Қазіргі жаһандану дәуірінде инвестиция ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін әрбір мемлекет шетелдік және ішкі инвестиция тартуға баса назар аударады. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміз инвестициялық саясатты жетілдіруге, инвесторлар үшін қолайлы климат құруға бағытталған бірқатар реформаны жүзеге асырып келеді.
Инвестиция – бұл табыс табу немесе белгілі бір экономикалық нәтижеге қол жеткізу мақсатында ұзақ мерзімді қаржылық немесе материалдық ресурстар салу. Инвестиция тек экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, технологиялық және инфрақұрылымдық жетістіктерге де жол ашады. Қазақстанда инвестиция арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, салық түсімдері артады, жаңа технологиялардың келуі және жалпы экономиканың дамуына оң септігін тигізеді. Қазақстанда инвестициялық саясат 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптаста бастады. Қазақстан сыртқы экономикалық байланыстарды дамытып, нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. 1994 жылы шетелдік инвестицияларды тарту туралы алғашқы заң жобалары қабылданып, 2003 жылы «ҚР Инвестициялар туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң инвесторлар құқығын қорғауға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталды. Сол кезеңнен бастап елімізге ірі трансұлттық компаниялар келіп, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, энергетика салаларында жұмыс істей бастады. Бүгінде Қазақстан инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында арнайы институттар мен бағдарламалар әзірледі.
Инвестиция тартуда Қазақстан Үкіметі тек шикізат саласына ғана емес, басқа да секторларға баса күш салып келеді. Атап айтқанда, біздің мемлекет ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, туризм, IT және цифрлық технология бағыттарына ерекше назар аударып отыр. Дегенмен, Қазақстанда инвестициялық климатқа теріс әсер ететін бірқатар мәселе де бар. Ол – құқықтық жүйенің тұрақсыздығы, бюрократиялық кедергілер, кадр тапшылығы, кейбір аймақтағы инфрақұрылымның әлсіздігі. Осы мәселелерді шешу үшін Үкімет шетелдік тәжірибені зерттеп, цифрландыруды, заңнамалық реформаларды жүзеге асыруы тиіс.
Қазақстан – табиғи ресурстарға бай, геосаяси тұрғыдан маңызды орында орналасқан ел. Бұл – инвестициялық тұрғыдан үлкен артықшылық. Алайда ұзақ мерзімді табыс пен тұрақты даму үшін шикізатқа тәуелділікті азайтып, инновациялық жобалар мен адами капиталға бағытталған инвестицияны ынталандыру қажет. Ал инвестиция – бұл тек қаржы құю емес, ел болашағына салынған сенім мен мүмкіндік! Сондықтан Қазақстан инвестициялық саясатын одан әрі жетілдіріп, отандық және шетелдік капитал үшін сенімді серіктес ретінде дамуы қажет.
Бақытгүл ҚОНЫСБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, РhD