Астанада өткен XII Азаматтық форум аясында қоғамның дамуына, өзекті мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды. Алматы облысынан бұл марапатқа қайырымдылықпен айналысатын «Azamatsha kz» қорының жетекшісі, Қаскелең қаласының тұрғыны Мадина Сауытбекова ие болды.
Ол «Пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдескені үшін» номинациясы бойынша үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықтың лауреаты дипломымен және 2000 АЕК көлемінде сыйақымен марапатталды. Марапатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Бірнеше жылдан бері күйеуі Ильзат Авахриевпен және білікті мамандар тобымен бірге Мадина Маратқызы әйелдерге, соның ішінде жалғызбасты аналар мен көпбалалы аналарға, қиын жағдайға тап болған жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылдан бастап қор сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бағытында жұмысын бастаған болатын. Айта кету керек, бұл жоба Алматы облысы ҮЕҰ консалтингтік орталығы мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік әлеуметтік идеялар мен жобалар – 2025» байқауында жеңімпаз атанды. Нәтижесінде «Azamatsha kz» қорына 500 000 теңге көлемінде грант бөлінді. Енді, міне, республикалық деңгейде тағы бір мәртебелі марапатқа ие болып отыр.
Қор пробацияда тіркеуде тұрған және бостандыққа шыққан азаматтарға тегін заңгерлік көмек және психологиялық кеңес беру қызметін көрсетеді. Сондай-ақ мұнда оқытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Сотталғандар мен түрмеден босап шыққандар үшін бояу және шаштараз ісі бойынша курстар, қаржылық сауаттылық негіздері, жасанды интеллектіні және цифрлық дағдыларды бастапқы деңгейде қолдану бойынша сабақтар өткізіледі. Бұл жұмыстар ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты Іле ауданы Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында, сондай-ақ Алатау қаласы, «Заречный» ықшамауданында орналасқан ЛА-12, ЛА-14 және ЛА-57 мекемелерінде жүзеге асуда. Қордың оқу курстарына бүгінге дейін 180-нен астам ер және әйел адам қатысты.
– Форум – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог үшін бірегей алаң болды. Біз үшін қуаныштысы, Алматы облысынан жалғыз жеңімпаз ретінде қорымыздың еңбегі бағаланды. Форум аясында республикалық қоғамдық кеңестердің отырыстары, халықаралық конференциялар, қайырымдылық форумы, азаматтық сектордың дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша тақырыптық талқылаулар сияқты жиырмадан астам параллельді сессиялар өтті. Спикерлер қатарында министрлік басшылары, депутаттар, ҮЕҰ өкілдері мен сарапшылар болды. Мен де азаматтық қоғамның дамуына әсер ететін бастамалар мен шешімдерді талқылауға қатысып, қор миссиясын табысты жүзеге асыру үшін әріптестік байланыстар орнаттым. Форумның жұмысы мақсатты және нәтижелі болды, – деді Мадина Маратқызы.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы




