ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 258-бабына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру. Мемлекеттік бақылау әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде әлеуметтік төлемдердің уақытылы және дұрыс тағайындалуы, мемлекеттік корпорацияның алушыға әлеуметтік төлемдерді уақытылы және толық аударуы бөлігінде міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі.
Департамент тексеру парақтарының өлшемшарттарына сәйкес «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің уақытылы және дұрыс тағайындалуына Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі аясында тексеру жүргізді. Осыған орай Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген «Бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің тізіміне» сәйкес облыстағы 11 мекемеге профилактикалық бақылау жасалды. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының 10 әлеуметтік қамсыздандыру бөлімшесі (Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылы және Есік қаласы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласы, Іле ауданының Өтеген батыр кенті, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылы және Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы, Балқаш ауданының Бақанас ауылы, Талғар, Алатау, Қонаев қалалары) және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Алматы облысы бойынша филиалы тексерілді. Бақылау нәтижесінде 116 заңбұзушылық орын алғаны, 46 әлеуметтік төлем алушыға 3778 413 теңге көлеміндегі сома төленбегені анықталды.
Кәсіпкерлік кодексінің 144-2-бабы 5-бөлігіне сәйкес, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғамай, кемшіліктерді жою туралы 11 нұсқама енгізілді.
Анықталған заңбұзушылықтар негізінен республикалық бюджеттен мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы алушы азаматқа Мемлекеттік-әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындауға электрондық іс макетінің қалыптастырылмауына байланысты туындаған. Соның салдарынан әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматтарға төмендегі жағдайлар бойынша төлемдер тағайындалмаған:
– еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер;
– негізгі алушыдан әлеуметтік төлемнің үлесі үлес алушыға бөлінбеген;
– асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылардың жәрдемақылары уақытылы қайта қаралмаған;
– асырауындағы отбасы мүшелерінің құрамы өзгертілмеген.
Бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау – мемлекет жүргізетін әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет жыл сайын осы салаға қомақты қаржы бөліп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау мен қадағалау жұмысы күшейіп келеді. Арнайы уәкілетті органдар заңбұзушылықтарды анықтап, азаматтар құқығының сақталуын қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік қорғау – қоғамдағы тұрақтылық пен әділдіктің кепілі.
Айдынжан Нарматов,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы




