Алматы облысында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «JAIDARMAN – 2025» ойыны мәресіне жетті. Көңілділер мен тапқырлар бәсекесінде Кеген ауданының «Шағала» командасы үздік өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді.
Есік қаласы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде өткен сайысқа көрермен көп жиналды. Одан бөлек өңірдегі өнерлі жастардың шығармашылық қырын дамытуға қолдау білдіріп, демеушілік танытып жүрген ел азаматтары да арнайы келді.
Жайдарманның биылғы іріктеу кезеңіне облыс бойынша 100-ге жуық команда қатысты. Бұл көрсеткіш жастар арасында осынау ойынға деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын білдіреді. Сайыс барысында 12 команда жартылай финалға өтіп, қазылар шешімімен Кеген, Райымбек, Қарасай аудандарынан бір-бір команда және Еңбекшіқазақ ауданының екі командасы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Жастардың өнеріне жайдарман ойындары облыстық филиалының директоры Ердос Оралбеков, Алматы супер лигасының чемпиондары Нұрдәулет Сейтомаров пен Орынбасар Серікбай, Премьер-лига чемпионы Нұржан Арманұлы, облыстық жастар ресурстық орталығынан Еркебұлан Жақан, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің бас маманы Аида Кенжебаева әділ бағаларын берді.
Жастар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды, өнерлі өрендердің тапқырлық пен шешендік қабілетін шыңдап, олардың үлкен сахнаға жолын ашуды мақсат еткен «JAIDARMAN – 2025» ойынын жоғары бағалаған Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сарабеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешев, ойынға демеушілік жасап жүрген кәсіпкер Ерік Әбитов сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттады.
Ойын қорытындысы бойынша Кеген ауданынан келген «Шағала» командасы бірінші, Еңбекшіқазақ ауданынан «Алтын адам» командасы екінші, «Жаңашар» командасы үшінші орынға ие болды. Райымбек ауданынан шыққан «Фиеста» командасының ойыншысы Айнұр Берікбол «Үздік ойыншы» атанды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




