Кеген ауданының Жылысай ауылындағы көшелердің біріне Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Тәжібай Манабаевтың есімі берілді. Салтанатты шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, ауыл тұрғындары мен майдангердің ұрпақтары қатысты.
– Бұл – ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі болатын игілікті іс. Себебі ел ертеңі тарихын қадірлеген халықтың қолында. Тәжібай атамыз сұрапыл соғысқа аттанып, Отан үшін отқа түсті. Соғыстан кейін туған ауылында еңбек етіп, білім саласының дамуына өз үлесін қосты. Ел еңсесін көтеріп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған аталар ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес, – деді аудан басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы.
Аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман да ардагердің аудан көлемінде абыроймен атқарған қызметі мен еселі еңбектеріне тоқталды. Жылысай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиев майдангер есімін дәріптеу өнегелі іс екенін айтып, көпшілікке ақ батасын берді.
Тәжібай Манабаев 1942 жылы шілде айында әскер қатарына алынады. Сол жылы Орлов облысының Брянск бағытында 310-атқыштар полкінде оқ пен оттың ортасында жүріп, жаумен қиян-кескі шабуылға қатысқан. 1943 жылы ауыр жарақат алып, туған жерге оралады. 1943-1947 жылдар аралығында Шыбышы ауылында бастауыш мектептің директоры болып еңбек еткен. Одан кейін Бірлік бастауыш мектебінде, Молотов атындағы орта мектепте мұғалім болды. 1958 жылы Бестөбе орта мектебіне ауысып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін осы білім шаңырағында еңбек етті. Тәжібай ата «Ұлы Отан соғысы» орденімен және «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған. Ол кісі қаншама асыл азамат тәрбиелеп шығарды. Солардың қатарында қайраткерлер – Заманбек Нұрқаділов, Әріпбай Алыбаев, Дәулет Серікбаевтар бар. Атамыздың өмірі – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі.
– Әкем ерте кезде Қапез Байғабылұлы мен Майлы Ормановтан дәріс алған. Жаркенттегі педучилищенің ең алғашқы түлектерінің және Кеген ауданындағы ең алғашқы ұстаздардың бірі болды. 1993 жылы 81 жасына қараған шағында дүниеден озды. Халықтың ынтымағын сақтауда да ақылын аямаған әкеміз төрт ұл, бір қыз өсіріп, ұрпақтарына ұнамды тәрбие берді, халыққа қызмет етуді үйретті. «Мен өзім Бестөбе орта мектебінде оқу ісі жөніндегі орынбасар болып, зейнеткерлікке шықтым, – деген ардагердің ұлы Есмағанбет Тәжібаев әке есімін ардақтаған ағайынға шынайы алғысын білдірді.
Шара соңында майдангер атамыздың рухына арнайы дұға бағышталып, ас берілді. «Өткенсіз келешек жоқ» дейді халық даналығы. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйытқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ерлердің есімі халқымен мәңгі бірге жасай бермек.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




