2025 жылдың 5-ші қарашасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл барша жұртшылықтың көптен күткен құжаты екенін айта кету керек. Себебі, мұнда ұсынылған қағидаттар мен құндылықтар негіздемелік сипатқа ие болып, мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы маңызды бағдарлары мен тәсілдерін айқындайтыны белгілі.
Ел бірлігін нығайту, елді тұрақты түрде дамытып, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ең алдымен осы бағыттағы ұстанымдардың айқындығы қажет екені белгілі. Жаңадан қабылданған құжатта осы мәселелер жан-жақты көрініс тапқаны аңғарылады. Мемлекет басшысының осыған дейінгі Жолдаулары мен тұжырымдарының негізінде құрылып, оларда көтерілген: «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты бастамалары негізінде әзірленгенін байқадық.
Құжаттың «Тәуелсіздік және отаншылдық» деген бөліміндегі «Қазақстандық патриотизм – мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, еліміздің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеу, Отанымыздың бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау» деген қағиданы әрбір азамат санасына мықтап сіңіріп алса деймін. Бұл мемлекетміз бен қазақстандық қоғамның дамуына апарар жол екені даусыз.
Жалпы, «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» жарлық уақытылы әрі қажетті кезде қабылданды деп есептеймін. Енді оның орындалуын қамтамасыз етуге жұмыс жасауымыз керек!
Қаныбек Айтжанов,
«Аманат» партиясы Қарасай аудандық фидиалының төрағасы




