Республика күніне орай Қонаев қалалық №3 орта мектептің мәжіліс залында 2 «Б» сыныбының «Менің Отаным – Қазақстан» атты ашық сабағы өтті. Бұл шараға мектеп директоры Мира Тоқтарханқызы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақан Ақаев, мұғалімдер мен ата-аналар, орта мектеп-гимназиясының 2 «Д» сынып оқушылары қонақ ретінде қатысты.
Ашық сабақты бастаған сынып жетекші Жанар Рақманбекова оның мақсат-міндетіне тоқталды.
– Елімізде 2001 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізіліп, 2009 жылы алынып тасталған Республика күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдан бастап ұлттық мереке ретінде қайта аталып келеді. Бұл мерекенің тарихына аздап тоқтала кетсем, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы болатын. Декларацияда тұңғыш рет аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттілік қағидалары бекітілді. Сондай-ақ тарихи құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Республика күні – еліміздің тарихи кезеңдерін еске салып, мемлекетіміздің даму жолындағы жетістіктерін дәріптейтін айрықша мереке. Бұл мереке бізге тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын қаперге салады. Егемендікке жетуді аңсаған ата-бабамыздың осы жолдағы қайсар күресін айшықтайды. Сол себепті бұл – қазақ халқы үшін маңызды мереке. Баршаңызды еліміздің ең басты ұлттық мерекесімен құттықтай отырып, Тәуелсіздігімізді баянды ету өскелең ұрпақ үшін жауапкершілігі зор міндет екенін атап өткім келеді, – деген Жанар Қытымерқызы жарқын болашақта өркениет өріне қадам басқан шәкірттерінің дербес мемлекетіміздің көркейіп, гүлденуіне сүбелі үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді.
Бұдан кейін Бақтияр мен Нұрқасым қатысушыларға ұлттық мереке туралы мол мағлұмат берді. Ашық сабақ барысында оқушылар «Қазақ елі» әнін әуелете шырқап, сахнаны бимен көркемдеді. «Ту мен Елтаңбаның сыры» тақырыбындағы көрініс те әсерлі болды.
Қонақтар атынан сөз алған орта мектеп-гимназиясының 2 «Д» сынып жетекшісі Фариза Бақытжанқызы баршаны Республика күнімен құттықтап, өзі куә болған ашық сабақтың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Жанар апайдың шәкірттерінің шетінен өнерлі екенін атап өтті.
Ашық сабақты қорытындылаған Жақан Ақаев ақсақал екі мектептің оқушыларының ынтымағын нығайтуға септігі тиетін мұндай шараның жалғасын таба беруіне тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.
Шараның соңында екі мектептің оқушылары Мемлекеттік Гимн мен «Көк Тудың желбірегені» әнін бірге шырқап, қос тарап бір-біріне тәттілер табыстады.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




