Еліміздегі басты мәселенің бірі – азаматтарды тұрғын үймен қамту. Өйткені баспана – қалың көпшіліктің тұрмыстық қажеттіліктерінің ең негізгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деген болатын. Сондықтан да елімізде азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді. Балқаш ауданында да кезекте тұрған отбасылар үшін тұрғын үйлер салынуда. Биыл 90 пәтер беру жоспарланған. Бұл ретте Бақанас ауылында «BC Lengthy Life» ЖШС халықтың әлеуметтік осал тобына арналған бірінші және екінші құрылыс алаңында 2 қабатты 4 пәтерлі 14 тұрғын үй және 1 қабатты 2 пәтерлі 4 тұрғын үй салуда. Барлығы – 64 пәтер. Қазіргі танда бірінші құрылыс алаңында 36 пәтердің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Екінші құрылыс алаңындағы 28 пәтердің құрылысы 15 желтоқсанға дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ 26 пәтер жеке тұлғалар тарапынан тұрғызылып жатыр. Бұл тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық желісін, ауызсу және газ құбырын, электр жүйесін тарту және абаттандыру жұмысы қатар жүргізілуде.
Тұрғын үйлердің сапалы салынып, құрылыс жұмысының дер уақытында аяқталуын Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов өз бақылауына алған. Осы орайда құрылыс нысандарына арнайы барып, онда атқарылып жатқан істі бағамдадық. Жұмыс қарқынды жүруде.
Біз атбасын бұрған бірінші нысан – Бақанас ауылында бой көтеріп жатқан 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы. Сапар барысында құрылыс басшысы Ербол Нұрмашов, құрылыс шебері Азамат Кемал және бригадир Алтынғали Қанапияевтың жұмыс жүйесін жоспарлап жатқанына куә болдық. Олар құрылыс жұмысының 60 пайызын аяқтаған. Осы қарқынын бәсендетпесе, жоспарланған мерзімде пәтер кілттерін өз иелеріне табыстап қалуы ықтимал.
Келесі кезекте аудан орталығында тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан «BC Lengthy Life» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, аталмыш мекеменің құрылыс жетекшісі Сержан Сламовпен сұхбаттастық. Ол құрылыс жайын егжей- тегжейлі баяндап, тұрғын үйлердің жылу ұстайтын қабатын орнатып жатқан құрылысшылар – Айдос Досыбай, Айдос Әшімбай, Еламан Серік және дәнекерлеуші Серікбол Құсайыновтың өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын айтты.
Мұнан соң Ақдала ауылында салынып жатқан 2 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысымен таныстық. Ол жерде де жанталаса жұмысқа кіріскен құрылысшылар қатарында Бақанас ауылының тұрғындары – Мекен Аманғазиев, Нұржан Жасұлан, Нұрбол Сансызбаев сынды азаматтарды кездестіріп, олармен тұрғын үй құрылысы жайында әңгіме өрбіттік.
Жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынып жатқан тұрғын үй құрылысы аяқталған сәтте аудан әкімдігі мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа оларды сатып алып, тұрғын үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарына береді деп күтілуде. Демек, балқаштықтар баспаналы болу бақытына кенелетін күн алыс емес.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы




