауы – өрт. Қызыл жалынның өршуі, әсіресе жаздың аптап ыстығында жиі орын алады. Салдарынан қаншама ағаш күлге айналып, ел экономикасына айтарлықтай шығын келтіруде. Біз өрттің алдын алу үшін күндіз-түні тынбай жұмыс істейміз. Жолымызды жас орманшылар жалғастырып, атамекеніміздің тұмса табиғатын қорғауға күш сала берсін», – деп Марат Құдабекұлы кең далаға көз жүгіртіп қарап тұрды. Оның ойға батқан жүзінен табиғатқа деген шексіз сүйіспеншілігі байқалды.
Иә, қазақтың сырға тұнған сайын даласында көз сүйсінер көрікті жер жетерлік. Сол далада өсіп-өніп, жайқалып тұрған алқапты көзінің қарашығындай қорғайтын орманшылар – нағыз еңбек адамдары.
Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты сезініп, бүгінгі әңгіме кейіпкеріндей еселі еңбек етсе, гүлге оранған даламыз сұлулығын жоғалтпастан одан сайын ажарлана түсетіні анық.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы