Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты» деп ашық айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық екенін атап өтті.
Расында да, соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманымызды үйіріп, жанымызды шүберекке түюде. Әсіресе, олар TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеуде.
Аса жоғары технологиялық әдіс-айламен қаруланған мұндай қитұрқы үгіт-насихатқа әлі кәмелеттік жасқа толмаған, жақсы мен жаманды айыра білмейтін, бұғанасы бекімеген, рухани діңгегі қатпаған балалар мен жасөспірімдеріміз тез бой алдыратыны анық. Бұл әрекет БҰҰ-ның Балалар құқығы жөніндегі конвенциясына да қайшы келеді. Яғни олар халықаралық нормалардың өзін белден басып, адамдықтан да, ардан да аттауда.
Жастарды аздырып, отбасын ойран етуді көздейтін бұл ұйымдардың жымысқы әрекеттері сырттан, яғни шетелдерден қаржыландырылуда. Олар бұл бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға түрлі гранттар беру арқылы еліміздің ішкі ісіне араласып, ұлттық болмысымызға жат дүниелерді таратуда. Осылайша, қоғамды іштен ірітіп, мемлекетімізге қауіп төндіруде.
Мәселен, «Феминита» дейтін ұйым тіпті мектеп оқушыларының чатына «жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға» шақырулар таратқан.
Қазіргі таңда осындай ұйымдарды қаржыландырып келген USAID-тың жұмысы тоқтағанымен, батыс елдерінен қаржыландыру тыйылмай отыр. Ақша үшін барлық құндылықтарды аяққа таптаушылар жымысқы әрекеттерін жүргізу үшін сырттан долларлап қыруар қаржы алуда. Сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысын мұқият тексеріп, заң аясында қатаң шара қолданып, мүлдем тосқауыл қоятын кез жетті.
Былтыр бастамашыл азаматтар ЛГБТ-ға қарсы жариялаған петицияға екі аптаның ішінде 50 мыңнан астам адамның қолдап дауыс беруі қоғамның да бұған барынша қарсы екенін білдіреді. Дегенмен, қоғамның бұл орынды талабы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ішінара ғана қолдау тауып, зерттейміз дегенмен ғана шектелді.
Ұрпағыңды аздыратын, дәстүріңді тоздыратын, алауыздықты қоздыратын, рухыңды сындыратын, сөйтіп елдігіңді тындыратын «демократиялық үрдістердің» атасына нәлет!
Ауызымен құс тістеген алыс-жақындағы елдердің өзі етектерін қымтап, есіктеріне қарауыл қоя бастады. Ал, біз көңілімізді күпті қылып, жаратылысымызды байқап, шаранамызды шайқап тұрған құбылыстарды көзімізбен көріп тұрып қам-қарекетсіз отырмыз. Жанымыз шырылдап, тәніміз күйіп барады.
Енді Үкімет халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдардың қас-қабағына қарап жалтақтамай, еліміздің ішкі ісіне араласып, шаңырағымызды шайқағысы келетін мұндай қадамдарға батыл тосқауыл қоймаса, бәрі де кеш болады.




