Перейти к содержимому
Главная страница » Ауылдар сапалы интернетпен қамтылды

Ауылдар сапалы интернетпен қамтылды

     Алматы облысында интернет қолжетімділігі артып, цифрлық қызметтер жақсарып келеді. Елдімекендердің 95 пайызы бүгінде кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте мәлім болды. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл өңірді цифрландыру қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Спикердің айтуынша, облыстағы 373 елдімекеннің 355-і кең жолақты интернетке қосылып, соның ішінде 352 ауылда мобильді интернет толық жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер ауылдық аумақтардағы өмір сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету және білім, денсаулық сияқты маңызды салалардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Биыл облыста бірнеше ауылға мобильді интернет жүргізілді. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданындағы Көкпек, Ұйғыр ауданындағы Рахат, Балқаш ауданындағы Қоскүмбез, Кеген ауданындағы Ақай Нүсіпбеков ауылдары жылдам интернетке қол жеткізді. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін Қарасай ауданына қарасты Көктөбе ауылында 4G байланысы енгізіліп, Кеген ауданы Талды ауылында интернет жылдамдығы артады, – деді Жандос Ақыл.
Басқарма басшысы «Қолжетімді интернет» жобасы аясында шалғай ауылдарға спутниктік байланыс орнату жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «OneWeb» байланысы Қарасай ауданындағы Айқым, Кұрқұдық, Жыңғылды ауылдарына, Кеген ауданы Жіңішке ауылына, сондай-ақ Балқаш ауданы Қасқаөгіз ауылына орнатылған. Жыл соңына дейін Жамбыл ауданындағы Қарабастау, Қарасай ауданына қарасты Көктөбе ауылдары қамтылады. Бұл – географиялық тұрғыда алшақ жатқан өңірлердің де цифрлық теңсіздіктен арылып, интернетке еркін қосылуына жол ашатын бастама.
Брифинг барысында қоғамдық орындарда тегін интернет орнату жұмыстары да таныстырылды. Жаңа бастама аясында тұрғындар парктерде, Мәдениет үйі аумағында, спорттық нысандарда, халық көп шоғырланатын әлеуметтік орындарда Wi-Fi-ға еркін қосыла алады. Бұл шағын және орта бизнес, жастар, оқушылар, сондай-ақ ақпаратқа жедел қол жеткізуді қажет ететін тұрғындар үшін қолайлы болады.
Жандос Ақыл өңіріміздің цифрландыру саласы интернетпен ғана шектелмейтінін, аймақта жасанды интеллект технологиясын енгізу де мықтап қолға алына бастағанын атап өтті. Ол:
– Қазіргі таңда облыста 9425 бейнебақылау камерасы жасанды интеллект алгоритмдерімен бірік­тірілген. Бұл жүйе қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға елеулі үлес қоспақ, – деп сөзін жалғады. Сондай-ақ спикер жасанды интеллект жүйесі – «Qonaev AI» платформасына да тоқталды. Қазіргі уақытта жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді. «Qonaev AI» платформасы облыс әкімдігі мен басқармаларынан түсетін деректерді біріктіріп, тиімді шешім қабылдау үшін ұсыныстар береді. Бұл – цифрландыру саясатының басқару сапасын жақсартуға бағытталған жаңа қадам.
Баспасөз конференциясында Алматы облысының цифрлық трансформация картасы әзірленіп, аталған құжат Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде қаралып жатқаны айтылды. Бұл стратегиялық құжат болашақта цифрлық қызметтерді, IT-инфра­құрылымды, мемлекеттік басқаруды және жасанды интеллек­тінің қолдану аясын арттыра түседі.

Құралбек СӘБИТОВ