Перейти к содержимому
Главная страница » Шеберлік шыңында

Шеберлік шыңында

     Қаскелең қаласының тұрғыны Серік Баймағамбетов бала кезінен теледидар жөндейтін шебер болуды армандайтын. Түрлі механизмді шашып, қайта жинауды ұнататын. Алайда Қостанай техникалық училищесіне түсер кезде оның ұпайы жетпей қалды. Еңбек жолын зауытта жұмысшы, электр энергиясы үшін төлем қабылдайтын кассир болып бастаған. Бірақ алға қойған мақсат-мұраты мен талпынысының арқасында кәсіби электромонтер атанды.

Серік Зарлықұлы 1971 жылдың 22 қыркүйегінде Қостанай облысы Фёдоров ауданы Чистый Чандак ауылында дүниеге келген. Бес жасында оның отбасы алдымен Матросово ауылына, кейін сол ауданның Кеңарал елдімекеніне қоныс аударған. Әкесі Зарлық Садықұлы «Кеңарал» кеңшарында мотор жөндеуші болып жұмыс істеді. Анасы Сәлима Әкімжанқызы осы шаруашылықта есепші қызметін атқарды. Зарлық Садықұлы – алдыңғы қатарлы маман ретінде басшылықтың, әріптестері мен ауылдастарының құрметіне ие болған жан. Мұндай қасиет ұлы Серікке де дарыған шығар. Ол да еңбек адамы ретінде ұжымында сыйлы, айналасына қадірлі.
– Ата-анамыз бізді өз үлгісімен тәрбиеледі. Әрдайым адал еңбек етіп, жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарды, – дейді Серік Зарлықұлы. –Біздің тағдырымыз әртүрлі қалыптасты. Әпкем Жанар үй шаруасымен айналысып, ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Ал ағайым Берік Алматыда №7 құрылыс-монтаж басқармасында жүргізуші болды. Сәбит Қазақ халықаралық құқық институтын аяқтап, кеден қызметінде еңбек етті. Жанат Қостанайда қалып, фермерлікпен айналысуда. Ал мен 2001 жылдың қысында Қарасай ауданына көшіп келіп, осы жақта тұрақтап қалдым.
1988 жылы мектепті бітірген соң Серік Қостанайға жол тартып, 1996 жылға дейін сонда тұрған. 1989-1991 жылдары Ленинград облысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде дизелист-электрик ретінде борышын өтеді. Бұл оның болашақ мамандығы – электромонтер болуға алғашқы қадам болған секілді.
Әскерден келген соң Серік Қостанай автожол техникумына оқуға түсті. 1994 жылы оны тәмамдап, сандық басқарудағы станоктарды реттеуші маман атанды. Сол жылдың тамызында Қостанай дизель зауытына жұмысқа орналасты, алайда қазан айында зауыт жабылып қалды. Осыдан кейін өзін іздеу кезеңі басталды.
– Қостанайда жұмыс табу қиын болған соң, 1996 жылы Берік ағам Алматыға шақырды, – дейді Серік Зарлықұлы. – Өзі жүргізуші болып істейтін №7 құрылыс-монтаж басқармасына мені де жұмысқа орналастырды. Әртүрлі тапсырманы орындап, құрылысшы мамандығын меңгердім. 1997-1998 жылдары Алматыда түрлі қызмет атқардым.
2001 жылы Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылында тұратын әпкесіне көмекке келеді. Жеке компанияда кассир болып, электр энергиясы үшін төлем қабылдай бастады. Сол кезде ол Қарасай электр торабының шеберлері Қанат Тәукебаев, Асхат Маметов және бақылаушы Марат Бөлегеновпен танысқан. Олар Серікке Алмалыбақ учаскесіне электромонтер керек екенін айтып, баруға кеңес береді. Осылайша 2003 жылдың 13 тамызында жұмысқа қабылданды. Оның кәсіби деңгейі, еңбекқорлығы басшылықтың көзіне түсіп, бас кеңсеге ауыстырылды. 2007 жылдың мамырында оны жедел шығу бригадасының электромонтері қызметіне ауыстырды.
Бүгінде Қарасай электр тораптарын Мәди Дүйсенов басқарады. Ұжымда шамамен 200 адам жұмыс істейді. Ал жедел шығу бригадасында 25 адам бар. Бригадаға аға диспетчер Еркін Егеубаев жетекшілік етеді, оған тағы бес диспетчер бағынады. Бригаданың құрамында бір инженер-сарапшы, 10 жүргізуші және 9 электромонтер бар. Олардың негізгі міндеті – түрлі себептерге байланысты электрмен жабдықтау үзілген кезде төтенше жағдай орындарына бару. Сонымен қатар осы бригада жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде, бағаналар мен электр сымдарын ауыстырғанда электр қуатын өшірумен айналысады. Инженер Нұрғали Жандаров электр қуатының өшірілуі туралы ұйымдар мен кәсіпорындарды алдын-ала ескертіп отырады, олар соған байланысты дайындалып, шұғыл қимылдайды.
Көп жылғы адал еңбегі үшін Серік Зарлықұлы бірнеше рет «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталған. Ол кәсіби шеберлік сайыстарына да жиі қатысып, топ жарған. Сонымен қатар 2022 жылдың қорытындысы бойынша Серік Зарлықұлы «Үздік электромонтер» атанды.
Біздің кейіпкеріміз жеке өмірінде де бақытын тапқан жан. Оның зайыбы Гүлмира Сайфиева Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Қызы Даяна Қаскелеңдегі А. Байжанов атындағы орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, қазіргі таңда Логистика және көлік академиясының үшінші курс студенті, IT-энергетик мамандығы бойынша оқып жүр. Бауыржан есімді ұлы сол мектептің 11-сыныбына өтті. Ол да түрлі механизмді құрастыруды ұнатады. Мүмкін, болашақта ол да әкесінің жолын қуып, энергетика саласын таңдайтын шығар.
Серік Зарлықұлы «бақыт» деген қарапайым сөздің өзін терең, жан-жақты түсінеді. Ол үшін ең алдымен бұл – отбасындағы, ұжымдағы, елдегі тыныштық пен тұрақтылық.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы