Райымбек ауданындағы Текес ауылының тұрғындары сүттей ұйыған ынтымағы, болаттай берік татулығы, бір-біріне деген ыстық ықыласы мен сый-құрметінен айныған емес. Ұрпаққа ұлағат болар осынау қастерлі қасиеттің бәрі – көпті көрген қорымал қариялардың, аяулы да асыл аналардың ақыл-парасатпен өрілген өнегелі өмірі арқылы қаланған. Сондай ардақты жандардың қатарында Текес ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Нұргүл Жұмағұлованың да жүргенін айрықша ілтипатпен айтқан орынды.
Нұргүл Әбішқызы 1956 жылы қасиетті Тәңіртау етегінде, арнасынан асып-тасқан Байынқол өзенінің жағасындағы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбіш сол тұстағы «Партияның ХIХ cъезі» атындағы ұжымшарда шынжыр табанды тракторды тізгіндесе, анасы Тұрымхан аспаз болыпты. Ұжымшар экономикасының өсіп-өркендеуіне еңбектерімен үлес қосып, кіндіктерінен тараған 11 баланы ешкімнен кем қылмай, бағып-қағып өсірген. Тәлімді тәрбие беріп, туған жері мен еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына жол ашқан.
Сол 11 баланың төртіншісі Нұргүл 1973 жылы Жамбыл орта мектебін бітіріп, Алматыдағы кәсіптік-техникалық училищенің біріне құжаттарын тапсырады. Жолы болып, өз қалауымен шаштараз мамандығына қабылданады. Оқуын ойдағыдай бітіріп, Нарынқол аудандық халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатына жолдамамен келген жас маманды мекеме басшылары құрақ ұша қарсы алған. Үлкен сенім артып, күре жолдың үстіндегі халық көп шоғырланған Текес ауылына жібереді. Сол тұста еңбегі елене бермейтін кәсіпке ешкім тұрақтамай, есігі құлыпталып, қаңырап тұратын бір бөлмелі шаштараз аз уақыттың ішінде қыздың жиған жүгіндей көрікке еніп, адам аяғы сиремейтін орынға айналғанын ауылдың барша тұрғындары күні бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ. Нұргүлдің сүйріктей саусақтарында өткір қайшы қылпылдап, машинкасы сырылдап, ақ желеңі денесіне құйып қойғандай жараса кеткен. Жұмысының мінсіз шығуына барынша ықылас танытып жүретін шаштаразды қашан көрсеңіз де осы қалыбынан танбайтын. Нұргүл Әбішқызы өмірлік серігін де Текестен жолықтырды. Қанат Шәріпұлы екеуі көңілдері жарасып, отбасын құрды.
Уақыт шіркінде тоқтам бар ма?! Содан бері де сынаптай сырғып 51 жыл өте шығыпты. Қанат екеуі көтерген бір кездегі жас отау бүгінде керегесі кеңейіп, өрісі өркендеген, ұлықтауға тұратын ұрпақ өрген бүтіндей бір әулеттің қара шаңырағына айналып отыр. Еңбекқор отбасында өмір есігін ашып, еңбекпен есейген Нұргүл Әбішқызы жүрек қалауымен таңдаған мамандығын 30 жылдан аса жанына серік етті. Халыққа арналған қызметті мінсіз атқарып, көптің алғысын алды, абырой арқалады. Бауырмалдық, сүйіспеншілік, мейірімділік, татулық, сабырлық, сыйластық атты рухани құндылықтарға адами қасиеттері арқылы жауап беруді азаматтық парызы санады. Осынау құндылықтардың бәрінде дүние байлығынан жоғары қойды. Нені болса да ақыл-парасаттың таразысымен өлшеуді өмірлік ұстанымына айналдырды. Өмір көші алға жылжып, әркім нәсібін кәсібімен табатын заман туғанда да көппен көрген ұлы тойға ілесе білді. Ісмер әйелдердің басын біріктіріп, тігіншілік кәсібін ашты.
Асыл жанның аналық мейірімі маңдайына жетімдік тағдыр жазылған сәбилердің көз жасын құрғатуға да септігін тигізді. Елмен етене араласып, қашанда көптің ортасынан табылатын Нұргүл Жұмағұлова үшін ауылдың экономикалық тұрғыда дамуы, мәдениеті, тұрғындарының тұрмыс жағдайы жасырын-жабық дүние емес. Жақсылығына жадырап, жетістігіне желпінетін абзал ананы мекендестері жақсы біледі. Құрметтейді, ақыл-кеңесіне жүгінеді, қол ұшын беруге даяр тұратын қамқорлығына бөленуге асығады. Осыдан оншақты жыл бұрын өздері қалап, ауылдық әйелдер кеңесінің тізгінін ұстатқандары да сондықтан. Өзіне артылған міндетке қоғамдық жұмыс деп қарамай, үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан ардақты ана көптің сеніміне селкеу түсірмеуді басты назарда ұстаумен келеді. Ауылдағы қандайда бір шешімін күткен өзекті мәселе болса, Нұргүл Әбішқызы бел ортасынан табылып, оңтайлы шешілуіне атсалысады. Текес ауылдық округінің аумағындағы Жаңа Текес ауылында ежелден емдеу орны болған емес. Тұрғындары ауыра қалса, 3-4 шақырым Текестегі емханаға келуге мәжбүр. Әйелдер кеңесінің төрағасы осы мәселені құзырлы орындарға жеткізе жүріп, ауылдан емдеу орнының ашылуына мұрындық болды. Қазір Жаңа Текес ауылының тұрғындары жаңа емхананың игілігін көруде. Отбасы құндылығы, жастар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі, ауыл ішіндегі даулы мәселелер әйелдер кеңесінің күн тәртібінен түскен емес. Нұргүл басшылық жасайтын кеңес мүшелері айына, тоқсанына ауыл тұрғындарымен кездесіп, кемшілікті жоюдың жолын қарастырады. Отбасындағы ерлі-зайыптылар арасында орын алған жанжалға араша түсіп, татуластыруға ұмтылады. Екі ауылдағы білім ошақтарына барып, оқушылармен бүгінгі уақыт талабына сай тәрбиелік шаралар өткізеді.
Нұргүл Жұмағұлова көркемөнерден де құралақан емес. Ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Алтын қазық» атты әжелер ансамблінің белсенді ұйымдастырушыларының бірі. Мереке күндері әжелер әуелете салған халық әндері өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын арқалап келе жатқаны мәлім. Қарттар күнінде де жасы үлкендерге сый-сияпат жасауды ұмытпайды. «Алтын алқа» иегері Нұргүл Жұмағұлова жеті баланың асыл анасы, солардан тараған 15 немере, бір шөберенің аяулы әжесі. Отбасының ұйытқысы, берекесін кіргізіп, бірлігін жарастырып отырған алтын діңгегі. Реті келгенде өнегелі өмір жолымен ардақты да асыл аналардың қатарын түзіп отырған Нұргүл сынды аяулы жанға біз де зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бала-шағасының қызығына кенелер баянды бақыт тілегенді жөн санаймыз.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




