❄️
2°C
Қонаев
Сәрсенбі, Қараша 5, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Антарктидаға қала атауын айшықтаған

    01.11.2025
    in Барлық жаңалықтар, Туризм және саяхат
    Антарктидаға қала атауын айшықтаған
    0
    SHARES
    16
    VIEWS

         Қапшағай су қоймасы маңынан бой көтерген шағалалы шаһарға биыл 55 жыл толды. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, бүгінде қаланың аты да, заты да өзгерген. Заңғар тұлға Дінмұхамед Қонаевтың есімін иеленіп, облыс орталығына айналды. Қазір мұнда жаңа құрылыстар қарқын алып, халық саны да өсіп келеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар қаланың шежіре сыры аз емес. Құлақ түрсеңіз, небір қызықты оқиғаларға қанығасыз. Соның ішінде мына бір жайт оқырманды елең еткізетіні анық. Қаланың бұрынғы атауы мәңгілік мұзға оранған Антарктидаға айшықталған екен. Жан баспайтын құрлыққа жол тартып, жанкешті әрекетке барған кім? Енді сол туралы хикаяны тарқатып айтайық.

    Он алты ай бойы Оңтүстік полюс­ті мекендеген таң­ғажайып тағдыр иесі Қонаев қаласының тұрғыны Сансызбай Мәдибеков болып шықты. Ол кісі саналы ғұмырын «Қазгидрометке» қарасты метеорологиялық стансаның жұмысына арнапты. Қазір зейнет демалысында. Жасы жетпістің ортасынан асып барады.
    «Іздегенге – сұраған» дегендей, кейіпкеріміз редакцияға өзі келді. Бірден ежелгі таныстардай шүйіркелестік. Ешкімді жатырқамайтын көпшіл екені көрініп тұр. Әкелген қағаздарының арасынан сарғайған фотоларды шығарды. Суреттер арнайы экспе­диция­ның мұзды құрлықтағы күндерінен сыр шертіп тұр. Ең қызығы, солардың ішінен «Қапшағай» деген жазуы бар тақтайша бейнеленген фото көзімізге оттай басылды. Әрмен қарай Антарктида сапары туралы әңгіме басталды. Сансызбай Жұмабайұлы алдымен өзінің қатардағы қарапайым балықшыдан метеорологқа қалай айналғанын сөз етті.
    «Мен бұрынғы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданы Алғазы елдімекенінде өсіп, ержеттім. Балықшылар отбасында тәрбиелендім. Үйде он ағайынды едік. Бес жасымнан әкемнің қасында жүріп, Балқаш көлін қайықпен талай рет шарладым. Мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсудің реті келмеді. Армияға шақырылып, әскери борышымды Владивостокта өтедім. Онда радистің курсын ойдағыдай меңгердім. Зу етіп екі жыл да өте шықты. Елге аман-есен оралған соң, баяғы балықшылық кәсібіме қайта кірістім.


    Бір күні кенеттен ауа райы бұзылып, көл бетінде қатты дауыл тұрды. Қайықтар шайқалды. Салдарынан балық аулайтын торымыз жыртылып, жарамсыз болып қалды. Енді оны есептен шығарып, жаңасымен ауыстыру үшін ауыл маңында орналасқан метеорологиялық стансадан анықтама алу қажет. Әдетте мұндай жұмысты әкемнің өзі реттеуші еді, бірақ осы жолы бұл міндет маған жүктелді.
    «Станса басшысы Владимир Гарнышқа барып, мән-жайды түсіндір. Ауа райының қолайсыздығынан торлардың жыртылғанын айт. Соны растайтын құжат алып кел», – деді әкем. Үлкен кісінің сөзін екі етпей, айтқан жеріне жылдамдата барсам, басшы бос емес екен. Сәл күтуге тура келді. Жан-жағыма барлай қарадым. Кеңседе орыс қыздар жұмыс істеп отыр. «Тық-тық» еткен бір дыбыс құлағыма жағымды естілді. Морзе әліппесімен берілетін бұл белгі әскерде жүрген кезден жақсы таныс. Байқасам, мұндағы қызметкерлер байланыс аппаратындағы кілтипанды таба алмай әлек болуда. Ал мен ондағы ақау неден шыққанын алыстан қарап-ақ сезіп тұрмын. Бірақ өзгенің жұмысына араласпайын деп, біраз сабыр сақтадым. Ал әлгілердің нәтиже шығаратын түрі жоқ. Сондықтан араласуға тура келді. «Жылдамдық аз, соны ретке келтіру керек» деп едім, қыздар мына балықшы не сандалып тұр дегендей бетіме бажырая қарады. Кабинетінен енді шыққан директор да менің айтқан сөзімді естіп үлгеріпті. «Қанеки, жігітім, мықты болсаң өнеріңді көрейік», – деп үстелдің үстіндегі аппаратты нұсқады. Шешінген судан тайынбас дегендей, отыра қалып, байланыс жылдамдығын тезірек ретке келтіріп, ақауды әп-сәтте жөндедім. Менен мұндай шеберлікті күтпеген олар аң-таң. Содан соң радистің жұмысын қайдан үйренгенімді тәптіштеп сұрай бастады. «Әскерден қалған әдет қой», – деп қысқа қайырдым да, қажетті қағазымды алып, жөніме кеттім.
    Арада біраз күн өтті. Ауылда балықшылар күні тойланды. Онда түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. Мен де қарап тұрмай, жарыста бағымды сынап көргім келді. Бала кезімнен күреске қатысқанмын. Бозкілемнің үстіндегі бәсекеде қарсылас шақ келтірмей, бәрін жеңдім. Сөйтіп мерейім үстем болып тұрған сәтте інілерім келе қалды. «Аға, сені әкем шақырып жатыр. Қасында орыстар бар», – деді. Асыға басып үйге кірсем, төрде станса басшысы Владимир Гарныш отыр. Амандық-саулық сұрасқан соң маған мейірлене қарап: «Балам, өткенде сенің ісіңе бәріміз тәнті болдық. Бұл салада қабілетті екенсің. Енді соны ары қарай ұштап, жетілдіру керек. Алматыдағы он айлық метеорологиялық мектепке барып, біліміңді шыңдап, стансаға жұмысқа тұрсаңшы. Біздің жолымызды сен секілді білікті кадрлар жалғастыруы қажет», – деді ол. Гарныштың сөзін әкем де құптады», – деп Сансызбай аға өткен күндерді еске түсірді.


    Талапты жасқа бұл оқу орны соншалықты қиындық тудырмапты. Білім алушылар ішінде озат атанып, басшылықтың назарына ілігеді. Сол кездегі «Қазгидромет» мекемесінің директоры Сәкен Дүйсенов оған ерекше сенім артып, «Алғазы» метеостансасының басшысы қыз­метіне тағайындайды. Бұл 1972 жыл болатын. Одан кейін Целиноград облысы Малиновка ауданында жаңадан ашылған стансада қызмет етеді. Ол жұмыста да өзінің біліктілігін жан-жақты көрсетеді. 1978 жылы Қапшағай маңындағы «Қарашоқы» стансасына ауысады. Міне, осында жарты ғасырға жуық жемісті еңбек етіп, Антарктидаға да сол жерден аттанған.
    «Ол кезде жұмыс қатаң бақыла­натын. Жылына екі рет Мәскеуден арнайы комиссия келіп, станса қызметін жіті тексеріп тұратын. Өзін жақсы жағынан көрсет­кен мамандардың қызметін өсіріп, шетелге іссапарға жіберетін. Осы мүмкін­дікті пайдаланып, біраз әріп­тестер Вьетнам, Африка, Кубаға барып, мол тәжірибе жинап қайтты. Бізге де кезек тиер деп іштей дайын­далып жүрдік. Бір күні сол сәт те келіп жетті.
    «Қарашоқы» стансасына Мәскеуден жұмыс тобы келді. Мақсаты – жаңадан жасалған құрылғыларды сынақтан өткізу. Солармен бір апта бойы бірге жүрдік. Қолымыздан келгенше көмек­тесуге тырыстық. Сонда Иванов деген орыс жігіті, есімі есте қалмапты, маған ерекше риза болды. «Жуырда Антарктидаға экспедицияға шығамыз. Бізге өзің сияқты бесаспап маман керек. Қатарамызға қосылсаң қайтеді?» – деді. Бұл сөзді естігенде көптен күткен арманым орындалғандай балаша қуандым. Алайда оның айтқаны қысыр әңгіме болуы да мүмкін. Уәдесінде тұра ма, жоқ па, ол жағы маған белгісіз. Бірақ үміттенгенім рас. Сол үмітім алдамапты. Бір айдың ішінде Мәскеуден шақырту келді. Сөйтіп Антарктида сапарына дайындық басталды», – деп қарт метеореолог әңгімесін сабақтады.


    Сансызбай ағаның айтуынша, бұл ұзақ сапарға олар алдын ала дайындалған. Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият сақтау қажет екенін санасына сіңірген. Өйткені ондағы климат енжарлықты көтермейді. Осы талаптарды экспедиция мүшелеріне бүге-шігесіне дейін түсіндірген соң 125 адам мінген ИЛ-76 ұшағы Ленинградтан әуеге көтеріледі. Алдымен бес сағат Иемен Республикасына ұшады. Онда біраз аялдаған соң, тағы бес сағат ұшып Мозамбикке келіп қонады. Ал Мозамбиктен Антарктидаға дейінгі әуе жолы тоғыз сағатқа созылған.
    «1988 жылы 20 ақпанда мұз үстіндегі әуежайға келіп қондық. Ұшақтан түсе сала айналада аппақ қардан басқа ештеңе көрінбейді. Діттеген «Молодежный» стансасына орналастық. Мұндағы жұмыс әскери тәртіпке ұқсайды. Рұқсатсыз стансадан аттап баса алмайсың. Асхана, жатақхана және стансаның арасы алыс емес, асып кетсе 50 метр. Қысқы мезгілде далада – 60 градус аяз болады. Ал жазда – 30 градус суық. Біз ақпан айында бардық дедім ғой. Қанша градус болғанын шамалай беріңіз. Антарктидада ауа райы құбылмалы. Аяқ астынан ұйытқып боран соғады. Табиғат қатал мінез танытса, қозғалыс қиындайды. Сондықтан баратын жеріңе жалғыз жарым жібермейді. Міндетті түрде екі адамнан жүреді. Оқыс жағдай болып қалса, екіншісі көмекке келеді. Сонымен қатар рация арқылы қайда баратыныңды ескертіп айтуың қажет. Ал егер бұл талапты орындамасаң, қарыс жерде адасасың. Өкінішке қарай, ережені елемей, қайғылы оқиғаға ұшыраған әріптестер болды. Бізбен бірге келген екі жігіт тәртіпке селқос қараймын деп қапыда ажал құшты. Сүйектері мұз әлемінің қойнауында мәңгіге қалды. Антрактиданың қасіретін көзімізбен көрдік.
    Сондағы тұрмыс жайы­мызға тоқтала кетейін. Жұмыс істейтін орында, жатын бөлмеде міндетті түрде бір аптаға жететін азық-түлік қоры сақтаулы тұрады. Неге дейсіз бе? Өйткені ауа температурасы – 50 градус­тан асқанда далаға шығу мүмкін емес. Аяздың беті қайтқан сәтті күтіп, бөлмеде тапжылмай отыруға тура келеді. Оған да үйрендік. Біз тек түйе жүнінен тігілген киімдерді кидік. Түйе жүнінің қасиеті ерекше. Аязға алдырмайды, суыққа тоңдырмайды. Ата-бабамыз ойсылқараны бекерден-бекер өсірмеген екен. Көрегендігіне қайран қаласың.
    Мемлекеттік арнайы экспедиция болғандықтан, мұзды құрлықта тамақтан еш қысылған жоқпыз. Күн сайын аста-төк дастарқан десем артық айтқандық болмас. Мәзірі өте бай және құнарлы. Құстың сүтінен басқасының бәрі самсап тұрады. Тағам әзірлейтін аспаздар – Мәскеу мейрамханаларында жұмыс істеген, кәсіби сыннан өткен өз ісінің нағыз шеберлері. Мен экспедиция құрамында радист болдым. Басты міндетім – ұшақтарды қабылдау, орталыққа метеорологиялық ақпараттарды жөнелту. Мәскеумен байланысқа шығу сияқты аса жауапты тапсырмаларды талапқа сай атқардым.
    Бірде Жаңа жыл кешінде ерекше қызық оқиға болды. Әр елдің Мемлекет басшылары осындағы метеостанса қызметкерлерін Жаңа жылмен құт­тықтады. Сондағы АҚШ Президенті Рональд Рейгеннің құттықтау хатын қабылдап алып, әріптестерге жеткізгенім әлі есімде. Мемлекеттік деңгейдегі міндетті ойдағыдай атқарғаныма бәрі қуанып, риза болды.
    Антарктида аумағында Кеңес одағына қарасты бірнеше станса жұмыс істеді. Сонымен қатар басқа мем­лекеттердің де байланыс орталықтары хабар таратып жатты. Әр стансаның арақашықтығы мың шақырымға созылған. Біздегі 125 маман әртүрлі ұлттың өкілі еді. Олар Украина, Беларусь, Балтық елдерінен келген. Ал Орталық Азиядан қатысқан жалғыз мен болдым. Ешқандай мемлекеті жоқ, шекараны білмейтін өлшеусіз құрлықта тұрып жатқандықтан ба, бәріміз кеменің жолаушыларындай едік. Бір елдің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақтаса күн кештік.
    Антарктиданың тіршілігі тылсым. Мұнда аң-құстың қарасы көзге шалын­байды. Есесіне пингвиндер өте көп. Олар­дың бірнеше түрі бар. Бір-екеуін аулап, жақыннан ұстап көрдік. Мұзды құрлықта некен-саяқ шағала­лар кездеседі. Пошымдары бүркітке ұқсас имек тұмсықты бұл құс – нағыз жырт­қыштың өзі. Әсіресе пингвин­дердің балапанын қалт жібермей аңдиды. Олардың етін жеуге құмар. Жаз мезгілінде, – 30 градус суықта өзімізше арқаны күнге тосып балық аулайтынбыз. Мұздың қалыңдығы екі метрден асады.
    Бір сөзбен айтқанда, бұл сапар менің өмірімдегі ұмытылмас сәттерге толы болды. Әсіресе «Новолазаревадағы» стансаға ауысқанда өзім тұратын қала атауын Антарктидаға жазып қалдыруды ойлап, тың әрекетке кірістім. Алға қойған мақсатты жүзеге асырғаныма ерекше қуанамын. Осындай бір кішкентай еңбегіммен еліме, жеріме деген құрметімді паш еткенім бар. Арнаулы тақтайшаға «Қапшағай» деп жазып, оны мұз үстіне бекіттім.
    Бәлкім, сол әрекет болашақты жақсы ырымға бастаған шығар?! Қазір Қонаев атанған, тұғырын қайраткер атамыз қалаған шаһар облыс орталығына айналды. Інжу маржандай жарқырап ажарлана түсті. Алып құрылыстар құлашын кеңге жаюда. Іргесінде халықаралық стандартпен Алатау қаласы бой көтермек. Жарқын жобалар жүзеге асып, жас ұрпақтың келешегі кемел болсын. Еліміз көркейе берсін!» – деп Сансызбай аға ағынан жарылып, әңгімесін аяқтады.
    Қонаев қаласының маңындағы метеорологиялық стансада жарты ғасырға жуық жұмыс істеген Сансызбай Мәдибековтің еңбегі еленді. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша «Құрмет» орденімен марапатталды. Зайыбы Күләшгүл апай да – осы саланың маманы. Ерлі-зайыпты Мәдибековтер станса жұмысының ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңды. Бүгінде екеуі зейнет демалысында, бала-шағаның бақытына кенеліп отыр. Үндемей жүріп үлкен іс бітірген ардагердің жолы ­– ұрпаққа үлгі-өнеге. Антарктиданы бағындырған қазақтың жадырап жанымызда жүргені бәріміз үшін мәртебе деп сөзімізді түйіндейік.

    Болат МӘЖИТ

    Ұсынымдар

    «Қызылтас – тасбақа» экологиялық акциясы өтті

    «Қызылтас – тасбақа» экологиялық акциясы өтті

    1 year ago
    Лайықты марапат

    Лайықты марапат

    1 year ago
    Орталық жағажайдан күн сайын 90 тоннаға дейін қоқыс шығарылады

    Орталық жағажайдан күн сайын 90 тоннаға дейін қоқыс шығарылады

    4 months ago
    В фокусе — дальние районы Алматинской области: профилактика ВИЧ среди молодёжи

    В фокусе — дальние районы Алматинской области: профилактика ВИЧ среди молодёжи

    3 hours ago
    Бірлігі жарасқан

    Бірлігі жарасқан

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>