Райымбек ауданының Тегістік ауылында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында сабантой мерекесі өтті. Аспантау өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шарада ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер мен толайым табыстар сараланды. Дүйім жұрттың ырыздық-несібесін қара жердің төсінен ерен еңбегі арқылы еселеген диқандар мен төрт түлікті асылдандыру жолымен көбейтуге ықыластана кіріскен малсақ жандардың жыл он екі айғы табан ет, маңдай тері таразыланып, аудан экономикасының өркендеуіне қосып жүрген сүбелі үлесі лайықты бағаланды.

Қасиетті Тәңіртаудың етегіндегі, Батыр баба атындағы ауданның өз алдына қайта шаңырақ көтергеніне сегізінші жылға ауып барады. Аз деуге келмейтін, көп деуге болмайтын осы уақыт аралығында таулы өңірде қарапайым еңбек адамдарының қолымен атқарылған ауқымды іс аз емес. Оның айқын дәлелін ауыл шаруашылығы саласындағы әр жылдың қорытынды көрсеткіштері анық аңғартады. Дәнді егіс пен екінші нан саналатын картоп өндірісін заманауи технологияларды қолдану арқылы дамыту, мал азығына арналған алқаптарды талапқа сай күтіп, гектар берекесін арттыру, төрт түліктің санын асылдандыру арқылы көбейту ісі жылдан-жылға өрістеп келеді.
Аудан бойынша биылғы көктемде ауыл шаруашылығына арналған 40 мың гектардан аса жердің 13 486 гектарына таулы өңірдің жер жағдайына қолайлы «Любава-5» аталатын дәнді дақыл, 2267 гектарға «Аризона», «Артемис», «Алуэт» атты картоп егілсе, 24 686 гектар жер көпжылдық шөптің еншісіне тиген. Осынау алқаптарда диқандар алажаздай бел жазбай еңбектенді. Өнім молшылығы жолына қажыр-қайраттарын жұмсады. Агротехникалық талаптарды кеңінен қолданып, Жер-ананың төсін иітуге мүмкіндік тудырды. Міне, енді сол еткен еңбек, төккен тер желмен ұшып, сумен ақпай, ырыс-береке болып, елдің ырыздық-несібесіне айналып отырған жайы бар. Астықты алқаптың әр гектарынан орташа есеппен 17 центнерден алтын дән жиналып, қамбаға 22904 тонна құйылса, дарқан дақыл – картоптың әр гектарынан 214 центнер өнім алынуда. Сөйтіп, бүгінге дейін 48 367 тонна картоп сақтау қоймасы тола түсті. Мал азығы да жоспардағыдан жоғары деңгейде жиналды. Күзгі дала жұмысына жұмылдырылған 423 трактор, 11 комбайн, 615 ауылшаруашылық техникасы толық қуатында жұмыс істеп, ел байлығының дер кезінде ысырапсыз жиналуына өзіндік септігін тигізді.

Ауданда 3 жылдан бері «Altyn DAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеп келеді. Осы серіктестік 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологиясын, соның ішінде жаңбырлатып суару жүйесін енгізуді қолға алуда. Аталған жоба аясында биыл 500 гектар жерге жалпы құны 500 миллион теңге болатын заманауи суару қондырғылары орнатылды. Заманауи қондырғыларды тиімді пайдалану нәтижесінде 150 гектар жерге егілген картоптың өнімділігі өткен жылдан бері едәуір артып отыр. Қазіргі таңда аталған серіктестік Орта Азияға танымал «PepsiCO Central Asia» ЖШС-мен 1200 тонна картоп өткізу туралы және елдегі ең ірі «Magnum» cауда желілерімен 2000 тонна тауарлық картоп жеткізу жөнінде келісім жасады. Сонымен қатар фри мен чипсы өндірісіне арналған «Леди Клеер» және «VR-808» картоп сорттарын 78 гектар жерге егіп, жоғары сапалы өнім алуға бағытталған жұмысты бастап отыр. Сондықтан да сабантойға еңбек жемісін арқалап келген барша диқан қауымның пейілдері кең, көңілдері тоқ, жүздері шат.
Ауданда 66 мың бас ірі қара, 267 мың бас қой-ешкі, 42 мың бас жылқы бар. Бүгінде ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12, асыл тұқымды қой өсірумен 6 шаруа қожалығы айналысуда. Бұл шаруашылықтарда «Ангус», «Герафорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара малы, «Арқар меринос», «Иль-де-Франс» тұқымды қойлар өсірілуде. Аудан бойынша биыл 10 мың бас қойды қолдан ұрықтандыру жоспарланып отыр. Бұл жоба – мал шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өнімділікті арттыруға елеулі үлес қосатын маңызды қадам болмақ. Асыл тұқымды түлік түрлерін өсірумен шұғылданып жүрген малсақ жандар да бүгінгі жөні бөлек, еншісі ерек қуанышқа құралақан келмепті. Төрт түлікті өз төлі есебінен көбейтіп қана қоймай, асылдандыру арқылы да мал санын арттыруға білек сыбана кіріскен олар сабантой құрметіне арналып ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы көрмесіне өздері өсіріп отырған асыл тұқымды сиыр, қой, жылқыларын ала келіпті. Тойға жиналған қауым тұрқы бөлек, түр-тұлғасы тартымды түліктерді тамашалады. Тегістік ауылындағы индустриялық аймақ аталатын алапта Мұхтар Мәлібеков деген азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6000 бастық тауық фермасын ашып, жұмыс жасауда. Етті көп беретін тауықтар азық-түлік бағдарламасына өзіндік септігін тигізуде. Іскер азаматтың көрмеге әкелген тауықтарының етін сатып алушылардың да қарасы көп болды. Бағдарлама арқылы мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлер дайындап әкелген әртүрлі тағамдар да тойшыл қауымның игілігіне жарады.

Ауыл шаруашылығы мен ұлттық қолөнер көрмесін тамашалап, көңілдері тоғайған жұртшылық, арнайы шақырылған еңбек адамдары бұдан кейін сабантой мерекесіне арналған салтанатты шарада бас қосты. Алғашқы сөздің тізгінін Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев ұстады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – ең алдымен елдің тұтқасы, тіршіліктің негізі болып отырған қарапайым еңбек адамдарына, қолымен өндіріске жан бітіріп, жердің несібесін теріп жүрген ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне деген зор құрметтің көрінісі. Бүгінгі сабантой – ауыл еңбеккерлерінің, Жер-ананың ырысын терген, елдің экономикалық қуатын еселеп жүрген азаматтардың мерекесі. Жермен тіл табысу, мал өсіру – кімге де болсын оңай емес. Біздің шаруалар көктемнің желімен егін егіп, жаздың аптабында тер төгеді. Күздің қоңыр салқынында өнімін жинап, ел ырысын еселейді. Еңбек адамдарының жылдың төрт мезгіліндегі еңбегінің жемісі бағаланатын, қорытындысы қалың қауымға көзайым болып көрсетілетін бүгінгі сабантойдың қуанышында арнайы шақырумен келіп, ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелерін бөліскелі отырған қонақтарға, шаруаларға зор алғысымды білдіремін, – деген аудан әкімі ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне де кеңінен тоқталды. Ауыл шаруашылығын дамытуға лайықты үлесін қосып келе жатқан диқандар мен малшыларға, басқа да сала мамандарына марапаттар тапсырды. Асыл тұқымды мал өсіруші Төлен Ерденебаев, кәнігі диқан Бақыт Қаранқұлов, тракторшы Ролан Исағожаев, таңқурай өсіруші Бейбіт Әбілқайыров, шаруа қожалығының төрағасы Серік Қарамолдаев, сушы-диқан Жасұлан Жарқынбеков, «Tur-Ferma» шаруа қожалығының жетекшісі, иелігіндегі қой санын 6694 басқа жеткізген Нұрбол Тұрбеков, мал шаруашылығында зор жетістікке жетіп жүрген Саят Оңалбеков, балық өсіруші Елдос Тастандиев, «Райымбек-Нан» маманы Ерлан Ақылбеков, «Көлсай ирригация» КММ маманы Ғалымжан Жұмағұлов, «Нарынқол орман шаруашылығы» КММ орман күтушісі Еркін Наурызбеков, тағы басқа азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаты және бағалы сыйлықтарға ие болды. Cалтанатты шарада ауыл шаруашылығын өркендетуге лайықты үлесін қосып жүрген Елжан Бестібаев, Мұрат Малдыбаев сияқты қожалық төрағалары сөз сөйлеп, ой, пікір, ұсынысын айтты. Сабантойға жиналған тойшыл қауым бұл күні «қошқар көтеру», «арқан тарту», «қазақша күрес» сияқты ұлттық спорт түрлерін, аудан көркемөнерпаздарының кең бағдарламалы концертін тамашалады. Ауылдық округтер тіккен ақшаңқан қазақ үйлер де ішкі-сыртқы сән-салтанатымен сабантойдың маңызын арттырып, тойға құтты болсын айтушылардан босаған жоқ. Думанды шараға ақ ниет арқалап келген көпшілік қазақ үйлерде жайылған берекелі де мерекелі дастарқаннан дәм татып, ыстық ықыласын білдіріп жатты.
Аспантау аясында тұңғыш рет ұйымдастырылған сабантой өзіндік ерекшелігімен, көңіл көркейтер көрінісімен осылайша дүркіреп өтті.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




