Қазақ жастары ағылшын тілін үйренуге арналған «Aleem» қосымшасын жасап шығарды. Аталған қосымша небәрі үш күннің ішінде 107 елден 100 мың адам тіркеліп, білім беруге арналған App Store тізімінде Орта Азия елдерінде бірінші, ал Ресей мен Әзербайжанда 2-орыннан көрініп, отандық қосымша бүкіл әлемге танымал «Duolingo»-дан да асып түскен.
Алдымен қолданушы өзі қызығатын тақырыптарды, күніне қанша уақыт дайындалғысы келетінін көрсетеді. Сол арқылы бағдарлама әр қолданушыға ерекшелігіне сай жоспар құрып береді. Сөйлеу мен жазу дағдыларын жетілдіріп, сөздік қорды арттыруға, грамматиканы түсінуге көмектеседі. Болашақта қосымшаға бейнеүзінділер мен кітап оқу мүмкіндігін қосу жоспарланған. Қазір ол iOS жүйесінде бүкіл әлемде қолжетімді, Android нұсқасы дайындық үстінде.
Жобаны Алидар Кучуков, Асылжан және Әлен Алтай, Темірлан Аманжанов, Бердібек Сапарбеков, Айя Жұмағалиева, Амаль Садекова есімді 16 мен 23 жас аралығындағы қазақ студенттері іске асырған. «Қазір адамдардың бәрі күні бойы смартфонға үңілуде. Біз экран алдында өтетін осы уақытты пайдалы етіп, тіл үйренуге ыңғайлы болуын көздедік. Осылайша күнделікті телефонда хабарлама оқу, бейнежазба қарау, сөйлесу сияқты дағдылармен қатар ағылшын тілін меңгеру де әдетке айналып кетеді», – дейді стартаптың негізін қалаушы Алидар Кучуков. Жобаның алғашқы ең қарапайым, сынақ түріндегі нұсқасы жазда іске қосылып, ал күзде қосымшамен толыққанды жұмыс істей бастаған. Бүгінде АҚШ-тағы стартаптарды дамытуға арналған «AlchemistX» бағдарламасынан өтіп жатыр.
Қазір қосымшада дайындалу тегін және уақытта ешқандай шектеу жоқ. Болашақта ақылы нұсқалары да қосылмақ. Бірақ жазылым бағасы баршаға қолжетімді болмақ.
«Төрт жыл ішінде қаншама қателік жіберіп, онымен жұмыс істедік, ешқандай жалақысыз, инвестициясыз күні-түні еңбек еттік. Мұның бәрі текке кетпей, жақсы нәтиже бергені қуантады. Біздің басты мақсатымыз Қазақстанға, кейін бүкіл әлемге сапалы әрі қолжетімді қосымша жасау болды. Бұл жетістігіміз – команданың еңбегі мен жақындарымыздың және халықтың қолдауының жемісі», – деп жазды Алидар Кучуков өзінің «Treads» парақшасында.
Ең бастысы, қосымшаға қазақ тілі де енгізілген. Енді ағылшынды ана тілімізде үйренуге мүмкіндік бар. Бүгінде қолданушылар саны күн санап артып келеді, ал жоба авторлары қосымшаны одан әрі жетілдіруге күш салуда.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




