Әдетте мұражай дегенде, көз алдымызға картиналар мен жәдігерлерге толы мәрмәр залдар, ежелгі мүсіндер мен көне қазыналар елестейді. Алайда жер бетінде қабырғасы да, әйнек қорабы да жоқ ең үлкен мұражай барын білмейміз. Ол адам аяғы баспайтын тереңде, мұхит астында орналасқан. Археологтар оны «Көк мұражай» деп атайды, себебі мұхит қойнауы адамзат тарихының жер бетіндегі барлық мұражайларын қоса алғандағыдан көп жәдігерін сақтап отыр.
Ғалымдардың есептеуінше, Жер шарындағы мұхиттарда шамамен үш миллионға жуық кеме қалдығы жатыр. Оларды қола дәуірінен бүгінгі заманға дейінгі сауда, саяхат, соғыс және апаттардың үнсіз куәгері деуге болады. Кейбірі судың оттегі тапшы терең қабаттарында шірімеген күйде сақталған, ал кейбірі теңіз ағзаларымен бітісіп, ендігі тірі рифтерге айналған.
Мұхит табанынан табылған осындай құпия жәдігерлердің бірі Антикитера механизмі деп аталады. 1900 жылы Грекияның Антикитера аралы маңында сүңгуірлер кездейсоқ ежелгі римдік кеме қалдығын тапқан. Сол жерден алынған тот басқан қола тетіктердің арасында ғалымдарды ғасырлар бойы таң қалдырған құрылғы болды. Бүгінде Антикитера механизмі деп аталатын құрылғы – әлемдегі алғашқы аналогтық есептегіш құрал. Ол 2000 жыл бұрын Ай мен Күннің тұтылуын дәл болжай алған. Бұл олжа ғалымдардың ежелгі ғылым мен инженерия туралы түсінігін түбегейлі өзгертті.
Кейде теңіз түбінен кемелер ғана емес, тұтас қалалардың орны да табылады. Мысалы, Мысыр жағалауындағы Гераклеон қаласы – ежелгі Александрияның теңіз порты болған. Ол жер сілкінісі мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан су астына кеткен. Қазір сүңгуірлер ол жерден алып мүсіндер мен храмдардың орнын, жазбаларды тауып жатыр. Теңіз тарихты жоймай, оны үнсіз сақтап қояды.
Бүгінде теңіз археологиясы робот техникалары, гидролокаторлар және тереңге сүңгитін аппараттар көмегімен жаңа деңгейге көтерілді. Соған қарамастан, ғалымдар мұхит түбінің небәрі 5 пайызы ғана зерттелгенін айтады. Демек, миллиондаған жәдігер әлі су астында деген сөз.
Айбек БЕЙСЕБАЕВ