Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара облыстық цифрлық технологиялар басқармасының соңғы жылдардағы жетістіктері мен жаңа жобалары көрсетілген бейнематериалдан басталды.
Алғашқы құттықтау сөзі алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қоғамның инновациялық тұрғыда дамуына, заманауи технологиялардың енуіне және цифрлық трансформацияның жүзеге асуына айрықша үлес қосып жүрген сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
– Цифрлық трансформация – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, алдағы үш жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекет болуы тиіс. Бұл – баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды міндет, – деген аймақ басшысы Алматы облысы цифрландыру бағыты бойынша республикада қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірі екенін атап өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс секторы 12 пайыздық өсім көрсетіп, өнім көлемі 13,7 млрд теңгеге жеткен. Smart City (Смарт Сити) көрсеткіші де едәуір жақсарып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 70 баллға көтерілген. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда едәуір үлкен көрсеткіш. Облыста интернет инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Өңірдегі 368 ауылдың 349-ы (94%) кең жолақты интернетке қосылған, ал тұрғындардың ғаламторға қолжетімділігі 99,9 пайызға жетті. Сонымен қатар 261 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, 311 елдімекенде 4G желісі тұрақты жұмыс істейді. Инновациялық жобалар қатарында «Алматы облысының цифрлық көшірмесі» де бар. Оның аясында 33 елдімекеннің цифрлық картасы жасалып, 2 мың шақырымнан аса инженерлік желілер цифрланды. Сонымен бірге интеллектуалды бейнебақылау жүйесі өңірдің 95% аумағын қамтып, 9416 камера және 325 аппараттық кешен орнатылған. Өңірде жасанды интеллект бағытындағы алғашқы бастама – Qonaev AI жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ азаматтармен кері байланысты арттыру мақсатында 109 қызметі тиімді жұмыс істеп, тұрғындардың сұранысына жедел жауап беріп келеді. Ашылған уақыттан бері бұл орталыққа 32 263 өтініш түсіп, оның 32 158-і толық орындалған.
Осы орайда Марат Елеусізұлы:
– Бұл жетістіктер – өңірдің цифрландыру бағытына қатысушы барлық құрылымның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жаңашыл көзқарастарыңыздың арқасында біздің аймақ цифрлық бағытта тұрақты дамып келеді, – деп бірқатар сала үздігін Құрмет грамотасымен марапаттады.
Келесі сөз кезегін алған облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл өңірдің технологиялық тұрғында серпін алуында сала мамандарының еңбегі зор екенін атап, оларға алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде:
– Құрметті әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Биыл өңірімізде цифрландыруды ілгерілету, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жобалық басқаруды және жасанды интеллектіні енгізу саларында үлкен жұмыс атқарылды. Аймақтың технологиялық дамуында жаңа кезеңге жол ашылуда. Бұл жетістіктер – IT мамандардың, операторлардың, сарапшылардың мемлекеттік қызметкерлердің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Десе де, алдымызда ауқымды міндет бар. Ол жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, деректерге негізделген басқаруды күшейту, «Ақылды қала» аргументтерін дамыту, азаматтар үшін цифрлық қызметтердің сапасын арттыру және осы сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін интернет және байланыс желілерін дамыту, – дей келе, цифрландыру бағытындағы бірқатар қызметкерге басқарма атынан Алғыс хат тапсырды.
Құралбек СӘБИТОВ




