Күні кеше Іле ауданы Өтеген батыр ауылында Нұрғиса Тілендиевтің рухын жаңғыртқан еңселі ескерткіш пен Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтіп, халық игілігіне берілген еді. Енді бүгін Қарой ауылдық округіндегі Н.Тілендиев ауылының кіре берісіне күйшінің домбырасы мен қос аққуы қалықтаған үлкен стэлла ашылды.
Салтанатты рәсімге қатысқан ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмзе Исаев стэлланың лентасын қиды.
Шарада сөз алған ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Біз ұлы тұлғалардың еңбегін дәріптей отырып, өз ұрпағымызды өнерге, білімге, елдікке тәрбиелейміз. Шоқтығы биік композитордың мұрасы халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жететін асыл қазына болып қала береді. Нұрғиса атамыздың рухы шат болып, шығармаларының халқымен бірге мәңгі жасай беруіне тілектеспін. Еліміздің рухани дамуы мен кемелденуі үшін мәдениет саласын өркендетуге атсалысып жүрген баршаңызға алғыс білдіремін, – деді.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы көпшілікке аймақ басшысы Марат Елеусізұлының ыстық лебізін жеткізіп, дәулескер күйшінің қазақ музыка өнерінде алатын орнына тоқталды. Композитордың ерекше дарынын құрметтеп, ізін басқан азаматтардың арқасында осындай игі істің қуанышында бас қосып отырғанымызды жеткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, шара барысында аудан әкімі Қайыржан Серікбайұлы стэлланың бой көтеруіне демеуші болған «Даму», «Платформа Плюс», «Алатау Құс», «Шин Лайн», «Джи Ти Ай», «Компания Сарыбұлақ», «Ботабеков Тоқан», «Алель Агро», «Фирма Бент», «Қазақ Гласс компани» кәсіпорындарына және «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігіне аудан жұртшылығы атынан зор алғысын білдіріп, Алғыс хат және сый- сияпат ұсынды.
Аңызға айналған күйші Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы