Облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ұлан Қалжановтың төрағалығымен мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтау мәселесі бойынша жиын өтті.
Басқосуға облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Жанар Көптілеуова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Айдана Нұрғалиева, Облыстық Дін істері жөніндегі басқармасының “Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Мадияр Жанғазұлы, SVET (Stop Violence End Tyranny) қоғамдық қорының құрылтайшысы Мөлдір Жұмабаева және облыс әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.
Әдеп жөніндегі уәкіл Ұлан Серікұлы «Мемлекеттік қызметкер қандай болуы керек?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбітті. «Бүгінгі қоғам мемлекеттік қызметкерден біліктілікпен қатар жоғары мәдениеттілікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Әдеп кодексі қызметтік әдеп нормаларын дұрыс түсінуде және қолдануда ерекше маңызға ие. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары – әділдік, ашықтық, сыпайылық. Осы қасиеттер заманауи мемлекеттік қызметкердің болмысынан көрініп тұруы тиіс. Азаматтардың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру, оның ішінде адал, лайықты қызметкерлерді насихаттау мәселесіне елеулі назар аударылуы керек», – деді ол.
Жиын барысында Әдеп кодексінің, мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, діни қызмет салаларындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындарда алкогольдік, есірткілік және психотроптық заттарды тұтынуының, көлікті масаң күйде басқаруының алдын алу мәселелері қаралды. Мемлекеттік органдарда әйелдерге қатысты кемсітушіліктің орын алмауы жайы да сөз болды. Кейбір мемлекеттік қызметкерлердің жергілікті тұрғындарға дөрекі түрде тіл қатуы, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде автокөлікті жеке мақсатына пайдалануы сынды мысалдар да тілге тиек етілді.
Жиын соңында әдеп жөніндегі уәкіл Ұлан Қалжанов Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлық көріністерінің әрбір дерегін мұқият талдау, оларды жою жөнінде шаралар қабылдау, қызметкерлерге жауапкершілігін түсіндіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ерзат АСЫЛ




