⛅
1°C
Қонаев
Сенбі, Қаңтар 31, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Суреттер де сөйлейді

    11.10.2025
    in Барлық жаңалықтар
    Суреттер де сөйлейді
    0
    SHARES
    10
    VIEWS

          Фотосурет – газет-журналдың ажарын ашып қана қоймайды, ондағы мақаланың мазмұнын тереңдетеді. Небір әсерлі сәттерді көз алдыңа келтіреді. Өткенді бүгінмен ұштастырады. Өмір көріністерін көркем образға айналдырады. «Сарасөз» медиаклубының кезекті қонағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фотопублицист, университет оқытушысы Асылхан Әбдірайымұлы фотожурналистиканың қызықты қырына, байқала бермес сырына тоқталып, тыңдаушыларды тәнті етті. Медиаклубта болған әңгімені оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

    – Алдымен, фототілшілік қыз­меттің баспасөзде алатын орнына мән беріп, оған қатысты пікір өрбіту үшін медиаклубқа шақырғандарыңызға ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз жақсы білесіздер, газет-журналдың тартымды шығуына фотожурналистердің қосатын үлесі аз емес. Сондықтан мұндай кездесудің ортақ іске тигізетін пайдасы өте зор.
    Фотожурналист ретінде бұқаралық ақпарат құралдарында ширек ғасырға жуық еңбек еттім. Одан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұстаздық қызметке келдім. Оған да 13 жылдың жүзі болыпты. Бірақ осыншама уақыт тәжірибе жинасам да, фотографияны толық меңгердім деп айта алмас едім. Себебі бұл өнер үздіксіз даму үстінде.
    Реті келгенде, фотосурет шежіресіне аз-кем тоқталайын. Тарихы 1826 жылдан бастау алады. Нисефор Ньепс есімді француздық өнертапқыш тұңғыш рет биік ғимарат терезесінен обскура камерасы арқылы Париж қаласының көрінісін таспалайды. Сонда ол бір фотоны шығару үшін сегіз сағат уақытын сарп етіпті. Бұдан соң қоғамда сурет түсіруге деген қызығушылық басталған. Ізденістер нәтижеге ұласқан. Сөйтіп 1839 жылы фотография жаңалығы бүкіл әлемге тарайды.
    Қазақ жерінде алғашқы фотоаппарат 1841 жылы қолданылған. Әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәжімұрат мұны Шәңгерей Бөкеевке арналған еңбегінде атап көрсеткен. Санкт-Петербургте Бөкей ордасының 100 жылдық мерейтойы өтеді. Жәңгір ханның немересі Шәңгерей ақын оған арнайы шақырылады. Салтанатты шарада Ресей патшасы Николай ІІ құрметті қонаққа сол кезеңдегі ең қымбат құрал ­– фотоаппаратты сыйлапты. Оған қажетті заттардың өзі бір атарбаға бөлек тиеліпті. Сөйтіп Шәңгерей бабамыз фотоаппарат ұстаған алғашқы қазақ ретінде тарихта қалған.
    Фотографияға Алаш қайраткерлері де ерекше мән берген. «Қазақ университеті» баспасынан үш тілде жарық көрген «Қазақ фотошежірешілері» атты кітапқа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өз қызын түсірген фотосы енді. Бұл жәдігерді филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектептегі қайраткер мұрасын зерттеу барысында табады. Сол сияқты басқа да ұлт зиялыларының фотоөнерге ден қойғанын байқаймыз. Өкінішке қарай, бізге Алаш арыстарының бірді-екілі фотосы ғана жетіп отыр. Олардың дүние-мүлкін тәркілеу кезінде көп сурет НКВД-ның архивіне кеткені анық. Оған да қол жеткізетін уақыт келетін шығар.
    Ендігі әңгімені баспасөзге қалай келгенімнен бастайын. Мектепте оқып жүргенде-ақ сурет түсіруге қызықтым. Әлі есімде, көрші баланың фотоаппараты болатын. Соның қасынан шықпайтынмын. Ол қайда барса, мен сонда жүремін. Фотоаппаратқа аңсарымның ауғанын анам сезсе керек, көп кешікпей бұл құнды құрал менің де қолыма тиді. Сөйтіп 7-сыныптан бастап сурет түсіруге әуестендім.
    Әкем жеті жасымда қайтыс болды. Ол кісі өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы еді. Түркістандағы қалалық құжаттама бөлімінде жұмыс істеген. Қырықтан асқан шағында кенеттен ауырып, көз жұмды. Анам алты баламен жесір қалды. Мектепті бітір­ген соң Мәскеудегі Су шаруашылығы институтына оқуға түстім. Бір жылдан кейін анамның өтініші бойынша ҚазМУ-дың география факультетіне ауыстым. Оқуымды ойдағыдай тәмамдап, ары қарай ғылым жолына түссем деп ниеттендім. Ол кезде кандидаттық диссертацияны Мәскеуде ғана қорғайтын. Бұл уақыт КСРО-ның ыдырап жатқан кезіне тұспа-тұс келді. Кеңес одағының астанасында саяси толқулар басталды. Сөйтіп Мәскеуге сапар кейінге қалды. Ойлаған дүнием орта жолда доғарылып, ойым сан-саққа бөлінген шақта экологиялық «Атамекен» журналы фототілшілік жұмысқа шақырды.
    Мен жалпы қайда жүрсем де, аппаратымды қолымнан тастаған емеспін. Фото түсіру басты хоббиім болды. Шығар­ған суреттерім тамыр-таныстарыма ұнап жататын. Баспасөз беттеріне де үзік-үзік жарияланып тұрды. Сондықтан ғой, мені басылымға жұмысқа шақырғаны. Міне, содан бастап баспасөздің қазанын­да қайнадым. «Қазақстан әйелдері», «Парасат» журналдарында, «Заң» және «Жас алаш» газеттерінде еңбек еттім. «Арай – Заря», «Жалын» журналдарында, «Өркен – Горизонт», «Алматы Ақшамы» басылымдарында фототуындыларым жарияланып тұратын. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журфактың студенттеріне «Фотожурналистика» пәнінен дәріс беремін.
    Әрине, әр басылымның өзіндік бағыт-бағдары болатыны бәрімізге белгілі. Ондағы тақырыптар да сан алуан. Фототілші де журналист сияқты үнемі шығармашылық ізденісте жүруі тиіс. Әртүрлі шараға, сүбелі сұхбатқа барарда алдын ала дайындалу керек. Ең бірінші фотоаппаратың сақадай-сай тұрғаны жөн. Жиынның баспасөз баянымен ертерек танысып, соған байланысты сурет түсіруді күні бұрын жоспарлаған дұрыс. Фотожурналист мақаланың мазмұнын сурет арқылы байытады. Нағыз кәсіби маманның фотолары сөйлеп тұрады. Сонда басылымның беделі одан сайын артады. Міне, фототілшілік қызметтің көтеретін жүгі осындай. Бұл міндетті абыроймен арқалап, есімдерін ел таныған әріптестерім аз емес. Ал ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүретіндер мамандығының шыңына ешқашан шыға алмайды.
    Мәселен, газет тілшісі кейіп­керінен сұхбат аларда сол адам туралы деректерді мұқият шолып шығады. Егер әңгімелесуге дайындықсыз барып, жеңіл-желпі сұрақтар қоятын болсаң, ойларың ұштаспай, оның жандүниесі ашылмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан қойылатын сауалдардың салмағына жіті қарау керек. Ал сұрақтарың ұнаса, ол да еркін көсіледі. Шешіле жауап қайтарады. Тіпті алдындағы камераға көңіл бөлмейтінін қайтерсің. Оның сондағы әсерге бөленген шынайы бейнесін фототілші қалт жіберіп алмауға тиіс. Фотокамераң кейіпкеріңмен қоштасқанша қосулы болу керек. Сенің бір сағат бойы түсірген суреттеріңнен объективке мықты кадр ең соңында ілігуі мүмкін. Қас-қағым сәтті қағып алсаң, нәтижеге жеткенің.
    Барак Обаманың Пит Соуза деген жеке фотографы болған. Ол АҚШ президентінің әр іссапарынан сурет көрмесін ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Оны Ақ үйдің залына қойған. Сонда оған жұрттан бұрын Барак Обаманың өзі зер салып қарайды екен. Пит Соузаның кәсіби шеберлігіне тәнті болғаны соншалық, оған үйіне емін-еркін кіріп, кофе ішуге, отбасымен араласуға рұқсат берген. Бірде журналистер даңқы жер жарған президенттің жеке фотосуретшісінен: «Айтыңызшы, фотоларыңыздың ішінен сізге ерекше ұнайтыны қайсысы?» –деп сұрайды. Сонда Пит тілшілерге: «Ол суретті мен ертең түсіремін», – деген екен. Өнерде жүрген адам ізденіс жетегімен алға жылжиды. Егер тоқмейілсіп, болдым-толдым десе – онда оның тоқырағаны.
    Баспасөзде әлеуметтік тақырып­тардың көп қамтылатыны заңдылық. Халықтың тұрмыс жағдайын журналистер назардан тыс қалдырмауға тырысады. Мәселен, үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген кезбелердің өмірі де газеттен көрініс табады. Редакция тапсырмасымен қала ішін аралаған кезде базар жағалаған, вокзал маңында түнеген, қоқыс арасында күнелткен неше түрлі тағдырларға кезігесің. Ол адамдардың кім екені саған белгісіз. Өмірден баз кешкендер ештеңеге қызықпайды. Ешкімді аямауы да мүмкін. Сондай көріністерді түсіргенде фотожурналист өзінің қауіпсіздігін ойлауы қажет. Әр қадамын аңдап басуға дағдылануы керек. Жұмыс барысында неше түрлі оқиғаларды бастан кешіресің.
    Фотоның негізгі мақсаты – оқырманды боямасыз шындықпен беттестіру. Деректі фото алғаш пайда болған кезде, оның міндеті оқиғаны сол күйінде дәлме-дәл беру болды. Кейін 60-жылдары жаңа деректі фото деген ұғым қалыптасты. Фототілшілер түсіретін суретіне филосо­фиялық ой қосып, астарлап жеткізуге күш салды. Ал 90-жылдардан кейін заманауи деректі фото өмірге келді. Оның жауапкершілігі бұрынғыдан зорая түсті. Мамандар бір суреттің мың сөзге татитынын ұқтыруға тырысты. Бір ғана фотомен тұтас бір дәуірдің көрінісін сипаттаған суреттер тарихта қалған. Мәселен, атақты математик Альберт Эйнштейннің тілін шығарып тұрған суреті бәрімізге таныс. Қас-қағым сәт және бүкіл өмір деген осы. Кез келген суреттің құны уақыт өткен сайын арта түседі. Өйткені бүгінгі фото – ертеңгі тарих.
    Белгілі филолог, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы мені ҚазҰУ-да фото­журналистика пәнінен дәріс беруге шақырды. Осыған дейін университетте басқа тілде, басқа ұлттың өкілі студент­терге сабақ беріп келіпті. Соны естіген­де намыстанып, бірден келісімімді бердім. Үш ай бойы оқытылатын пәнде фотографияның тарихын, ережесін, тәсілін бір жүйеге келтіру керек болды. Оқу орнында қазақ тілінде фотография туралы оқулық мүлдем жоқ екен. Енді не істеу керек? «Шешінген судан тайынбас» дегендей, Ұлттық кітапханада отырып, күн сайын ізденуге тура келді. Сол шақтарда 1962 жылы шыққан Тілекметов, Жидебаевтың «Фотосурет түсіруді үйрен» деген тілдей кітапшасы қолыма тиді. Қазақ тілінде бұдан басқа бірде-бір оқулық шықпапты. Осы еңбекті негіз етіп, жаңа оқулық құрастырып шықтым.
    Жылдар жылжыған сайын фото­өнер де дамып келеді. Сандық фото­аппараттар дәуірі басталды. Әрине, мықты кадрлар түсіру үшін білікті маман керек екені белгілі. Осыған орай өткен жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясынан фотоөнер мамандығы ашылды. Сонымен қатар Принтмедиа технологиялар колледжінде де фотограф мамандығы оқытылады. Дипломы бар мамандар көбейсе, бәсеке артып, фотоөнердің де болашағы жарқын болады деп ойлаймын.
    Осыдан 17 жыл бұрын «Қазақ фотожурналистикасының жағдайы нешік?» деген дөңгелек үстел өтті. Сонда ардагерлер мен бүгінгі буын біріге отырып, осы мәселені кеңінен талқыладық. Сьезд Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Нұрғожа Жұбанов секілді ағаларымыз сөз сөйлеп, өткен күндерден сыр шертті. Жиын соңында фотожурналистер ұйымы құрылу керек деген тоқтамға келдік. Сол жерде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мақсаты айқындалды. Қазіргі таңда ұйымның 60-қа жуық мүшесі бар. Әлі де толыға түседі деген сенімдеміз. Бүгінге дейін фотожурналистердің суреттерін топтастырып, бірнеше жинақ шығардық. Ол әр бес жыл сайын жаңарып отырады. Әртүрлі көрмелер ұйымдастырдық. Жас тілшілердің үлкен жобаларға қатысуына жол ашылды. Осылайша аталған бірлестік қазақ фотошежіресіне сүбелі үлес қосып келеді. Әрине, бұл сала туралы айта бер­сең, әңгіме ұзаққа созылады. Сондықтан сіздердің қоятын сұрақтарыңызға уақыт қалдырып, жауабымды дайындайын, – деп сөзін аяқтады редакцияның құрметті қонағы. Ары қарай сұрақ-жауапқа кезек берілді
    Сұрақ: Жуырда Нұрғиса Тілендиев­тің 100 жылдығына орай Мәскеуде өткен үлкен концертке облыстық басылымның қызметкерлері де қатысып қайтты. Қазақстан­дық делегация тоқтаған «Националь» қонақүйіндегі көрініс бізді ерекше әсерге бөледі. Алғашқы ашылған күннен сол жерде болған тарихи тұлғалардың фотосы тұтас бір залды алып жатыр екен. Қазақстанның ірі қалаларында да бұрыннан келе жатқан қонақүйлер көп. Солардың тарихи шежіресін түгендеуде сіздерге тапсырыс түскен жоқ па?
    Жауап: «Фотоөнер» бірлестігінің негізгі мақсаты – оқу-ағарту мен шығар­машылық жұмысты дамыту. Сондықтан біз әлі коммерциялық жобаларды қолға алған жоқпыз. Бірақ аталған ұйым құрамында білікті мамандар баршылық. Мәселен, фотосуретші Фархат Қабдықайыровты Қазақстанда бәрі мойындайды. Ең мықты аппарат соның қолында десек болады. Оған шетелде жаңадан шыққан фотоаппаратты сынап көруге ұсыныс түскен. Екінің біріне мұндай құрмет көрсетілмейді. Сондай-ақ бірлестікте той-томалақты да сапалы түсіретін шеберлер аз емес. Сіз айтқандай, тапсырыстар түсіп жатса, ойланып көруге болады.
    Осыдан біраз жыл бұрын Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Райымбек ауданына экспедиция ұйымдастырдық. 12 адам болып, Шалкөде жайлауына бардық. Біздің қатарымызда Қытайдың Үрімжі қаласында тұратын белгілі фотосуретші Түсіпбек Сламқұл ағамыз да болды. Ол кісі кезінде Бейжің энциклопедиясына Тибет тауларының ғажап көрінісін бейнелеген. Сол кездегі облыс әкімі Аңсар Мұсаханов фотоаппарат асынған бір топ суретшіні көріп таңғалғаны бар. «Автомат ұстаған десанттар сияқты көрінеді екенсіздер», –деп жұртты ду күлдірген еді. Осы сапарда Түсіпбек Сламқұл Қарасаздағы Мұқағали мұражайында шеберлік сабағын өткізді. Мол тәжірибе жинақтап, қоржынымызды қайталанбас фотобейнелерге толтырып қайттық.
    Сұрақ: Қазір түрлі компьютерлік бағдарламалар бар, жасанды интеллект өмірімізге енді. Осы құбылыстар дәстүрлі фотоөнерге қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
    Жауап: Фотографияның негізгі ерекшелігі, қасиеті – шындықты түсіру. Күні кеше ғана авторлық құқық бойынша халықаралық конференция өтті. Сол жиынға мен де қатыстым. Жасанды интеллект интернеттегі бүкіл ақпаратты өзіне жинап алады. Оның ішінде менің де түсірген суреттерім бар шығар. Сөйтеді де, сіз қалаған фотоны шығарып береді. Тіпті көне суреттегі бейнелерді қозғалысқа түсіріп жатыр. Бірақ онда ең бастысы – шынайылық жоқ. Жасанды екені көрініп тұрады. Алдағы уақытта жасанды интеллектіге қатысты белгілі нормалар, заңдар қабылданады деп ойлаймын. Сол кезде бұл жүйе де тәртіпке келетін шығар. Ұялы телефонның пайдасы мен зияны бар сияқты, жасанды интеллектінің де керегін алу керек, керек емесінен сақ болған жөн.
    Сұрақ: Өзіңіз түсірген тарихи тұлға­лардың соңғы фотолары есіңізде ме?
    Жауап: 1992 жылы көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген кітабы шықты. Сол кітаптан үзінділерді «Парасат» журналы жариялайтын болды. Редакция тапсырмасымен Димекеңнің үйіне бардық. Есікті үлкен кісінің өзі ашты. Кірген кезде бізге зейін қойып амандасып, қал-жағдайымызды сұрады. Өзі геолог болғандықтан ба, үйдегі бір қабырға әртүрлі тастарға толып тұр. Димаш аға қолын менің иығыма салып: «Қарсы бөлмеде мені бір суретке түсіріп жіберші, інім», – деді. Кейін ризашылығын білдіріп, кітабына қолтаңба жазып берді.
    2000 жылы Сидней Олимпиадасы­нан алтын алған боксшы Бекзат Саттархановты дүбірлі жарысқа шығарып салар алдындағы және чемпион болып елге оралған сәті менің де объективімнен тыс қалмады. Астанада Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ашылды, сондағы сол суреттерім ілініпті. Қолымнан келгенше ұлт мақтаныштарын ұлықтауға тырыстым. Бәрі тарихтың тарауындай болып фотолар арқылы бүгінгі ұрпаққа қарап тұр. Сондықтан фотожурналистика саласын таңдағаныма қуанбасам, өкінбеймін.

    Жақсы әңгіме де – жан азығы. Асылхан ағаның фотожур­налис­тика­ға арналған тәлімді сөздері ешкімді жалықтырған жоқ. Оның жергілікті баспасөз қызметкерлері үшін де ықпалы мен пайдасының зор екенін кездесуге келгендер риясыз ұқты.

    Болат МӘЖИТ

    Ұсынымдар

    Қапшағай жағасы қоқыстан тазартылды

    2 years ago
    Алматы облысында стенд атудан Әлем Кубогы өтіп жатыр

    Алматы облысында стенд атудан Әлем Кубогы өтіп жатыр

    3 years ago
    Асылы Осман, Гүлнәра Ходжабергенова

    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МЕНІҢ ТІЛІМ

    3 years ago
    Жүзден жүйрік

    Жүзден жүйрік

    1 year ago
    60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды

    60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>