Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында еліміздің экономикалық саясаты мен жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған жиын өтті. Шараға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Қадыр Ысмағұлов, сондай-ақ облыстық басқармалар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев кеңестің басты мақсаты – Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру және олардың аймақ үшін практикалық маңыздылығын талқылау екенін айта келіп, салық заңнамасының реформасы кәсіпкерлердің мүдделеріне тікелей қатысты екенін атап өтті.
– Бүгінде әрбір кәсіпкердің реформаның мәнін түсінуі маңызды. Біздей экономикалық саясат жоғарыдан берілетін нұсқаулар жиынтығы ретінде емес, даму құралы ретінде қабылдануы тиіс. Ол үшін барлық тарап – билік, бизнес және қоғам үнемі байланыста болуы қажет. Бірлесе әрекет еткенде ғана нақты жұмыс істейтін шешімдерді әзірлеуге болады, – деп атап өтті ол.
Кеңес барысында мөлшерлемелердің өзгеруі, шығындарды есепке алудың жаңа ережелері, бақылаушы органдармен өзара іс-қимыл жайы сөз болды. Бизнес өкілдері талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойды және жұмыста кездесетін нақты жағдайларды ортаға салды. Кеңеске қатысушылар министрлік пен басқарма өкілдері тарапынан сұрақтарына толық жауап алды.
Асан Дарбаев жақын арада күшіне енуі тиіс жаңа Салық кодексінің мәніне егжей-тегжейлі тоқталды. Реформа, ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталғанын жеткізді.
– Жаңа кодекс кәсіпкерлердің ұсыныстары ескеріле отырып дайындалды. Біз ашық, әділ және болжамды салық жүйесін құруға тырыстық. Бизнестің жекелеген санаттарына салық салу тәсілі қайта қаралды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен отбасылық кәсіпорындар үшін мүмкіндіктер кеңейтілді. Бұл бизнесте заңды түрде жұмыс істейтін тиімді орта құру үшін маңызды. Ол арқылы экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігі арта түседі, – деді вице-министр.
Қадыр Ысмағұлов өз сөзінде реформаның негізгі міндеттерінің бірі – салықтық әкімшілендіруді цифрландыру жайын тарқатты. Оның айтуынша, бұл адами фактордың әсерін азайтады, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді және салық төлеушілермен өзара әрекеттестікті жеңілдетеді. Қазірдің өзінде электрондық құжат айналымы, автоматтандырылған тексеру және талдау жүйелері құралдары енгізілуде, бұл ішкі кірістер қызметін ашық және тиімді етеді.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев бизнестің мемлекетке деген сенімін нығайтудың, сондай-ақ экономикалық саясаттың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер бір бағытта жұмыс атқарғанда ғана іс нәтиже береді. Біз бизнестің мемлекеттің серіктесі болуға, өз идеялары және мәселелерімен бөлісуге дайын екенін көреміз. Біздің міндетіміз – тыңдау және әрекет ету, – деп атап өтті ол.
Алдағы уақытта жаңа Салық кодексінің ережелерін түсіндіру жұмысы облыстың барлық ауданы мен қалаларында жалғасын таппақ. Ол арқылы әрбір кәсіпкер өз сұрағына жауап алып, жаңа өзгерістермен таныса алады.
Құралбек СӘБИТОВ