Республика күні – халқымыздың азаттыққа ұмтылған асқақ рухының, тәуелсіздік пен елдік мұратының айғағы. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация – қазақ елінің тағдырын түбегейлі өзгертті. Бұл тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қалануына жол ашты.
Республика күні – мемлекетіміздің өркендеу жолындағы ең басты белестердің бірі. Егемендік алған сәттен бастап еліміз бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен жасампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан бүгінде тұрақтылық пен даму жолында айқын бағыт ұстануда.
Бүгінгі ұрпақ үшін Республика күні – жай ғана мереке емес, еркін ой мен ұлттық намыстың, мемлекетшіл сана мен азаматтық жауапкершіліктің нышаны. Біз осы қасиеттерді ұлықтап, елдік мұрат жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз. Әрбір қазақстандық өз еңбегімен мемлекеттің қуатын арттырып, ел бірлігін нығайтуға үлес қосса, егемен еліміздің еңсесі биік болары сөзсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Әлем өзгеріп жатқан шақта халқымыздың тұтастығы мен татулығы бекем болуы біз үшін үлкен мақтаныш. Республика күні – сол бірліктің, өзара құрмет пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Ол бізге өткенді еске салып қана қоймай, ертеңге деген сенімді күшейтеді. Сондықтан бұл күнді елдік пен бірліктің тойы деуімізге толық негіз бар. Ұлттық мейрамда туған жеріміздің түкпір-түкпірінде Көк байрағымыз желбіреп, жүректерде отаншыл рух оянады. Осындай мерейлі сәтте барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке, ынтымақ пен татулық тілеймін! Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасай берсін! Әрбір күніміз ел игілігіне бағытталған жарқын істер мен жетістіктерге толы болсын!
Тоққожа ЕСТЕНОВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы




