Сап түзеген сарбаздардың ант беру рәсімі биыл да ерекше салтанатпен өтті. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына күзгі шақырылымға 351 сарбаз келді. Отан алдындағы борышын өтеуге келген әр сарбаздың бойында жігер, көзінде жалын. Бәрі де – «Сен тұр, мен атайын!» деп тұрған нағыз ерлер.
Шара ең әуелі ҚР ҰҚК ШҚ Алматы облысы бойынша департаментінің Жауынгерлік Туы ортаға шығарылумен басталды. Жауынгерлік Ту – жігер мен намыстың, абырой мен ардың, батылдық пен ерліктің еншісіндей. Жауынгерлік Тудың ортаға шығарылуының өзі – үлкен құрмет әрі қошемет. Бір таңғаларлығы, Ту ортаға шығарылған сайын бойыңда керемет алапат күш пайда болатындай. Кезінде батыр бабаларымыздың осы бір қарыс Ту үшін, соны құлатпау үшін жанын берген сәттері көз алдыңа келеді. Ал, бүгінде Туымыз бейбіт заман бесігінде тербеліп, көк аспанда еркін қалықтауда. Жауынгерлік Туға деген шекарашылардың құрметі ерек. Өйткені ол Ту жығылмауы, жау қолына түспеуі тиіс. Жауынгерлік Тудың тұғырдан тайғаны – еліңнің тағынан тайғанындай. Осындай құрметке ие Ту ортаға келген соң, салтанатты шара ашық деп жарияланды. Мемлекеттік Ту көтеріліп, Гимн шырқалған соң сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі басталды. Ант қабылдау рәсіміне ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов, Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманәлиева, шекара қызметінің ардагерлері қатысты. Сонымен қатар жан-жақтан келген сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары да осындай ерекше сәттің куәгері болды.
Сарбаздар еліне адал, мемлекетіне құрметпен қарауға, оның шекарасын көзінің қарашығындай қорғап, қызмет етуге қолын кеуде тұсына қойып тұрып ант берді. Ант қабылдау рәсімі аяқталған соң ҚР ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әлібек Каюпов жас сарбаздарды ант қабылдауларымен құттықтады. Шекараның қасиетті мекен, ал оны қорғау абыройлы іс екенін қадап айтқан полковник әр сарбаздың антына адал болуын міндеттеді.
Аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы: «Шекара – елдің қалқаны, ал сарбаз – сол қалқанның мызғымас тірегі», – дей келе, жас сарбаздардың ел тыныштығы үшін бар күш-жігерлерін аямай қызмет ететіндеріне сенім білдірді. Сондай-ақ әскери борышын өтеуді парыз санайтын ержүрек азамат тәрбиелеген ата-аналарға да алғысын жаудырды. Ата-аналар атынан сөз алған қатардағы жауынгер Абзал Баймұханбеттің ата-анасы алдындағы әр бала өз баласындай екенін, оларға үлкен міндет пен жауапкершілік жүктеліп тұрғанын айтып, Отан алдындағы борыштарын тек абыроймен өтеп келулеріне тілектестігін білдірсе, қатардағы жауынгер Еркебұлан Арманұлы әскери борышын бірге өтеп жүрген замандастарына сәттілік тіледі.
Ант қабылдау рәсімі барысында сарбаздардың бірімен тілдесуге мүмкіндік алдық. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Шыңғысхан Абдрахманов. Ол – Қарасай ауданының тумасы. Шыңғысханнан бүгінгі жастардың әскерге барғысы келмейтіндігі турасында пікірін білген едік. «Ер-азамат болған соң Отан алдындағы борышымызды өтеуіміз керек. Ол – біздің міндетіміз. Мен өз отбасым, артымнан ерген қарындастарымның бейбіт елде өмір сүруі үшін Отан қорғауға өз еркіммен келдім. Ата-анама 18 жасқа тола сала әскерге баратынымды бір жарым жыл бұрын ескерткенмін. Олар да менің таңдауыма қолдау білдірді. Екі ай бұрын 18 жасқа толдым. Бірден әскерге өзім сұранып кеттім», – деп ағынан жарылды. Өз болашағын заң саласымен ғана байланыстырғысы келетін Шыңғысханның арманының орындалуына біз де тілектестігімізді білдірдік. Ал Салтанат апа сонау Ақтау қаласынан немересі, қатардағы жауынгер Нұрболат Мақсатұлының ант беру рәсіміне арнайы келіпті. «Немерем Отанын қорғап, азаматтық борышын өтеуге келді. Баламның бойында еліне деген сүйіспеншілігі, жеріне деген құрметінің барына қуанамын. Құлынымның борышын өтеп, аман-есен оралуын тілеймін. Болашағын осы саламен байланыстырып, әскери қызметкер боламын десе, батамды беріп, тек қолдау көрсетемін», – деп көзіне жас алды. Немересінің азамат болғанын, ел қорғауға жарап, ант қабылдап жатқанын көріп, ерекше тебіреністе тұрғанын да жасырмады.
Сан тараптан келген сарбаздар ата-аналарының ыстық ықыласы мен мейірімін сапта тұрып-ақ сезгендей. Олардың жалын атқан жүздерінде ата-анаға деген еркелік пен бір қарағанда азамат болып ержеткендіктерін аңғартатын салмақты жанның бейнесі қатар тұрғандай. Не десек те, ел қорғайтын осындай ұландарымыздың сап түзегеніне қарап марқайдық, мақтандық.
Шара соңында жеке құрам саптық ән шырқап, өздерінің Отанға деген адалдығын, патриоттық сезімін көрсетті. Мұнан соң Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіптік даярлау бөлімінің жас сарбаздары дайындаған көрініс, қызметтік иттердің қырағылығын танытатын әдіс-тәсілдер көпшілікке паш етілді. Арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл бөлімше жеке құрамының операцияларды орындаудағы шеберліктері таныстырылды. Осылайша біз шекараның берік болуы жолында еңбектеніп, күн-түн демей, қырағылық танытып жүрген шекарашылардың еңбегінің ерен екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Осындай ер жүректі, мығым білекті ер-азаматтарымыз барда шекарамыз бұзылмай, бейбіт күнде өмір сүрерімізге сенім мол.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




