[um_weather city="Қонаев"]
Жұма, Қаңтар 23, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Отыздан жасы аспаған, Өшпейтін бір із тастаған

    15.11.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Отыздан жасы аспаған, Өшпейтін бір із тастаған
    0
    SHARES
    12
    VIEWS

    Өткен ғасырдың 90-жыл­дары қазақ айтысына бір шоғыр жас талант легі қосылды. Солардың арасында қасиетті домбырасын қағып-қағып жіберіп, қанатын қаршығадай қомдап, қоңыр мақамға салып, желдіртіп жөнелетін қарға бойлы, қаңғалақтай жігіт көп көңілін өзіне аударды. Сахнада алшайып, тік отырысымен ағыл-тегіл төкпелейтін, өлеңін қара дауылдай бұрқыратып, үйірлі жылқыдай шұрқыратып, жиналған жұрттың айызын қандыратын. Ол табаны қызса, Тайбурылдай тауды елемей шабатын Оразалы Досбосынов еді. Құлмамбеттің құлыны тіршіліктің небәрі 29 көктемін көріп үлгерді. Жүректе өшпейтін кестелі сөзі, құлақта қоңыр үні, көз алдымызда жымиған жылы жүзі қалды. Міне, содан бері Оразалысыз 21 жыл өтіпті. Айтыс ақтангері биыл тірі болса, 50 жасқа толар еді. Қапияда кеткен қайран ердің асыл бейнесін Алаш жұрты ұмытпасы анық. Дүлдүл ақынның дүние есігін ашқан күніне орай Оразалы феномені неде, ақынның айтысқа әкелген жаңалығы қандай деген сұраққа жауап іздеп, жыр жүйрігінің көзін көрген, өнер керуенінде сан мәрте сапарлас болған жандармен ой ортақтастық.

    Ақын мұрасын зерттеу керек

         Оразалыны ҚазҰУ-дың 1-курсында оқып жүрген кезімде жолық­тырдым. Ұмытпасам, көктемде болуы керек, Алматы каласында республикалық айтыс өтті. Ол кезде Нарынқолдан келген мектеп оқушысы Оразалының есімі айтыс сүйер қауымға әлі таныс емес болатын.

    Сол жолы Абаш Кәкенов бастаған бірнеше ақынмен сөз қағыстырды. Ораз күзде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсті. Сөз саптауы бөлек, өзі әнші, өзі туабітті актер, қара тілдің шешені – қаршығадай қара баланың сыртынан сүйсініп жүрдік. Кейін жас ақындардың бір кездесуінде танысудың сәті түсті. Оразалы танысқан адамына бірден ақтарылып сөйлей бермейтін. Ал бір шешілсе, шежіре шешендерше көсіліп кететінін көзіміз көрді. Әзілдерді нақышына келтіріп айтқанда, көзімізден жас аққанша күлетінбіз. 1999 жылы Оралхан Бөкеевке арналған айтысқа қатысу үшін Өскеменге бардық. Қонақүйде Дәулеткерей Кәпұлы екеуміз бір бөлмеге, ал Оразалы көрші нөмірге орналасты. Кеш бата біздің бөлмеге келген ол жұртты жинап алып, небір күлдіргі әңгімелерді айтты. Бұрынғы ақындардың қызықты айтыстарын, өзі ойдан шығарған интермедияларды домбыраға қосып орындағанда айызыңды қандыратын.
    Оразалы Досбосынов – эпик ақын. Сахнада отырып, елдің басына түскен маңызды мәселелерді табан астында тауып айтатын. Ғажап, білімі кемел, талантты ақын. Жасы отызға жетпесе де, абыз ақсақалдар сияқты сөйлеп, аузын толтырып айтатын. Айыр көмей, қылыш тілді айтыстың үлкен өкілі болды. Егер қазір ортамызда болса, айтыс сахнасының төріндегі күллі қазақ ерекше құрметтейтін ірі тұлғаға айналар еді. Жас кезінің өзінде-ақ талантымен халықты мойындатып үлгергенін білеміз, әбден кемелденген, толысатын шағында өмірден өтіп кетті. Кей ақындардың тынысы отыздан кейін ашылады, ал кейбірі қырыққа жақындағанда ғана жақсы айтысып жатады. Көп ақын елу-алпысында жете алмайтын биігін Оразалы отызға толмай еңсерді. Оразалыны қалың көпшілік айтыскер ақын деп таныса, шын мәнінде оның әлі де ашылмаған, зерттелмеген тұсы көп-ақ. Ең әуелі, ақынның әншілік қырын айтайық. Бүгінде Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Сары бидай» деген халық әні бар. Соның алғашқы орындаушыларының бірі Оразалы еді.

    Серікзат Дүйсенғазы,
    ақын, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің деканы

     

    Жыраулар пөэзиясын жаңғыртты

    Мен алғаш Оразалы Досбосыновты 1989 жылы Райымбек ауданы Тегістік ауылындағы мектепте кездестірдім. Сондағы оқушылар айтысында қағылез қара бала ойының ұшқырлығымен көзге түсті. Оның өзгеше сөз саптауы мен тап бермеде тауып айтатын тапқырлығына таң қалдым.

    Сол күзде ауданда шопандар тойы өтіп, оқушылар айтысы ұйымдастырылды. Айтыста Оразалымен бірге Бақыт Жағыпарұлы, Жұматай Оспанұлы сынды жас дарындар жыр додасына түсті. Оразалы мен өлеңге баулып жүрген Қарлығаш Қаратаева деген қызды сөзбен түйреп, тықсыра бастады. Оған әзілдеп, қызыма қыңыр сөз айтпа дегендей сыңай танытып, жұдырығымды түйіп-түйіп қоямын. Бір кезде ол мені сөзбен қағытып, айтысқа шақырады. Көрермендер де өре түрегеліп қол соқты. Сонымен не керек, Оразалымен аздап айтысуға тура келді.
    Көзіңнен айналайын күлімдеген,
    Тулайды жүрегіңнің түбінде өлең.
    Тұлпар болар белгілі тай кезінен,
    Сен бір жүйрік боларсың сүрінбеген, – деген шумақтар есімде қалыпты. Оразалы айтқаныма орынды жауап таба білді. Сол бір сөз қағысудан кейін арамыз тіптен жақындап кетті. Болашақ жыр жампозы біздің үйге жиі келетін болды. Сол тұста ұстазы Хасен Саматыров, Бақыт пен Жұматай, бәріміз таңды таңға ұрып айтысатын едік. Оның арынына Жұматай ғана төтеп бере алатын. Ораз қамшы салдырмайтын жүйрік сынды қанына қара өлең сіңген жан еді. Кейін арман қуып Алматыға кеткен соң да, ауылға ат ізін суытпай келіп жүрді.
    Оразалының қазақ айтысына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ең әуелі, халық оны қазақтың байырғы сөздерін қайтадан тірілткен, жыраулар поэзиясын жаңғыртқан ақын деп қабылдайды. Ақынның айтысқан кезеңі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол елдегі өзекті мәселелерді бүкпесіз жырлап, тіліне тиек етті. Сол себепті де халық Оразалыны ыстық ықыласпен қабылдап, ерекше құрмет тұтты. Жай жырлап қана қойған жоқ, баяғы қазақтың көне сөздерімен бейнелеп жеткізгені үшін ұйып тыңдайтын. Мысалы, ақынның:
    Көлкіген қара мұнайдан,
    Көмбеге нанды пісірер
    Көк сиырдың көңі артық, – деген жыр жолдары ел есінде. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайларды ауыл өмірімен салыстыра жырлап, халыққа жеткізуде Оразалыға тең келер ақын айтыста кемде-кем. Осы сынды мысалдарды ақын жырынан санамалар болсаң, таңды таңға жалғауға болады. Не айтса да, жай, қарабайыр сөздермен емес, қазақтың байырғы тұрмыс-тіршілігіне қатысты теңеу сөздермен өрнектеп, халыққа жеткізе білді. Сонымен қоса Ораз айтысқа өзгеше мақам ала келді. Ақын сол мақамдарды ең алғашқы ұстазы Хасен Саматыровтан үйренді деп ойлаймын. Өйткені Хасен әншілік пен ақындықты тең ұстаған өнерпаз болатын. Домбыраның құдіретті үнімен кестеленіп, әдемі ән әуенімен ажарлана түсетін жүректен шыққан өлең жолдары тыңдаушыларының көңіл түкпіріне қонақтап жататын еді.

    Даубай Әбдісай,
    Оразалының тәлімгері

     

    Теңіздей терең, таудай биік

         1991 жылы «Сиқырлы қазан» деп аталатын оқушылардың республикалық теле-олимпиадалық танымдық хабары ұйымдастырылды. Сол доданы алғаш бастап, тұсауын кескен Алматы қаласы мен Алматы облысы Нарынқол ауданынан іріктелген команда болатын. Аталған шараға Жұматай, Оразалы, үшеуміз бірге бардық.

    Орекең екеуміз қаланың күйік татыған кофесінен гөрі қою қара шайды тәуір көруші едік. Сол үшін біз Алматыға алып келген мұғалімдерден әрең дегенде рұқсат сұрап, «Татаркада» тұратын Гүлсімхан әпкемнің пәтеріне жетуге асығатынбыз. Ең алғаш алып шаһарға келгенде ауыл баласына таңсық көрінетін «Көк базарға» қарай тартушы едік. Бірде базар ішін аралап жүріп Оразалыдан адасып қалғанымыз бар. Қаланы жақсы білетін Марат Келдібеков «Малая станица» жақтағы облыстық білім жетілдіру институтының біз келіп түскен жатақханасына барса, Орекең аяғын айқастырып қойып, қаннен-қаперсіз төсегінде жатыр екен. Сондай қуақылығы, әзілкештігі сахнада айтысып отырғанда да байқалып тұратын. Ол тумысынан сөзге тапқыр, әзілге бейім жан еді.
    Тағы бірде Қарасаз орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Советхан Мұпабаева аудан атынан Оразалы екеумізді кезекті бір өнер байқауына Алматыға алып келді. Айымыз оңынан туып, екеуміз де жүлдегер атандық. Көңілі орнына түскен Советхан апай айтқан өтінішіміздің бәріне мақұл дейді. Алайда өздігімізден қаланы аралауға рұқсат етпеді. Тұрағымыз – баяғы облыстық білім жетілдіру институтының жатақханасы. Бір кезде Ораз қалаға шығудың жолын тапты. Советхан апайдың бөлмесінде шай ішіп болған соң, есікті ішінен бекітіп, кілтін қалтасына салып алды. Оны апай білмейді. Мен сырт киімдерімізді ақырындап балконға шығарып қойдым. Сөйтіп, апайды бөлмеге қамап, екеуміз екінші қабаттың балконынан секіріп түсіп, орталық парктегі тирге барып құмарымыз қанғанша мылтық аттық. Ораз көздеген нысанасына дәл тигізетін. Одан шығып, өзімізге таныс «Көк базарға» қарай тарттық. Базардан ол ас-тұзын сатып алды. Нарықтың алғашқы жылдарында ауылда шай, тұз өте қат болатын. Сол заманның өзі қаршадай Ораздың иығына ауыр жүк артқан сияқты.
    Біздің кез келген қадамымызды қалт жібермей, аудандағы әр айтысымызда қазылар құрамында отыратын ақын Еркін Ібітанов, әдебиетші Тілеужан Сақалов, журналист Дәулет Желдікбаев ағаларымыз енді өсіп келе жатқан өнерлі өрендерге шын жанашыр бола білді. Бағыт-бағдар берді, жөн сілтеді. Ол кісілердің тәлімін Жұматай Әміреев, Дәулет Бақаев, Оразалы Досбосынов, бәріміз бірге тыңдап өстік. Дәулет 17-ақ жасында ерте үзіліп кетті. Ораз да отызға толмай опат болды.
    Оразды жетелей жүріп, талай жарысқа қосқан мектептегі мұғалімі Нұркен Бейсеевтің аты көп аталмай жүр. Алматының маңайына көшіп келгенін естігенбіз. Оразалының өзгеден тағы бір бағының артық жері – ақын, әнші, сазгер, термеші, жырау Хасен Саматыровтың қасында көп жүргендігі. Екеуі бір ауылда тұрды. Зер салған адамға Ораздың дауыс ырғағы, домбыра қағысы мен мақамында Хасен Саматыровтан сіңірген дүниелер байқалып тұратын. Ораздай оғланның ақын болып қалыптасуына осындай ағалардың тәлімі мол болды. Біздерді автоклубқа салып алып, кегендік ақындармен күн-түн демей айтыстырып, шыңдаған Даубай Әбдісаев пен Хасен Саматыров еді. Хасен ағамыздың елуге толған мерейтойына барған кезіміз Оразалының туған өлкеге соңғы сапары екен. Үш айдан кейін мәңгіге көз жазып қалатынымызды қайдан білейік?!
    Оразалының жанартаудай атылып, Құлмамбет сынды жыр саумалын сапырып, теңіздей терең, таудай биік сөйлеп отыратыны айтыс сүйер қауымның есінен кетпейді. Қазір бағамдап қарасақ, келте ғұмыр, бес күндік жалған туралы Орекеңнің де соңғы айтыстарында көп айтылған екен. «Иегін сақал жаппаған, отыздан жасым аспаған» деген секілді шумақтарды да Алла аузына салып отырды ма, кім білсін?!

    Бақыт Жағыпарұлы,
    ақын, журналист

     

    Айтыскер атындағы орталық

         2019 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық универ­ситетін­дегі Оразалы Досбосынов атын­дағы айтыс орталығы бірегей оқу ордас­ының өнері мен руханиятына тынбай қызмет етіп келеді.

    От ауызды, орақ тілді Оразалы бір кездері осы оқу ордасында білім алған еді. Мақамы маңғаз айтыскер ақынның атымен аталған шағын аудиторияның есігі өлең өлкесіне бет алған жастар үшін қашанда айқара ашылып келеді. Оның табалдырығын аттаған жан ақынның өмір жыры, көңіл сырын ұғынып, шығармашылық жолынан сыр шертетін кітаптар мен естеліктерді таба алады. Аталған орталық бүгінде мектептен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ойы ұшқыр, шабыты шалқар жас ақындардың атбасын бұратын орынға айналған.
    «Оразалы көзі тірісінде респуб­ликалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, ақтаңгер ақын атануымен бірге айтыс өнерінде өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен талант иесі. Оны мәңгі есте сақ­тау тірі­лер­дің парызы деп біле­міз. Бұл біздің Оразалы түлегі­міздің рухына деген құрметіміз», – деген еді дара дарынды бағалаған сол кездегі университет ректоры Такир Балықбаев.
    2021 жылы Оразалы Досбосынов атындағы орталықтың жинақтауымен ақынның үш томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Онда Ораздың айтыстары мен ақын туралы жазылған арнаулар, ғылыми мақалалар енген. Айта кетейік, алты жыл ішінде киелі шаңырақ ақын шығармашылығын кең көлемде насихаттап, оған қоса уни­вер­ситет табалды­рығын аттаған таланттарды танытуда жүйелі жұмыс атқарып келеді. Орталық қызметіне атсалысқан студенттер «Кітапхана» сынды тамаша жобаларды қолға алып, зиялы қауым өкілдерімен тағылымды кездесу өткізеді. Онда дәстүрлі түрде республикалық жас ақындар айтысы да жалғасын табуда. Оқу ордасының ұстаздары аталмыш аудитория төл шәкіртімізге ғана емес, күллі қазақ жырына жасалған құрмет деп есептейді.

    Ермұрат Мұқырбай

    Ұсынымдар

    Алматы облысының аумағында жер сілкінді

    Алматы облысында жер сілкінді

    1 year ago
    Тұмаумен сырқаттанғандар 36 пайызға азайған

     Маусымдық тұмау: қауіпті қалай азайтуға болады?

    1 year ago
    Жаңа ХҚКО бой көтеруде

    Жаңа ХҚКО бой көтеруде

    1 year ago
    Алматы облысында техникалық және кәсіптік білім беру жаңа серпін алды

    Алматы облысында техникалық және кәсіптік білім беру жаңа серпін алды

    5 months ago
    Қонаев көгіндегі Ту, марапаттар, жастар және шабыт: Алматы облысында Республика күні қалай аталып өтті

    Қонаев көгіндегі Ту, марапаттар, жастар және шабыт: Алматы облысында Республика күні қалай аталып өтті

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>