Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін этножурналистика саласындағы облыстық «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Аталған сайыс – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды шараның бірі.
– «Шаңырақ» байқауы – этносаралық татулықты насихаттап, шығармашылық ізденістерге жол ашып, журналистиканың мазмұнын байытуды көздейтін ерекше жоба. Қоғамда қалыптасқан бейбіт өмір мен тұрақтылықты ақпарат алаңында дәріптеу – үлкен жауапкершілік. Бұл бағытта қалам тербеп жүрген әрбір журналистің еңбегі бағалы. Байқауға келіп түскен жұмыстардың барлығы мазмұнды, мағыналы болуымен ерекшеленді. Қатысушылар кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымын көрсете білді. Әділқазылар алқасы әр материалды мұқият қарап, лайықты үміткерлерді анықтады, – деген облыстық ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова жүлдегерлерді марапаттады.
Байқау қорытындысы бойынша «Жетісу» телеарнасының режиссері Жанар Рахипова топ жарып, бас жүлдені еншілесе, аталған телеарнаның бейнеоператоры Нұрбек Жайдарбек 1-орынды иеленді. «Алатау арайы» газетінің бөлім редакторы Айжарық Көптілеуов пен ҚР Президенті іс басқармасы медицина орталығы ұлттық госпиталі баспасөз бөлімінің журналисі Жазира Елшібаева 2-орыннан көрінді. Жүлделі 3-орын «Огни Алатау» газетінің веб-сайт редакторы Карина Балтабай, видеограф-блогер Дамир Нұрқасым мен «Огни Алатау» газетінің веб-сайт редакторы Жанар Мықтыбаеваға бұйырды. «Алатау арайы» газетінің Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілшісі Серік Сатыбалдиев, «Огни Алатау» газетінің жауапты хатшысы Айнұр Төлеуханқызы мен Ұйғыр ауданы бойынша меншікті тілшісі Әсел Мұқашеваға ынталандыру сыйлығы табысталды. Жеңімпаздарға грамота, ақшалай сертификат пен арнайы сыйлық берілді.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
Қонаев қаласы




