Еліміздің бас қаласы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз конференциясын өткізді. Облыс басшысы өз баяндамасында осы уақытқа дейін атқарылған жүйелі жұмыс, айқын жоспар және тиімді жобаларға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ брифинг барысында өңірде шешімін күткен өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да толымды жауаптар қайтарылды.
Инвестиция – ел игілігі
Марат Елеусізұлы әңгімесін облыстағы жалпы өнім көлемінің жақсы нәтижелерге жеткенінен бастады. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басымдықтар аясында орындалып жатқанын тілге тиек етті. Нақты цифрға жүгінсек, жалпы өңірлік өнім 3,4 трлн теңгеден 6,0 трлн теңгеге дейін өскен. Соның арқасында облыс республика бойынша 10- орыннан 5-орынға көтеріліп отыр.
- Оң үрдістер басты салалардың бәрінде байқалады. Әсіресе өнеркәсіптегі қарқын айтарлықтай. Мұндағы өсім 2,1 трлн теңгеге көбейді. Осылайша біз аграрлық бағытпен ғана шектелмей, инновациялық технологиялар мен өңдеу өндірісін дамытатын жетекші өңірге айнала бастадық, – деді аймақ басшысы.
Ел экономикасын дамытып, іс-әрекеттің бәсекеге қабілетін арттыруда инвестицияның алатын орны зор. Бұл – қаржылық қолдаумен қатар өңірге озық технологиялардың келуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндіктер туады. Оның өзіндік себептері аз емес. Алматы облысы – еліміздегі инвестициялық тартымдылығы жоғары аймақтардың бірі. Географиялық орналасуы, табиғи және еңбек ресурстарының жеткілікті болуы отандық және шетелдік инвесторлардың талабына сай келеді. Олардың кәсібін дөңгелетіп әкетуіне септігін тигізетіні сондықтан. Былтыр облыстағы жалпы инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Ал биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге жетеді деп межеленіп отыр.
Облыс әкімі іске қосылған ірі жобаларға да тоқталды. Олардың қатарында «Focus Logistiks» логистикалық паркі, «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты, «LC Waikiki» сауда орталығы, «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы, «Қапшағай бидай өнімдері» агрокешені және «КегенМясПром» ет комбинаты бар екені атап көрсетілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін «MP Solution», «Kusto Logistiks», «Еуразиялық парк», «Imagine Apple Logistiks» логистикалық кешендері пайдалануға берілетіні белгілі болды.
«Біздің мақсатымыз – инвесторларға қолайлы жағдай туғызу. Бұл бағытта индустриялық аймақтар құрудың маңызы зор. Мәселен, өткен жылы ашылған «Қайрат» индустриалдық аймағында 47 млрд теңгеге мөлшерленген 4 жоба іске қосылды. Сондай-ақ 66 млрд теңгеге 19 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осы тектес тәжірибелерге сүйене отырып, тағы 15 индустриалдық аймақ құруды қолға алып жатырмыз», – деді Марат Елеусізұлы.
Инвестициялық әлеуетті арттыру шағын және орта бизнестің дамуына да әсер етеді. Бүгінгі таңда облыста шағын және орта бизнес нысандарының саны 156 мыңнан асты. Әлеуметке зор пайдасын тигізіп, 273 мың адам жұмыспен қамтылды.
Аграрлық сектор ел экономикасының өзегі іспетті. Оның тұрақты дамуы халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етеді. Сондықтан аймақта ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде өсірілетін өнімдердің сапасы жоғары, сұраныс та жеткілікті. Жеміс-жидек, көкөніс, сүт және ет өнімдері шетел нарығына экспортталуда. Құнарлы топырақ пен қолайлы климат, озық технология фермерлер ісінің ілгері басуына мүмкіндік беріп отыр.
Облыс әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 682,3 млрд теңгеге жеткенін айтты. Биылғы көрсеткіш 3,3 пайызға артып, 751 млрд теңге болады деген жоспар бар. «Шин-лайн» компаниясы балмұздақтарын Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне шығарып, пайдасын еселей түсті. «LST AGRO» жылыжайының томат өнімдері де Ресейдің сауда нүктелеріне жөнелтілді. Осындай қарқынды жұмыстардың барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 345,2 млн АҚШ долларын құрады.
Әрине, агронеркәсіп кешенінің алға басуы су ресурстарының жеткілікті мөлшерде болуына және оны тиімді падалануға байланысты екені анық. Аймақта осы жұмыстарға қатысты бірқатар мәселелердің бар екеніне баяндама барысында көз жеткіздік. 9 мың шақырымға созылған ирригация желілерінің тозуынан су шығыны 50 пайызға жетіп отыр. Осы түйінді тездетіп шешу үшін Ислам Даму Банкі арқылы 255 млрд теңге қаражат қарастырылған.
«Соның нәтижесінде Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарында суару желілері жаңғыртылып, 111 мың гектар жер айналымға қосылады. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану мақсатында облыстық бюджеттен 1 млрд теңге субсидия бөлінді. Су үнемдеуге арналған алқаптар 65 мың гектарға артты», – деді облыс басшысы.
Марат Сұлтанғазиев пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарына да тоқталды. Соңғы жылдары қолға аланған кешенді тексерістер барысында мақсатты түрде қолданылмаған немесе заң талаптарына сай өңделмеген алқаптар анықталған. Бұл әділдікті орнықтырады. Жерді тиімді пайдалануға ниетті фермерлерге жол ашады. Жаңадан алынған жерлерде егін шаруашылығын дамыту, мал бордақылау алаңдарын салу, кооперативтер құру сияқты бағыттар бойынша жобалар жүзеге асырылады. Облыс әкімінің айтуынша, 2022-2025 жылдар аралығында 528 мың гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне өтіп, оның 340 мың гектары қайтадан айналымға енгізілген. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда 11 млрд теңгеге 1373 шағын несие берілген.
Аймақта газдандыру қарқын алуда. Елдімекендер мен жаңа шағынаудандарға газ құбыры тартылып, оны іске қосу жұмыстары кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Бүгінде облыстағы 1,2 млн-нан астам тұрғын көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізді. Газдандырудың ең басты нәтижесі – халық тұрмысының жақсаруы. Бұрынғыдай қатты отын тасу, көмір жағу, түтіндету сынды әуреге салатын әрекеттер біртіндеп ұмытылып келеді. Ауа сапасы да жақсарып, өңірдің экологиялық жағдайына оң ықпал етеді. Сонымен қатар кәсіпкерліктің кең өріс алуына да оның айтарлықтай қатысы бар.
Туризм жанданып келеді
Жол сапасына арналған жоспарлы жұмыстар да әкім баяндамасында қамтылды. 20 жылдан астам жөндеу көрмеген «Қапшағай – Бақанас – Қарой», «Нарынқол – Сүмбе», «Қарқара – Ереуіл», «Есік – Саймасай», «Алматы-1 – Шамалған – Ұзынағаш» автомобиль жолдары қайта жаңартылды. Бүгінгі таңда даңғыл жолдардың үлесі 95 пайызға жеткен. Алматы облысы – туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Әлемге танымал Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлдері, Таңбалы тас сияқты туристік нысандар осы өлкеде орналасқан. Соңғы жылдары облыста туристік инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Соның нәтижесінде көздің жауын алатын көрікті жерлерге қызығатын туристер легі жыл өткен сайын көбеюде.
«Биыл облыста демалушылар саны 2,2 млн адамға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға өсті. Қонаев қаласындағы жағажайларға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Құны 83,2 млрд болатын «Oi-Qaragai» тау-шаңғы курортын кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Қапшағай көлі жағалауында «ASP-Arena» туристік кешені, халықаралық деңгейдегі спорт аренасы, 4000 орындық стадион пайдалануға берілді. Бұл жерде Орталық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны қонақтарды қабылдауға дайын. Қайыңды көліне баратын 9 км жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды», – деді Марат Елеусізұлы.
Облыс әкімі сондай-ақ әлем елдеріне ұлттық құндылықтарды дәріптеуге көңіл бөлінгенін, соған қатысты игі шаралар өткізіліп жатқанын атады. Биыл өңірдегі «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығының түйелерімен әлемдегі ең үлкен түйе керуенін ұйымдастырып, ол жаңалықтың Гиннестің рекордтар кітабына енгенін қуана жеткізді. Осы арқылы туризмнің танымалдылығы одан сайын арта түсетіні анық анық.
Брифингке қатысушылар соңғы үш жылда облыстағы барлық сала бойынша 176 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын естіді. «Бұл – Президенттің әлеуметтік қолдауды тиімді жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалғанын көрсетеді. Өңірде ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді көмек көрсету басты назарға алынды. Мәселен, «Ақжол-М» балаларды оңалту орталығы қалыпты жұмыс істеп жатыр. Орталықты жабдықтау мақсатында «Қазақстан Халқына» қоры 1 млрд-қа жуық қаражат бөлді», – деді аймақ басшысы. Келесі кезекте білім, спорт және мәдениет саласындағы тұшымды жұмыстарға тоқталды. 2022 жылдан бері облыста 45 жаңа мектеп пен 6 жапсаржай салынған. 55 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Жыл соңына дейін 6 мектеп ашылып, 20 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталады.
Жарқын жоба
Марат Елеусізұлының айтуынша, инфрақұрылымды кеңейту барысында үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін азайған. Білім сапасы да көңіл қуантарлық деңгейде. Республикалық олимпиада жеңімпаздарының саны үш есеге артып, 301 балаға жетсе, халықаралық жарыста 61 оқушы жүлдегер атанды. Биылғы жылы облыста 18 мың оқушы мектеп бітіріп, оның 7 681-і мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарына түсті. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық аймағы университеттерімен келісім жасалып, 27 түлек Үрімжідегі Синьцзян университетінде тегін оқумен қамтамасыз етілді. Бұл жоба – өңірлік деңгейдегі «Болашақ» бағдарламасының баламасы. Аймақта креативті индустрияны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді.
«Жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылды. Қазіргі таңда мұнда 60 студент білім алуда. Сонымен қатар Сүлеймен Демирел университетінде «Freedom» компаниясының қолдауымен салынған жаңа инновациялық корпус өз жұмысын бастады. Талғардағы қос бірдей халықаралық стандартқа сай футбол академиясын атап өткім келеді. Испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол академиясында еліміздің түкпір-түкпірінен 113 оқушы білім алуда және Қазақстан футбол федерациясының заманауи академиясының құрылысы басталды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Биыл еліміздің біртуар перзенті, даңқты композитор, әйгілі дирижер, дәулескер күйші, жерлесіміз Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Баспасөз мәжілісінде облыс әкімі айтулы тұлғаға қатысты өткен шараларды тілге тиек етті. Атап айтқанда, ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп Бейжің, Бішкек және Мәскеу қалаларында композиторға арналған концерттер ұйымдастырылды. Нұрғиса Тілендиевтің есімі Іле ауданындағы жаңадан ашылған Мәдениет үйіне беріліп, ескерткіші асқақтады. Мерейтойы Париж төрінде қорытындыланды.
Марат Елеусізұлы қоғамдық және жол қауіпсіздігін күшейту бағытында 9 416 бейнекамера және 325 аппараттық кешен орнатылғанын, 350 елдімекен интернетпен қамтылғанын және облыста өткен тазалық акцияларын айта келе баяндамасын Қонаев және Алатау қаласының даму жоспарларымен қорытындылады.
Биыл Қонаевтың облыс орталығы болғанына үш жылдан асты. Бүгінгі таңда қала жаңа серпін алып, қабылданған шешімдер халық тұрмысын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға бағыт алған. Қалада экологиялық тепе-теңдікті сақтап, жасыл аймақтарды көбейту, саябақтар салу, жағалауды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Осы мақсаттағы ілкімді істер туралы да баяндамада қамтылды.
«Қонаев қаласында 39 км жол жөнделіп, 50 жаңа аялдама орнатылды, 73 км электр желілері және 26 км су құбыры тартылды, 11 трансформатор жаңартылып, 65 нысан абаттандырылды. №5 қалалық жағажай «Үздік жағажай» конкурсында Бурабайдан кейін 2-ші орынды иемденді», – деді аймақ басшысы.
Алатау қаласына ресми түрде арнайы мәртебе берілуі – аймақ әлеуетіне жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам болды. Бұл шешім қаланы Алматы агломерациясының маңызды орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Облыс әкімі осы жұмыстарға бағытталған мемлекеттік тапсырмалардың орындалу барысы туралы сөз етті.
«Алатау қаласына келетін болсақ, қазіргі таңда 88 мың гектар аумақты қамтитын және 54,2 мың тұрғынға қызмет ететін дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды. Үкіметтің қаулысымен қаланың бас жоспары бекітілді. Бұл мақсатта Алатау қаласын дамыту жөніндегі Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылды. Президент Жарлығына сәйкес қаланы дамыту жөніндегі кеңес жасақталды, оны Премьер-министр басқарады. Қазір Конституциялық заң дайындалып, жыл соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланып отыр. Қала аумағында инвестициялық бағыт бойынша жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 42 жобаның тізбесі қалыптастырылады», – деп баяндамасын түйіндеді.
Сұрақ-жауап
Брифингтің келесі бөлігі сұрақ-жауап форматында өтті. Республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне түрлі тақырыптар бойынша сауалдарын жолдады. Ең алдымен саяжай мәселесіне қатысты сұраққа аймақ басшысы былай жауап берді:
«Бүгінде облыстағы 677 саяжай аумағында 200 мыңнан астам адам тұрады. 2023-2024 жылдары біз 452 саяжай алабының құжаттамасын 47 елдімекенге қосу үшін дайындадық. Қазіргі уақытта 247 саяжай ресми түрде 22 елдімекенге біріктірілді. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл тағы төрт ауылға біріктірілетін 23 саяжай бойынша құжаттар пысықталуда», – деді өңір басшысы.
Биыл жазда Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа көшіру үлкен қоғамдық резонанс тудырып, мәселе Мемлекет басшысының деңгейіне дейін жеткені белгілі. «Бүгінде Қонаевқа көшірілген балалар саны қанша және олардың жағдайы қалай?» деген сауалға да жауап берілді. Облыс әкімінің айтуынша, балаларды көшіру заң аясында жүргізілген.
«Қонаев қаласында толыққанды жұмыс істейтін балаларға арналған жаңа орталық ашылған соң көшіру басталды. Себебі 1964 жылы салынған Бағанашылдағы балалар үйінің ғимараты әбден тозған, күрделі жөндеуді қажет етті. Көшіру кезінде тәрбиеленушілер саны 41 болатын, оның 37-сі бірден жаңа орталыққа ауыстырылды, ал төртеуі өз еркімен Бағанашылда қалды. Кейін тағы бес бала аға-әпкелерімен бірге болу үшін Алматыға кетті. Сонымен қатар тамыз-қараша аралығында Алматы облысынан қиын жағдайға тап болған тағы 32 бала қабылданды. Қазір Қонаевтағы орталықта 55 бала тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған», – деді Марат Сұлтанғазиев.
«Жедел-жәрдем» қызметінің жай-күйі туралы сұраққа облыс басшысы:
«Қазір облыста шамамен 160 «Жедел-жәрдем» көлігі бар, бірақ оның 60 пайызы тозған. Барлығын бір уақытта жаңартуға бюджеттік мүмкіндік жоқ. Сондықтан лизинг арқылы 90 көлік алуды жоспарлап отырмыз. Биыл «Maraven Food» компаниясы 10 «Жедел-жәрдем» көлігін сыйға тартты», – деп жауап берді.
Журналистер Райымбек пен Кеген сияқты шалғайда жатқан таулы өңірлердің қашан газбен қамтамасыз етілетінін және Шелек ауылына аудан мәртебесі қайтарылуы мүмкін бе деген сауалдар да қойды. Әкімнің айтуынша, екі ауданға газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға жіберілген. Ол бұл бастама өңірдің туризмін дамытуға да серпін беретінін атап өтті. Ал Шелекке аудан мәртебесін беру мәселесіне қатысты:
«Бұл мәселе күн тәртібінде жоқ. Себебі Шелек қазіргі таңда өзін-өзі қамтамасыз ете алатын өңір қатарына жатпайды. Бұрынғыдай темекі шаруашылығы жоқ. Қазір бұл өңірде шаруалар көбінесе жүгері өсірумен айналысады. Жуырда Масақ ауылдық округінде жүгері өңдеу және сақтау бойынша жоба қолға алынды. Алдағы уақытта осындай өндіріс орындары көптеп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса бұл мәселе қарастырылатын шығар деп ойлаймын», – деп түсіндірді аймақ басшысы.
Талғардағы қазіргі жағдайға қатысты сауалға облыс әкімі былай жауап берді: «Талғардағы жағдайға қатысты сауалға облыс әкімі өз көзқарасын білдірді. Құқық қорғау органдарының деректеріне қарағанда, қазір Талғардағы тәртіп біршама түзеле бастаған. Қылмыс деңгейі 18 пайызға төмендеген. «Шын мәнінде өңірді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар көп. Талғар – туристік аймаққа жатады. Сондықтан мұнда жағымсыз пікірлердің болмағаны абзал. Орын алған олқылықтардан біржолата арылу керек», – деді әкім. Баспасөз мәслихатында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзге де сұрақтар қойылып, оларға толыққанды жауаптар берілді.
Болат Мәжит




