Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасында урология бөлімінің дәрігерлері бүйрек үсті безінің сирек кездесетін гормоналды белсенді ісігі – феохромоцитоманы сәтті алып тастау операциясын жүргізді.
41 жастағы науқас қабылдауға артериялық қысымның күрт көтерілуі, жүрек соғысының жиілеуі, қатты тершеңдік және әлсіздік сияқты шағымдармен түсті. Жүргізілген тексеру барысында оң жақ бүйрек үсті безінде көлемі 6 см болатын түзіліс анықталды. Зертханалық талдаулар метанефриндердің жоғары деңгейін көрсетіп, феохромоцитома диагнозын растады. Бұған дейін жедел коронарлық синдромды өткергеніне қарамастан, кардиологтың кеңесінен кейін операцияға қарсы көрсетілімдер анықталған жоқ.
2025 жылдың 4 қарашасында бөлім меңгерушісі Жанибек Исаевтың жетекшілігімен урологтар тобы лапароскопиялық оң жақ адреналэктомияны орындады. Ісік тұтасымен алынып, операция кезіндегі қан жоғалту минималды болды. Хирургиялық араласу асқынусыз өтті. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүргізілді.
Операциядан кейінгі кезең қолайлы өтті:
— артериялық қысым тұрақтанды;
— әлсіздік пен тершеңдік ұстамалары жойылды.
Науқас бір аптадан кейін қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, уақытылы диагностикалау және заманауи азинвазивті емдеу әдістері бүйрек үсті безінің гормоналды белсенді ісіктерін тиімді әрі қауіпсіз түрде алып тастауға, ауыр асқынулардың алдын алуға және пациенттердің өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.




