Бейжің Олимпиадасында грек-рим күресінен қазақстандық Нұрбақыт Теңізбаев пен қырғызстандық Қанатбек Бегалиев күміс жүлде иегерлері атанғаны баршамызға белгілі. Қос балуанның құрметіне Талғар қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир ұйымдастырылды.
Шараға екі елдің әр аймағынан жүзден астам спортшы, жаттықтырушылар мен спорт мектептерінің өкілдері қатысты. Жарыстың бірінші күні Олимпиада жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиев тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сыныбы барысында жас спортшылар балуандар көрсеткен тәсілдерге ден қойып, өз қабілеттерін де байқап көрді.
– Балуандардың жаңа буыны өсіп келе жатқаны қуантады. Біздің міндетіміз – олардың жетістікке жетуіне жағдай жасау. Спорт – дене күші ғана емес, сонымен қатар тәртіп, мінез-құлық пен қарсыласқа деген құрмет, – деп атап өтті Нұрбақыт Теңізбаев.
– Бүгінгі балалар – ертеңгі чемпиондар. Ең бастысы – өзіңе сену, еңбек ету және қиындыққа мойымау, – деді қырғыз балуаны Қанатбек Бегалиев.
Келесі күнгі шара одан да қызықты болды. Таңғы сағат 9.00-ден бастап жарыс қызу жүріп жатты. Сонымен қатар халықаралық турнир аясында баспасөз конференциясы өтті. Қос балуан өздерінің спорттық жолы туралы әңгімелеп, сол арқылы өскелең ұрпаққа тәлім берді.
Нұрбақыт көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы оны кішкентайынан еңбексүйгіштікке баулыған. Нұрым Сапаров, Қазыбек Қарамолин сияқты жаттықтырушылардың арқасында спортпен шұғылдануды бастаған.
Өз кезегінде Қанатбек те спортқа деген сүйіспеншілік отбасынан басталғанын айтты. Туыстарының барлығы грек-рим күресімен шұғылданыпты.
Нұрбақыт Теңізбаев спорттағы табандылық пен еңбексүйгіштіктің маңыздылығына тоқталды.
– Шыңға шығу ешқашан оңай емес. Ең бастысы – өз ісіңді сүю, бапкеріңді құрметтеу және ешқашан берілмеу. Жарыста ең күштілер емес, еңсесін түсірмейтін спортшылар жеңіске жетеді, – деді әйгілі балуан.
Өз кезегінде Қанатбек Бегалиев Қазақстан мен Қырғызстан спортшылары арасындағы достық пен өзара сыйластыққа назар аударды.
– Мен 2005 жылы Қазақстанда тұрып, осы жерде жаттықтым. Нұрбақыт екеуміз бір кілемде күресіп, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Мұндай жарыстар елдеріміздің арасындағы достықты одан әрі нығайтады, – деді ол.
Айта кету керек, аталған турнир Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанат Бегалиевтің бастамасымен ұйымдастырылған.
– Турнирді өткізу идеясы екі ел арасындағы достық пен спорттық бауырластықтың символы ретінде туындады. Алғашқы турнир өткен жылы Қырғызстанда өтті. Биыл аталған доданы Алматы облысында ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Үшінші турнир тағы да қырғыз жерінде өтеді, – деп атап өтті облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Күзембаев.
Баспасөз конференциясы барысында спортшылар журналистердің сұрақтарына жауап беріп, қазіргі қызметі мен өз елдерінде спортты дамыту жөніндегі жоспарлары туралы кеңінен сөз етті.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Нұрбақыт Теңізбаев – Кеген ауданының әкімі қызметінде, ал Қанат Бегалиев – Қырғызстандағы «Спорттық құрылыстар және спорттық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесінің директоры.
Баспасөз мәслихатынан кейін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Турнирді ұйымдастырушылар мен қатысушыларға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жылы лебізін білдірді. Ол елдер арасындағы спорттық байланысты нығайту және жас спортшыларды қолдау үшін осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
– Біз жарыста көрші және бауырлас ел – Қырғыз Республикасының спортшыларын қарсы алып отырғанымызға қуаныштымыз. Қазақ пен қырғыз – ежелден туысқан, тамыры бір халық. Ұлы ақын Жамбыл Жабаев бұл бауырластықты: «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз», – деп сипаттап, екі халықтың туыстығын жырлап өтті. Бүгінгі турнир – осы достық пен бауырластықтың жарқын көрінісі. Нұрбақыт пен Қанатбек – өз күштерінің арқасында биік белестерге жеткен екі елдің мақтанышы. Олар тек спорттық жеңістерді ғана емес, бірлік пен өзара құрметтің үлгісін де көрсетті. Бұл халықаралық турнирдің өңірде спортты дамыту үшін маңызы зор. Ол жас балуандарды біріктіреді, оларға өсуге және шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді, – деді Марат Елеусізұлы.
Ашылу рәсімінен кейін алғашқы жекпе-жектер өтті. Жарысқа жас санаты (U15) бойынша 350-ден астам жасөспірім қатысады. Олар 12 салмақ дәрежесінде жүлделерді са рапқа салады.
Аталған жарыс бірнеше күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер чемпиондық белбеу, медаль, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Турнирдің ресми бөлімінде федерация атынан Қанатбек Бегалиевке бауырлас халықтар арасындағы достықтың белгісі ретінде тұлпар тарту етілді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы