«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиында лизинг бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, суармалы жерді қалпына келтіру мен суару каналдарын жөндеу жұмыстары, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздерін оқыту мәселелері қаралды.
Кеңес отырысына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркінбек Аянбекұлы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жазира Қайыпова, су ресурстары және ирригация басқармасының бөлім басшысы Жандарбек Малдыбай және кеңес мүшелері қатысты. Жиынды партияның облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Асқар Фазылұлы ашып, жүргізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе шаруаларға лизинг бойынша 295 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қатысты ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркінбек Аянбекұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылға 295 бірлік техниканы лизингке алу жоспарланғанын, бүгінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 4 млрд 463 мың теңгеге 258 бірлік техника лизингке алып, жылдық жоспардың 87,4%-ы орындалғанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағдарлама арқылы фермерлер өз техникалық базасын едәуір жаңартып, өндіріс тиімділігін арттырған.
Келесі кезекте суармалы жерді қалпына келтіру мен суару каналдарын жөндеу жұмысы жайында су ресурстары және ирригация басқармасының бөлім басшысы Жандарбек Малдыбай баяндады. Оның сөзінше, биыл су шаруашылығын дамытуға 4,5 миллиард теңге бөлінген. Оның 2,6 миллиарды республикалық бюджеттен, 1,9 миллиарды облыстық бюджеттен қарастырылған. Суару жүйелерін қайта жаңғырту жұмысы Жамбыл, Іле, Райымбек, Кеген аудандарында және Қонаев қаласына қарасты Сарыбұлақ ауылында жүргізілуде. Алайда республикалық бюджет қаражатының уақытылы бөлінбеуіне байланысты жұмыстар іс жүзінде тек тамыз айында басталған. Соған қарамастан, Кеген ауданында «Г.С.Г Высотник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмысын өз қаражаты есебінен жыл басынан бері жалғастырған. «Жалпы жобалардың құны – 94,7 миллиард теңге. 2023-2024 жылдары 9,1 миллиард теңге бөлінсе, 2025 жылға тағы 2,6 миллиард теңге жоспарланған. Қазіргі қаржыландыру қарқынымен барлық нысанды толық аяқтау үшін кем дегенде он жыл қажет болады. Осыған байланысты жобаларды әрі қарай іске асыру Ислам даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жалғастырылмақ. 2024 жылғы 21 тамызда Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ислам даму банкінің өкілдері арасында келіссөздер өтті. Нәтижесінде Алматы облысының суару желілерін қайта жаңғыртуға 185,7 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру алдын ала мақұлданды», – деді Жандарбек Малдыбай.
Бұдан бөлек, аталған жобаларды жалғастыру мақсатында Су ресурстары министрлігіне 2026 жылға арналған 25 миллиард теңге сомасындағы бюджеттік өтінім жіберіліпті. Жандарбек Малдыбайдың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысы бірде-бір арнада толық аяқталмаған. Сондықтан нақты суарылатын алаңдар көлемін анықтау мүмкін болмай отырған көрінеді.
Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша бірқатар маңызды шешім қабылданды. Олардың орындалуын партияның облыстық филиалы өз бақылауына алады.
Ерзат АСЫЛ




