Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі әнші, композитор, дәстүрлі өнердің жанашыры Тоқтасын Әбілезұлын еске алу, әрі өнер иесінің есімімен аталған Қаракемер ауылындағы «Айтыс, жыр-терме» орталығының үш жылдығына орай есеп беру концерті өтті.
1949 жылы Кеген ауданы Кеңбұлақ ауылында дүниеге келген Тоқтасын Әбілезұлы жастайынан өнерге құштар болып, өмір жолын мәдениет пен өнерді дамытуға арнады. 1988-1995 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылында Мәдениет үйінің директоры болса, 1995 жылдан бастап Есік қаласындағы өнер ошағында қызметін жалғастырған. 2011 жылы «Алтын адам» ардагерлер ансамбліне жетекшілік етті.
Тоқтасын Әбілезұлы – «Домбыра досым», «Арман-ай», «Не керек?», «Бекжайлау жазы» сынды жүрекке жеткен әуезді әндердің авторы. Бұл туындылар Қазақ радиосының алтын қорына енгізілген. 1970 жылы Эстонияның астанасы Таллинде өткен халықаралық фестивальде лауреат атанып, Қостанайдағы бүкілодақтық байқауда дипломант болды.
«Ауданның танымал туындыгері», «Ел ардақтысы», «Мәдениет майталманы» медальдарының иегері атанған өнер иесінің есімі аудан тарихында алтын әріппен жазылды.
«Саңлақтар» ардагерлер бірлестігінің бастамасымен 2022 жылы Қаракемер ауылдық Мәдениет үйі жанынан айтыс, жыр-терме орталығы ашылып, оған Тоқтасын Әбілезұлының есімі берілген. Орталық жетекшісі Ұлан Қалиұлы мен шығармашылық топ құрамында еңбек ететін Даубай Әбдісай, Нұргелді Қожан сынды ақындар балаларға қазақ өнерінің үлкен тармағы – терме мен жыр жаттатқызып, айтыс өнеріне машықтандырып жүр. Сөз құдіретін түсініп, ой тереңіне бойлай білген өрендер бүгіннің өзінде облыстық, республикалық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанып, аудан мерейін өсіріп келеді.
«Саңлақтар» ардагерлер бірлестігі мен Арайлым Мамырбекқызы басшылық ететін Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері бірлесе ұйымдастырған кеш барысында Тоқтасын Әбілезұлының көзін көрген, жанында қатар жүрген азаматтар сыр шертті. Облыстық халық шығармашылығы орталығынан арнайы келген ақын, жыршы, сазгер Әбіш Әділбек өнерлі жастарға шығармашылық табыс тілеп, ыстық лебізін білдірді. Сахна төрінде «Кемер сазы» ұлт аспаптар ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын» орындап, көрерменге рухани әсер сыйлады. Әке жолын жалғаған Тоқтасын ағаның ұлы – профессор, композитор Естай Әбілезов әкесінің «Арман-ай» әнін шырқап, әсерлі естелігімен бөлісті. Аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көрермен көңілін тебірентті. Орталықтың жас ақындары айтыстың әдемі үлгісін көрсетті.
«Саңлақтар» бірлестігінің жетекшісі Базаркүл Дәненбайқызы: «Өнер – ұлттың рухани тірегі. Мұндай кештер арқылы жастарды туған жердің перзенттерін қадірлеуге, олардың еңбегін бағалауға баулимыз. Тоқтасын Әбілезұлы сынды тұлғалар – ұлт мәдениетінің шырақшысы», – деді.
Кеш соңында өнерге еңбек сіңіріп жүрген бірқатар азамат аудан әкімінің және облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Тоқтасын ағаның жары Оразбике анаға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.
Рухани әсер мен сағынышқа толы кештен өнерсүйер қауым шабыт алса, жас ұрпақ үшін өнеге үлгісі болғандай.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы




