Бала тәрбиесі тек мектепте ғана емес, отбасынан басталуы тиіс. Балалардың қоғамдағы мінез-құлқы үшін ата-аналар тікелей жауапты. Осы мәселеге орай Талғар ауданында облыс әкімдігінің бастамасымен бала тәрбиесіне арналған кеңес өтті. Жиынға қатысушылар баланың дұрыс қалыптасуы, ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынас, сондай-ақ зорлық-зомбылық, әлімжеттік, өзіне-өзі қол жұмсау деректері туралы ашық айтты. Іс-шара профилактикалық сипатта болды және қоғамда теріс әрекеттердің алдын алуға бағытталды.
Талғар аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға құқық қорғау ұйымдарының, Отбасын қолдау орталықтарының өкілдері, психологтар, балалар құқығын қорғаушылар жиналды. Зал оқушылар мен ата-аналарға лық толды. Іс-шараны облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Айғана Асанова ашты. Ол Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған мектептердегі әлімжеттік пен зорлық-зомбылықты жою туралы міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Баяндамашы балалардың тектен-текке өзіне-өзі қол жұмсамайтынын, бұған ата-аналар, құрдастары, педагогтер тарапынан болған зорлық-зомбылық сияқты бірқатар фактордың итермелейтінін атап көрсетті. Оның айтуынша, биылғы жылы Психологиялық денсаулық және Балаларды қолдау орталықтарының күшімен 36 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 5500 оқушы қатысқан. Суицид сияқты жағымсыз көріністі болдырмау үшін мәселені тыңдап, оны шешу жолдарын көрсететін мектеп психологына жиі жүгіну қажет.
Балалар құқығын қорғау жөніндегі облыс бойынша уәкіл Айгүл Есімбекова зорлық-зомбылық, әлімжеттік болған жағдайда қайда жүгіну және өзін қалай қорғау керектігі туралы айтып берді. Осыған байланысты әр мектепте психологиялық қолдау қызметінің QR-коды «111» орналастырылған. Бұдан басқа, мектептер мен колледждерде зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы енгізілген. Айгүл Қанатқызы сондай-ақ «Жанұя» отбасын қолдау орталығынан білікті психологиялық көмек пен қолдау көрсететін, тестілеу өткізетін «Ата-ана университеті» деп аталатын цифрлық платформа бар екенін жеткізді. Ол өз-өзіне қол жұмсаудың 60%-ы жанжалдан және отбасындағы қолайсыз жағдайлардан туындайтынын мәлімдеді. Өзінің көпжылдық тәжірибесіне сілтеме жасай отырып, ол биыл ҰБТ тапсыру кезінде 60 бала ата-аналардың қисынсыз талаптарының салдарынан қауіп-қатерге ұшырағанын және олар психологиялық қолдау орталықтарына хабарласып, көмек сұрағанын жеткізді.
Оның айтуынша, балалар кәмелеттік жасқа толмағанына қарамастан, 14 жастан бастап заңға қайшы мінез-құлқы мен қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Биылғы жылы 102 бала түрлі жауапкершілікке тартылған.
Талғар аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Берік Нұрғалиев отбасының бала өміріндегі басты тәрбиеші екенін еске салып, түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын клубтарына баруы туралы деректерді жариялады.
– Олармен жағымсыз жағдайлардың алдын алу жөнінде әңгімелер өткізіп, ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларын кешкі сағат 22.00-ден кейін жібермеуге кеңес береміз, – деді ол.
Аудандық прокуратураның аға прокуроры Рашид Шотбаев та осындай ой айтты. Психолог Мөлдір Әміртайдың ата-аналар мен балалар арасындағы психологиялық проблемалар туралы әңгімесі де әсерлі шықты. Айтуынша, жасалған суицидтердің 80%-ы ата-аналардың қысымынан болады. Сондықтан ол істі шектен шығармауға және білікті көмекке жүгінуге шақырды.
Жиында облыста өз-өзіне қол жұмсау деректері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай азайғаны айтылды. Оған әлімжеттік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша барлық мүдделі құрылымдардың бірлескен жұмысы әсер еткен.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




