Алматыдағы Республика сарайы шаттықтан шуақ таратып, мерей мен мақтаныштың меруертіне оранды. Мұнда ұлттық өнердің киелі шаңырағы – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы өзінің 90 жылдық даңқты белесін атап өтті. Өнер ордасының ұжымы бұл кеште халқымыздың рухани тарихын, музыкалық жауһарларын, дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымын паш етті.

Республика сарайының фойесінде ҚР Ұлттық орталық музейі мен Алматы қаласы музейлер бірлестігі ұсынған көрме жайнап тұрды. Онда филармонияның бір ғасырға жуық шежіресі, небір атаулы кезеңдері, сахнада самғаған саңлақтардың фотосуреттері, талай тың серпіліс әкелген шығармашылық белестер көрініс тапты. Әсіресе даңқты тұлға Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылық әлеміне арналған жеке экспозиция жүректі тербетпей қоймады. Көшпелі даланың қоңыр үні мен кәусар күйін қыл ішекке сыйдырған композитордың бейнесі, оның қолжазбалары, тарихи сәттерден сыр шертетін деректер концертке жиналған жұртшылықты өнердің қасиетті тұмарына жақындатқандай болды.
Мерейтойлық кеш ресми лебізбен ашылды. Сахнаға көтерілген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқыды. Онда филармонияның қазақ музыкасын әлемдік деңгейге шығарудағы өлшеусіз еңбегі айрықша бағаланған.
«Сіздерді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрылғанына 90 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – ұлттық музыка өнерінің мерейлі белесі. Әйгілі Ахмет Жұбанов негізін қалаған филармония ғасырға жуық уақыт ішінде халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға, өркениетіміздің өрісін кеңейтіп, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты. Ұлт руханиятына айрықша із қалдырған көптеген тұғырлы тұлғаларымыз осы киелі сахнада өнер көрсетті. Өнегелі ұжым бүгінде кәсіби шеберлігін шыңдап, аға буынның тағылымды жолын жалғастырып келеді. Төл мәдениетімізді паш етіп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген филармония қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға амандық, шығармашылық шабыт тілеймін»,– делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сынды тұлғалардың құттықтаулары филармония тарихының салмағын тағы бір мәрте айшықтады. Еліміздің өзге облыстары мен мәдениет ошақтары, шетелдік әріптестерден келген құттықтау хаттар – филармонияның халықаралық шығармашылық кеңістіктегі беделін бедерлей түсті.

Концерт шымылдығы түрілген сәтте зал ішіндегі тылсым тыныштық тыйылып, ұлттық әуеннің қоңыр сазы өз өрнегін кестеледі. Қазақ музыкасының ғасырлар бойғы үні мен бүгінгі бейнесін бір арнаға тоғыстырған рухани мерекеде Нұрғиса Тілендиевтің, Мұқан Төлебаевтың, Еркеғали Рахмадиевтің, Тілес Қажығалиевтің, Әділ Бестібаевтың жауһар туындылары қайта жаңғырды. Ал кештің мазмұнын тереңдеткен әлемдік классиктер – Людвиг ван Бетховен, Николай Римский-Корсаков, Антонио Вивальди мен Пабло Сарасате туындылары филармония ұжымының кәсіби деңгейін паш етіп, ұлттық мектеп пен жаһандық өнерді тамаша үйлестірді.
Әншілердің әсерлі дауыстары, ансамбльдің үйлесімділігі, хордың әуезді әуені мен оркестрдің шеберлігі филармонияның 90 жылдық мектебінің қуатын айшықтай түсті.
Гала-концерттің шарықтау шегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі, сондай-ақ мәдениет саласының бірқатар мекемесі филармония ұжымына арнайы ілтипат гүлдерін табыстады. Бұл – өнерге жасалған тағзым, еңбегі ерен шығармашыл қызметкерлерге көрсетілген ақ алғыстың белгісі еді.
Аталмыш кеш өткеннің өнегесін сайратып, бүгіннің биігін бағамдап, ертеңнің үмітін жақты. Ұлттық рухтың отын лаулатып, ұлт жүрегінің үнін жалғап тұрған өнер ордасы алдағы уақытқа да сарқылмас шабытпен, жаңа серпінмен қадам басары сөзсіз.
Құралбек СӘБИТОВ




