Күні кеше Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы орталық коммуникациялар қыметінің ақпарат алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің журналистерге берген сұхбатын мұқият тыңдадым. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен болашаққа деген жоспар жайлы мол мағлұмат алып, бір марқайып қалғаным рас.
Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, мемлекетіміздің іргетасын бекіту үшін берік те берекелі экономика қажет екені түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, биылғы жылдың 11 айында жоспар 109,1 пайызға орындалып, оң динамиканы көрсетіп отырғаны қуантады. Экономикаға салынған инвестиция былтырғымен салыстырғанда 22,5 пайызға артып, 778 млрд теңге құрағаны, елімізде шығарылатын өнімдер 63 елге экспортталып, 581 млрд теңгеге жеткені де үлкен жетістік деп есептеймін. Және ол экспорт шикізат ретінде ғана емес, өңделген тауар түрінде жөнелтіліп жатқаны біздегі өңдеу өнеркәсібі әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартса керек.
Брифингте Қонаев және жаңадан құрылған Алатау қалаларының бүгіні мен болашағы туралы да жақсы айтылды. Демек, алдағы уақытта жаңарып, жасарған бір облыс орталығы мен дүниежүзінде баламасы жоқ экономикалық аймақ халыққа қызмет көрсете бастамақ. Ол жерде ең үздік технологиялардың қолданылуымен өндіріс орындары мен өнеркәсіп кешендері ашылады деп күтілуде. Жаңа жобаға қаржы саламын деген шет елдік компаниялармен келісім жасалып та қойған екен. Демек, Алматы облысы әлемдік деңгейдегі дамыған аймаққа айналары хақ.
Алматы облысы еліміздегі ең үлкен мегаполис – Алматы қаласын қоршай орналасқандықтан, мұнда азық-түлік белдеуін қалыптастыру аса маңызды міндет. Баспасөз мәслихатында бұл бағытта атқарылар істер жайында да ақпарат алдық. Бүгінге дейін жасалынған жұмыстар, ең бастысы болашаққа бағытталған жоспар көңіл қуантады. Азық-түлік тауарларын өндіріп қана қоймай, оны өңдеу шаралары да ойластырылып қойған екен. Брифинг барысында айтылған осы және басқа жайларды тыңдай отырып, еліміздің ертеңіне, балаларымыздың болашағына деген сеніміміз нығая түсті. Енді сол жобалардың жүзеге асырылуы үшін аянбай еңбек ету қажет!
Қанат Тәкебаев,
Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Қарасай ауданы
