⛅
7°C
Қонаев
Сәрсенбі, Наурыз 4, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    АРМАНЫ БИІК АҚСАҚАЛ

    06.11.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    АРМАНЫ  БИІК  АҚСАҚАЛ
    0
    SHARES
    6
    VIEWS

          Миллиондаған адамды қанға бөктірген Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр зардабы сол сұрапыл дәуірде дүниеге келген перзенттердің де санасына сызат түсірді. Олар соғысты көрмесе де, балалық шақтарынан алапат айқастан кейінгі бейбіт өмірге белсене араласып, қиындыққа мойымай, адал еңбектің жарқын үлгісін көрсетті. Қазіргі арамыздағы аға буын да солар болып саналады. Осындайда соңғы жылдары жиі көріп жүретін әрі тізе қосып бірге қызмет атқаратын бір ақсақал ойыма орала береді. Мына өмірде жаратылысы бөлек жандар болады ғой, ол кісі тура сондай! Олай дейтінім, шынашақтай ақсақал қашанда қарапайым қалпынан айнымайды. 83 жастың сеңгірінде жүрсе де, сергектігінен жаңылып көрген емес. Атқарып жүрген қызметі көк тиын төлемейтін қоғамдық негіздегі жұмыс болса да, оған олқысына қараған жерін байқамаппыз. Оның көзінің ашық, көкірегінің ояу жүретіні, тәртіп пен реттілікке шаң жуытпай қарайтыны артынан ерген өкшебасар інілері – біздерге үлкен бір мектеп сияқты. Сондықтан да оның ұқыптылығы мен құнттылығынан үйренгіміз келіп тұрады.

    Енді тілімізге тиек етіп отырған сол кейіпкеріміз­дің артта қалған өмір өткел­деріне көз жүгіртіп көрейік. Атап айтар болсақ, Леміс Әбдікерімов 1942 жылдың 1 мамырында Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Жау жағадан алып, қан майданның қатты қарқын алған кезін қызыл шақа сәби қайдан білсін?! Таңдайына талшық тисе, мәз болып, жоқ болса, шырылдап жылағаны бесенеден белгілі жайт. Соғыс лаңы осылай бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін жарты әлемге ауыр зардабын тигізді. Қырқыншы жылдардың қияметі қандай болғанын Мұқағали ақын отты өлеңдерімен, кең тынысты толғауларымен алдымызға көлденең тартты емес пе?!
    Леміс аға бала болса да, айнала­сына өзіндік көзқараспен қарайтын. Балдырған кезін, мектепке басқан алғашқы қадамын да ұмыта қой­маған. 1950 жылы балалық шағы өткен өлкедегі Сталин атындағы жеті жылдық мектептің бірінші сыныбына қабылданады. Ал 1960 жылы аудандағы Жалаңаш орта мектебін интернатта жатып бітіреді. Мектеп бітіргеннен кейінгі Леміс ағаның білімін одан әрі шыңдай түсуге деген алдына қойған мақсаты да алынбас асқар таудай қол бұлғап тұрады. Сөйтіп, Абай атындағы мемлекеттік институтқа құжат тапсыруға нартәуекел жасай­ды. Бірақ сол кездегі оқудағы заңның қаталдығы оның адымын аштырмай­ды. Оның өзіндік себебі де бар. Ол уақытта мектеп бітірген жас түлек оқуға түсу үшін міндетті түрде екі жылдық өндірістік тәжірибеден өтіп келуі керек. Мектепті жаңа бітірген Леміс ағада ондай қол жетпес еңбек көрсеткіші қайдан болсын?! Алайда ол жолым болмады ғой деп салы суға кетіп, талабы шағылғанына өкіне қойған жоқ. Қайта жастық жалынымен қанаттанып, қайратына мініп, сол институттың география факультетіне сырттай түсіп үлгереді. Сол бір кезеңде ауыл мектептерінде мұғалімнің жетіспейтіні үлкен проблемаға айналып жатқан шағы еді. Институт емес, қысқа мерзімді курстарды бітіргендердің өзі мектептерде басты тұлғаға айналып жүрді. Аудандық оқу бөлімі институтқа сырттай түсіп келген Леміс Әбдікерімовті қуана қабылдап, Қызылту ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім етіп жібереді.
    Бара-бара толыққанды білім алып, оқу-ағарту саласынан ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибе жинақтаған Лекеңнің ел сүйсініп жүрген елеулі еңбегіне аудандық білім бөліміндегі басшылық тарапы да құлақ аса бастайды. Оның білімдарлығы мен іскерлігіне баса мән беріп, назардан тыс қалдырмайды. Оған сенім артып, көздеген жеріне жіберіп отырады. Бұған ол да жүрдім-бардым қарай алмайды. Артылған сенімді ақтау жолында жауапкершілікті терең сезініп, сенім биігінен көріну үшін аянбайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қанатты қағиданың жетегінде жан-тәнімен жүреді.
    Адамгершілік асыл қасиеттері­нің арқасында жай мұғалімдіктен бастауыш мектептің оқу-тәрбие ісінің меңгерушілігіне дейін көтерілген Леміс ағамыз осы бастауыш мектеп­тің сегіз жылдыққа, одан кейін орта мектепке айналғанына дейін тұрақты түрде бас алмай жұмыс істейді. Өмір бір орында тұрмайды. Ұлағатты ұстаз ретінде партия қатарына қабылданғаннан кейін Алматы облыстық партия комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм университетін сырттай оқып бітіруге қол жеткізеді. «Саяси жоғары білімді» деген диплом алады. Саяси сауаттылығының өз дәрежесінде болғандығынан шығар, 1968 жылы аудандық партия комитетіне нұсқау­шылыққа шақырылады. Осы қызмет­те жүргенінде екі жылдан кейін Ленин атындағы орта мектептің директорлығына тағайындалады.
    Партиялық жұмыстың және оқу-ағарту саласының әдістері мен тәсілдерін бес саусағындай жетік білетін онымен таласар адам болмайды. Үш жылдан кейін білім сапасы талап деңгейінде емес деген Жайдақбұлақ орта мектебіне директорлыққа жіберіледі. 12 жыл бойы осы мектепті басқарған Лекең артылған сенімді ақтайды. Мектептің материалдық-техникалық базасы мен оқу-тәрбие жұмысын заман ағымына сай ретке келтіріп, мақтаулы мектептердің қатарына қосады. Осы деңгейге жету барысында табан ет, маңдай терімен, ұстаз деген ұлағатты атына сай барын салады. Бұл бағытта жемісті жетістікке жеткен мектептің абыройы оның да мәртебесін биіктете түседі. Халық алдында адал еңбегімен абырой арқалаған Лекең бұған асып-тасып кетпейді. Сары алтындай салмақты қалпының шеңберінен шықпайды.
    Өмір болған соң адам баласы­ның басында өзгерістер де болмай тұрмайды. Мұндай кезеңді Леміс ағамыз да басынан кешті. 1985 жылы отбасылық жағдайға орай Қарасай өңірінің Райымбек ауылдық округіне қоныс аударады. Бұл жерде де қол қусырып қарап отырмайды. Кенен Әзірбаев атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасады. Кеген топырағында 25 жыл ұстаздық, директорлық қызметте болған оны мектеп ұжымы құшақ жая қарсы алады. Осы мектепте жүріп мұғалімдікпен қоса директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығын да мінсіз атқара біледі. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген аталы сөз тегін айтылмаса керек. Леміс ағамыз соған лайықты азамат болып шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 5 жыл ұстаздықтан қол үзбейді. Оның осы мектепте 25 жыл еңбек етуінің өзі де ерлікке пара-пар. Кеген мен Қарасайдағы еңбек өтілін қосып жіберсек, 50 жыл ұстаздық етіпті. Жарты ғасыр жалықпай ұрпақ тәрбиесінде болған адамды қалай мақтан етіп, қалай мадақтаса да жарасады.
    Леміс Әбдікерімов бүгінде Қарасай өңірінің Бұлақты ауылында тұрады. 2000 жылдан бері осы ауылда ақсақалдар алқасы төраға­сының орынбасары, кейіннен төрағасы болды. Ал 2019 жылдан бері Райымбек ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы қызметінде. Көкірегіне түйгені көп Леміс ақсақал ауылының көркеюіне, мәдениетіне, тазалығына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына жаны қалмай жүгіреді. Халық үшін қандай қажеттілік болса да, оны орындауға және қамтамасыз ету үшін уақытында тиісті орындарға шығып отырады. Халық сол үшін де оны сыйлап, құрметтеп, төбелеріне көтеріп келеді.
    Мәселен, ауылға газ құбырын жүргізуге, электр жүйелерін жаңар­туға, пошта бөлімшесін аштыруға тікелей бастамашы болды. Сондай-ақ Бұлақты ауылына қарасты зираттың жауапкершілігін ауыл әкімі мен ақсақалдар алқасы Леміс Әбдікерімовке жүктеп берген еді. Көп жылдан бері қоршалмай, аяқасты болған зират маңына тұрғындар үйден шыққан қоқыстарын төгіп, мал өлекселеріне дейін осында әкеліп тастайтын. Бұл сорақылыққа тосқауыл қоюды дер мезгілінде қолына алды. Одан жақсы нәтиже шығарды. Халықтан қаражат жинастырып, зиратты айналдыра түгел қоршап, үш жерден көлік кіретін қақпа, бес жерден адамдар кіріп-шығатын есіктер жасап қояды. Бүгінде жаңбырлы күндері көліктер тығылып қалмау үшін тас төселу үстінде. Сол сияқты тұрмысы төмен, мұқтаж отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті қолдау көрсетіліп жатқаны да қуанышты жайт. Ақсақал биылдың өзінде 630 мың теңгеге оқушыларға мектепке киетін киім-кешектер алып беруді ұйымдастырған. Бұған демеу­шілер қолұшын беріп отырады.
    Бұдан бұрын ауылдағы мектептің ауласы қоршалмағандықтан мал кіріп, ластап, отырғызған ағаштарын сындырып, гүлдерін таптап тастайтын. Леміс ақсақал бұл шаруаның да жолын табады. Өзінің көршісі, кәсіпкер Күнсұлу Иманғалиева мен басқа демеушілердің арқасында мектеп ауласы қоршалып, қалыпқа келтіріледі. Тағы бір айта кететін жайт, ауылда мешіт болма­ған. Халық қатты қиналып жүр­генде, Қызылордадан көшіп келген Тұрсынхан Әбдіғапаров қажы 15 сотық жерін мешітке тегін беріп, оған Марат деген кәсіпкер демеушілік жасап, бір жылда «Әйкен ана» мешіті салынады. Оның жанынан 150 орынды қатымхана да жасалып, екеуінің ел игілігіне жарап жатқанына биыл бесінші жылға ауды. Бұған да Лекеңнің айтарлықтай ықпалы тиді.
    Ауылға мектеп салуға жергілікті әкімдер орын тауып бере алмағандықтан ақсақалдар алқасы Қазақстан кәсіпорындары мен қауымдастығы «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Меліс Елеусізовке шығып, үш гектар жер алып беріп, қазір ауылдан 900 орынды жаңа жобадағы мектеп құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл мектеп Тәуелсіздік күнінің құрметіне қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұған дейін тұрғын үй есебінен салынған шағын бастауыш мектепте оқушылар үшауысымда оқып келе жатыр еді. Міне, енді Алла қаласа, жаңа мектеп жас ұрпақтың игілігіне айналғалы отыр.
    Леміс ақсақалдың және ауылдық аналар ұйымының төрағасы Фатима Үрпесжанованың ұйымдастыруы­мен құрылған «Дариға-ай, дәурен» ансамблінің өрге жүзген өнерлерін облыс көлемінде білмейтін адам жоқ. Оның құрылғанына үш жылға жуықтап қалды. Құрамында 25 адам бар. Шеттерінен ұлттық аспаптарда ойнаудың шеберлері. Олардың әрқайсысы әуелете ән салудың, күмбірлете күй тартудың, мың бұрала билеудің нақышын тауып кетеді. Олар алдарына жан салмайды. Қазақтың атақты әншісі Ақбота Керімбекованың анасы Бибіажар Маханбетова 70 жастан асса да, таңдайына бұлбұл ұялаған керемет те келісті әнші. Сахнаның сәніне айналған талант иесі. Сол сияқты соңғы жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында директордың орынбасары болған, Қазақстан өнерінің қайраткері Серік Омаров та – осы ансамбльдің белді мүшесі. Ал қазақтың «Қара жорға» биін алғаш рет әлемге танытқан, 86 жастағы буыны жоқ биші Арыстан қажы да – осы ансамбльдің жарқыраған жұлдызы. Ал ұлттық салт-дәстүрімізді өнерімен өрге көтерген ауылдың әжелер ансамблін де білмейтіндер кемде-кем. Өнер байқауында гран-приді жеңіп алған бұл ансамбль аудандағы «Анаға құрмет» мұражайына сапарлатып келген шетелдік қонақтарға үнемі өнер көрсетіп, солардың қошеметіне бөленіп жүр. Осының бәріне мұрындық болып жүрген ақсақалдар алқасының төрағасы Леміс Әбдікерімов пен аналар кеңесінің төрайымы Фатима Үрпесжанова екенін қалың қауым ауыздарынан тастамай айтады.
    Бақытты отбасының бас иесі, өмір жолы өнегеден тұратын, ақсақал деген ардақты атты арқалап жүрген Леміс Әбдікерімовтің адалдықпен атқарған жемісті еңбегі ешқашан елеусіз қалмаған. Қызмет істеген жерлерінен иеленген, қоғам белсендісі ретінде алған төсбелгі-медальдары, Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарының өзі қалың бір жинақ боларлық. Бірнеше мәрте ауылдық кеңес депутаты болып сайланған. «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. Тізбелеп айта берсе, Лекең ақсақалдың көрген сыйы мен құрметі жетерлік. Арманы асқақ ақсақалдың 83 жастағы сергектігіне қызыға қарайсың. Соңы­­­нан ерген ізбасарларына, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген ақжүрек жанның тағылымға толы әңгімесі таусыл­майды.
    Кегеніңнің жұттың ауа, ырысын,
    Ашылды ғой содан барып тынысың.
    Жарты ғасыр ұстаз болдың ұрпаққа,
    Ел мақтаған ерлерінің бірісің!

    Ақсақалдық жаста жүрсің алқынбай,
    Қарасайда қадірің бар алтындай.
    Леміс көке, алға қарай жүре бер,
    Қадамыңнан қарқын алған тартынбай!
    Біз Леміс Әбдікерімов ақсақалға деген ниетіміз бен тілеуімізді осы өлең шумақтарымен аяқтағымыз келеді.

    Қанат ТӘКЕБАЕВ,
    Алматы облысының Құрметті азаматы,
    Қазақ журналистикасының қайраткері
    Қарасай ауданы

    Ұсынымдар

    Қаламында қуат бар

    Қаламында қуат бар

    5 months ago
    Қос қуаныш

    Қос қуаныш

    3 weeks ago
    Дрондар додасы

    Дрондар додасы

    1 month ago
    Мейірім мерекесі

    Мейірім мерекесі

    9 months ago
    Сталиндік террор құрбаны Жанайдар Сәдуақасовты еске алу көрмесі ұйымдастырылды

    Сталиндік террор құрбаны Жанайдар Сәдуақасовты еске алу көрмесі ұйымдастырылды

    3 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>