Перейти к содержимому
Главная страница » Нақты іс пен нәтиже керек

Нақты іс пен нәтиже керек

     Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия­ның кезекті отырысы өтті. Оған комиссия мүшелері, тиісті мемлекеттік органдар­дың басшылары, аудан және қала әкім­дері онлайн режимінде қатысты.

Жиынды облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рустам Исатаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде полиция органдары мен ішкі саясат басқармасының және облыс әкімі аппаратының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы баяндамалары тыңдалды.
Ең алдымен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлан Садықов баяндама жасап, осы жылдың он айындағы сыбайлас же­қор­лық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін жариялады. Оның айтуынша, басқарма аясында 151 қызметтік тексеріс жүргізіліп, 47 тәртіптік комиссия отырысы өткізілген. Барлығы 99 құжат қаралып, нәтижесін­де 392 қызметкер тәртіптік жауап­кершілікке тартылып, оның ішінде 47 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылған. Ұлан Ғабитұлының сөзінше, полиция департаментінде тәртіп пен заңдылықтың сақталуын күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бақылау кешенді шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Жиында 2025 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет­ті қалыптастыруға бағыт­талған әлеуметтік жобалардың іске асыру барысы да баяндалды. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Медғат Қабдылқайыровтың айтуынша, биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары аясында түрлі семинарлар мен кездесулер, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылған. Олардың қатарында «Жас қылқалам иесі», «Әділдік бейнесі», «Ең креативті балапан», «Үздік идеялық шешім», «Қоғамға үн қатқан сурет», «Жастар көзімен әділ қоғам» сынды байқаулар бар. «Қазіргі таңда Алматы облысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас» атты облыстық сурет байқауы өтуде. Байқаудың басты мақсаты – балалар мен жастар арасында адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарын шығармашылық тәсілмен жеткізу», – деді Медғат Көбегенұлы.
Қазақстан Республикасының сыбай­­­лас жемқорлыққа қарсы саясаты­ның 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін, олардың туу себептерін анықтау айқын­далған. Бүгінде облыста осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Сағынай Мұсағитовтың айтуынша, қараша айына дейін 3 ведомствоаралық комиссия отырысы өткізіліп, 13 мәселе қаралған, 34 ұсыным әзірленген. Сонымен қоса «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту» жоспары аясында 600-ден астам іс-шара өткізіліп, 7 мыңнан астам адам қамтылған. «Жыл басынан бері 45 ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіліп, 35 жағдай анықталды, 15-і жойылды, 20-сы бойынша жұмыс жүргізілуде. Ішкі талдаудың нәтижелері мемлекеттік органдарға тән типтік сыбайлас жемқорлық тәуекелдері­нің бар екенін көрсетеді. Кейбір жағдай­ларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар тиімді емес және формалды түрде ұйымдастырылуда. Осы орайда, ұсынылған ақпаратқа сәйкес, мұндай көріністер облыстық білім басқармасында және Балқаш ауданы мен Алатау қаласының әкімдік­терінде байқалады», – деді Сағынай Амангелдіұлы.
Рустам Исатаев сыбайлас жемқор­лықпен күрес баршаға жүктелетін жауапты міндет екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Қабылданып жатқан шара­ларға қарамастан, білім беру, денсау­лық сақтау, жер қатынастары, агроөнер­кәсіптік кешенді субсидиялау салала­рында сыбайлас жемқорлық тәуекел­дері әлі де сақталып отыр. Бұл аталған салаларда алдын алу жұмыстары формалды түрде жүргізіліп жатқанын білдіреді. Алға қойылған мақсатқа жетуде алдымызда үлкен міндет тұрғаны белгілі. Бізге формалды есептер қажет емес, нақты нәтижелер керек, – деді отырысты қорытындылаған Рустам Маратұлы.

Ерзат АСЫЛ