Алатау қаласында салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен «Арақсыз ауыл» атты жаңа әлеуметтік бастама жүзеге асырыла бастады. Жоба ауылды аймақтарда жиі кездесетін тұрмыстық мәселелердің алдын алуға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және жастар арасында зиянды әдеттердің таралуын азайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта алкогольге тәуелділік тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік және қоғамдық тұрақтылыққа әсер ететін өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты Алатау қаласының әкімдігі тұрғындармен бірлесе отырып, ауылдағы қоғамдық мәдениетті жаңа деңгейге көтеруді басты мақсат етеді.
Жоба шеңберінде ауылдық аумақтарда тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, алкогольдің денсаулыққа, отбасы тыныштығына, қоғамдық тәртіпке және жастар тәрбиесіне тигізетін зияны жөнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл кездесулерге медицина қызметкерлері, педагог-психологтер, учаскелік инспекторлар, ардагерлер кеңесі және қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, ауыл тұрғындарына өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салуда. Тұрғындар бастаманы қолдап, ауыл ішіндегі тәртіпті сақтау, жастарды зиянды әдеттен қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында қоғам болып бірігіп жұмыс істеудің маңызын атап өтуде.
«Арақсыз ауыл» жобасы қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, тұрмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға, жастардың саналы және салауатты өмір салтын таңдауға мүмкіндік жасауға бағытталған. Сонымен қатар, жоба ауылдық жерлерде мәдениетті, қауіпсіз және зиянды әдеттен ада орта қалыптастыруды көздейді. Қала әкімдігі бастаманы кезең-кезеңімен кеңейту арқылы бұл тәжірибені Алатау қаласының басқа ықшам аудандарына да енгізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жобаға қоғамдық кеңестер, жастар ұйымдары, ардагерлер, белсенді тұрғындар және жергілікті мамандар кең көлемде атсалысып, қолдау көрсетіп келеді.
Алатау қаласында бастау алған бұл бастама өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және болашақ ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етуге бағытталған маңызды қадам болып саналады. Тұрғындардың белсенділігі мен қолдауына сүйене отырып, «Арақсыз ауыл» жобасы қаланың үлгілі әлеуметтік бағдарламаларының біріне айналып, алдағы уақытта кеңінен жетістіктерге жетеді деген сенім бар.
Ақжігітов Ардагер Өркенұлы,
“Алатау қаласының ішкі саясат бөлімі” мемлекеттік мекемесінің басшысы




