Еңбекшіқазақ ауданы – табиғаты көркем, тарихы терең, 54 этнос өкілінің басын бір шаңырақ астына біріктірген киелі мекен. Береке-бірліктің ордасында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамып, жаңа өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, инфрақұрылымды жаңғырту, мәдениет пен білім саласына инвестиция тарту аудан басшылығының басты назарында. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовпен болған сұхбат барысында өңірдің бүгінгі даму барысы жан-жақты қаузалды. Талғат Ескендірұлының айтуынша, әр ауылдың тынысы мен тұрмысы біртіндеп жақсарып келеді. Халық игілігіне бағытталған істің бәрі – ауданның ертеңіне салынған негіз.
– Талғат Ескендірұлы, аудан экономикасында басым бағытқа ие саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Күзгі жиын-терін жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Ауыл шаруашылығы – расымен, үлкен сала. Мұнда мал, егін, балық шаруашылығы, бау-бақша – бәрі бар. Тиісінше, аудан экономикасында да алар орны ерекше. Биыл 78 мың га жерге дақылдар себіліп, 57 мың гектары орылды. Қазіргі таңда, жүгері мен майбұршақ ору жұмысы жүргізіліп жатыр. Күз молшылық пен берекенің маусымы дейміз. Сонымен қатар күзде атқарар шаруа да көп. Ірі шаруа қожалықтары күзгі өнімдерін жинап, қысқы мал азығын дайындауда. Енді бірі жер жыртып, келесі маусымның қамына кірісіп кеткен. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде биыл ауыл шаруашылығы саласында 121,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мал шаруашылығының өнімі – 51 млрд 642 млн теңгені, өсімдік шаруашылығының өнімі 68 млрд 258 млн теңгені құрады. Жыл соңына дейін игерілетін өнім тағы бар. Күннен-күнге жаңарып жатқан технология өнімділікті арттыруда басымдыққа ие. Осы орайда ауыл шаруашылығында оң нәтиже көрсетуде мемлекеттік қолдау мен инвестицияның да рөлі жоғары. Биыл бұл салаға 10 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қаражатқа су үнемдеу технологиясы, жаңа техника сатып алынды, мал бордақылау алаңдары, сүт фермалары ашылды. Мемлекеттік «Кең дала» бағдарламасы аясында шаруалар жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы мал басы көбейіп отыр. Тиісінше, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артты. Жалпы, ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, негізгі мәселенің бірі – суару жүйесіне қатысты екені сөзсіз. Ауданда барлық суару каналдарының ұзындығы 1 694 км-ді құрайды. Осы орайда суару каналдарын күрделі жөндеуден өткізу, суармалы дренаж жүйелерін жетілдіру бағдарламасы аясында суару желілерінің құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Ауданда егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз етуде 4 мекеме жұмыс атқарады. Науқан кезінде 90 км-ден аса каналға механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, қосымша жаңа техникалар алынды.
– Аудандағы өнеркәсіп саласы жайлы да айтсаңыз, өндіруші, өңдеуші кәсіпорындардың жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Ел экономикасындағы маңызды саланың бірі – өнеркәсіп. Сырттан келетін шикізат экспортына тәуелділікті азайтып, жергілікті жердің өндірісіне серпін беру, отандық өнім түрін арттырып, ішкі өндірісті әртараптандыру – негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік арнайы бағдарламалар да жұмыс істеп, кәсібін ашамын деушілерге қолдау көрсетіліп жатыр. Жергілікті жерге инвесторлар тартылып, жаңа өндіріс орындары да ашылуда. Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданында бүгінде 108 өнеркәсіп орны қызмет көрсетеді. Оның 86-сы өңдеу кәсіпорны болса, 22-сі – тау-кен өндіру нысаны. Нақты статистикаға жүгінсек, биылғы 9 айда өнеркәсіп көлемі 108 млрд 702 млн теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 36 млрд 432 млн теңгеге артық орындалды. Жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге 14 шағын өндіріс цехы ашылып, бір өнеркәсіп орны өндіріс желісін кеңейтті, жаңа 100 жұмыс орны құрылды. Мұны тарқатып айтар болсам, Бөлек ауылдық округінде күніне 20 тонна лимонад өндіретін «Янтарь» цехы іске қосылды. Қазір өндіріс орындарындағы жұмыстың барлығы автоматтандырылғанын жақсы білесіз. Адам еңбегі емес, көп жерде автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Мұны айтуымның себебі, осындай үлкен, қарқынды өндірістің өзіне көп қызметкер қажет емес. Өнеркәсіп өндіріс желісін кеңейтіп, 4 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ ауылдарда жиһаз жасайтын, сабын өндіретін, пластикалық есік-терезелер шығаратын цех, тігін шеберханасы, киіз үй жасау өндірісі, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша сұрыптау кешені, жеміс-көкөністерді өңдеу және консервілеу өндірістік цех пен қоймасы құрылды, поролон шығаратын цех, автоклабты газобетон зауыты ашылды, асфальтбетон және тас материалдарын өндіретін өндіріс іске қосылды. Аудандағы жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу кәсіпорындары жергілікті шикізатпен қамтамасыз етіліп отыр. Аудандағы ірі және орта кәсіпорындар негізінен өңдеу өнеркәсібімен айналысады. Сонымен қатар ауданда өнеркәсіп саласында тағы бір ірі кәсіпорын – «Жетісу вольфрамы» ЖШС-ның вольфрам кендерін өндіру және қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін 340 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл инвестициялық жобалар малдың терісін, сүйегін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге бағытталған.
– Инженерлік инфрақұрылымды жақсарту – халықтың өмір сүру сапасын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды тетіктің бірі. Бұл мәселелер ауданда қалай шешімін тауып жатыр?
– Әрине, қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз етуде негізгі фактордың бірі – инженерлік инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, жарық, су, кәріз жүйесі, жылу – әрдайым бірінші кезекте тұрады. Тиісінше, осы бағытта жұмыс та тұрақты жүргізіліп келеді. Алматы сияқты мегаполиске жақын орналасқан соң да облыстағы халық көп шоғырланған аудандардың біріміз. Бүгінде аудан халқы 283 700 адамды құрап отыр. Тек мектеп жасындағы бала саны – 55 032. Демек, аудандағы балабақшадан бастап, мектеп, емхана сынды әлеуметтік нысандар, инженерлік инфрақұрылым да осы көрсеткішке сай болуы шарт. Осы мақсатта ауданда жыл сайын жүздеген шақырым жол жасалып, кәріз жүйесі, электр желілері жаңартылады. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер бой көтеріп, қоғамдық көліктер де елдімекендердің арасын жалғап жатыр.
Қоғамдық көлік демекші, аудандағы 62 ауыл мен 34 саяжай халқы бүгінде тасымалмен қамтылып отыр. 18 бағытта 100-ге жуық автобус бар. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға биыл 1 млрд 134 млн теңге бөлінді. Қаражатты үнемдеу мақсатында тарифті көтеру және қайталанба бағыттарды біріктіру жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу үшін 50 жаңа аялдама орнатылды.
Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2198 шақырымды құрайды. Бұл жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі биылғы жөндеу жұмыстарынан кейін 80 пайызға жетпек. Осы реттегі үлкен жобаның бірі – «Есік – Саймасай» тас жолына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ «Құлжа» тас жолының 13 шақырымына, демек, Бәйтерек ауылынан Есік қаласына бұрылысқа дейінгі аралыққа орташа жөндеу жасалды. Ал жарық мәселесіне келер болсақ, ауданда жалпы электр желілерінің ұзындығы 4127 км-ді құрайды. Өкінішке қарай, олардың 65 пайызының тозығы жетіп тұр. Осы мәселені шешу үшін биыл 3 ауылдың электр желілері толығымен пайдалануға берілді, қазіргі уақытта 9 ауылда желілер қалпына келтірілуде. Келесі жылы 6 елдімекендегі құрылыс жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ 4 ауылдың электр желілерін қайта жаңғырту үшін жобалық құжат жасалуда.
Баспана мәселесі қай кезде де өзекті. Қазіргі уақытта ауданда 430 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Есік қаласында 180 пәтерлі 3 үйдің құрылысы аяқталды. Инженерлік желілері тартылып бітсе, жыл соңында «Отбасы банк» арқылы тарату жоспарда бар. 2023 жылы салынып басталған Есік қаласы мен Шелек ауылындағы 250 пәтерлі 6 үйдің құрылысы тоқтап тұрған болатын. Қазіргі кезге мердігер «Шебер Билд» компаниясымен қайта келісімшарт жасалды. Аталған үйлер 2026 жылы пайдалануға берілмек.
– Елдімекендерді газдандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Көгілдір отынға аудан тұрғындары қашан толық қол жеткізе алады?
– Аудандағы 79 елдімекеннің 13-іне газ тартылған. Сондай-ақ осы жылы аудан әкімдігі тарапынан Амангелді, Ташкенсаз ауылдарында жеке инвесторлар есебінен газ тартуға меморандум жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алматы облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы арқылы 22 ауылға газ тартуға ЖСҚ жасау жоспарланып отыр. 16 ауылға ЖСҚ (жобалық сметалық құжат) жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Сонымен қатар облыстық басқарма арқылы 6 елдімекенге газ тартуға қаржы бөлініп, ЖСҚ әзірленуде. Қазіргі уақытта аудандағы газ тартылмаған 64 елдімекеннің мәселесі осылай ақырындап шешімін тауып жатыр. Дегенмен, осы 64-тің ішінде 15 ауыл – таулы аймақтарда немесе алшақта орналасқан шағын елдімекендер екенін де айта кету керек.
– Білім саласына да тоқталып өтсеңіз.
– Биыл ауданда заманауи талапқа сай бой көтерген үш мектеп қолданысқа берілді. Оның екеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған. Жақын арада осы бағдарлама аясында салынып жатқан тағы екі мектеп есігін айқара ашпақ. Алты мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр, оның үшеуі биыл қолданысқа беріледі. Ауданда жалпы 89 білім ошағы болса, күрделі жөндеуді қажет ететін 35 мектеп бар. Мұның барлығы кезең-кезеңмен атқарылатын шаруа.
– Әлеуметтік нысандардан бөлек, ауданда кітапхана, театр, кинотеатр сынды мәдениет ошақтары болуы керек-ақ. Бұл – ұлт тәрбиесі, ұлттық идеология үшін өте маңызды. Өкініштісі, аудандағы көптеген ауылда, басқасы былай тұрсын, Мәдениет үйі де жоқ. Аудандық кітапхананың жайын өзіңіз білесіз. Мәдениет саласындағы бұл мәселелер қашан шешімін таппақ?
– Соңғы жылдары Еңбекшіқазақ ауданында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі уақытта ауданымызда 14 Мәдениет үйі, 2 ауылдық клуб және құлағы нашар еститіндерге арналған 2 орталық жұмыс істейді. Әрине, бұл жеткілікті көрсеткіш емес, алайда бағыт айқын, жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Кеңестік кезеңнен кейінгі тоқырау жылдары Мәдениет үйлері иесіз қалып, бірқатары жекеменшікке өтіп кеткені жасырын емес. Бүгінде біз сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында мәдениет ошақтарын мемлекет меншігіне қайтарып, қайта жаңғырту ісін қолға алып отырмыз. Бұл жұмыс – тек ғимаратты жөндеу емес, ауылды жандандыру, ұлттық болмыс пен құндылықты қайта жаңғырту жолы. Биыл Бөлек ауылының Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар кезінде «Қазтелерадио» АҚ меншігіне өткен Толқын ауылдық Мәдениет үйін мемлекет меншігіне қайтару бойынша әділет органдарында тіркеу рәсімдері аяқталды. Жұмыс істеп тұрған мәдениет ошақтарының да жағдайы назардан тыс қалған жоқ. Түрген ауылдық Мәдениет үйінің ЖСҚ-сы дайындалып жатыр. Төрт ауылдың Мәдениет үйлеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Жаңа мәдениет ошақтарын салу да басты назарда. Бәйтерек, Қайыпов және Қызылшарық ауылдарында Мәдениет үйлері мүлде болмағандықтан, бұл елдімекендерде жаңа ғимараттар салу үшін ЖСҚ дайындалып, бюджеттік өтінімдер тиісті органдарға жолданды. Кітапхана желісі де ұмыт қалған жоқ. Бүгінгі күні ауданда 22 кітапхана жұмыс істейді. Аудандық кітапхана ғимаратының техникалық жағдайы нормативке сай келмейді. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл ғимарат жаңадан салынуы тиіс. Осы мақсатта сұраныс берілгенімен, әзірге қаржы мәселесіне байланысты жоба тоқтап тұр. Дегенмен, биыл ұзақ уақыт жөндеу көрмеген Шелек ауылдық кітапханасы модернизациядан өтіп жатыр.
– Халық наразылығын тудыратын мәселенің бірі – карьерлер. Аудан халқымен кездесуінде облыс әкімі карьерлердің жұмысын қатаң бақылауға алу қажеттігін тапсырып еді. Бұл іс шешімін тапты ма?
– Аудан аумағында қазіргі уақытта 22 жер қойнауын пайдаланушы бар. Осы кәсіпорындардың ішінде Сөгеті ауылдық округінде орналасқан «Жетісу вольфрамы» кәсіпорнын ерекше атауға болады. Негізгі бағыттары – вольфрам кендерін өндіру мен өңдеу, оның ішінде Бұғыты кен орнындағы жоба жүзеге асырылуда. «Жетісу вольфрамы» өндірісі экологиялық талаптарға сай, кен өндіруден бастап, сапалы вольфрам өнімдерін шығаруға дейінгі толық технологиялық циклді қамтиды. Компания 2026 жылы жобалық қуатына жетуді жоспарлап отыр. Бұл 3,3 млн тонна вольфрам кенін өндіруге және 65 пайыз вольфрам концентратын алуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын 251-500 аралығында қызметкерлерді жұмыспен қамтиды.
Ауданның 5 ауылдық округінде жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты бірқатар мәселе бар. Соның ішінде карьерлердің саяжай аумақтарына жақын орналасуы, санитарлық аймақтың сақталмауы, ауаның ластануы, күндіз-түні тынбайтын көлік құралдарының шуы тұрғындар арасында наразылық тудырып, жиі арыз-шағымдар түсіп жатады. Дегенмен, барлық өнеркәсіп орны заңнамаға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Карьерлерді дамыту үшін жер учаскелерін бөлу облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы тарапынан берілетін рұқсат құжаттарына негізделеді. Рұқсаттар карьерлердің қажетті экологиялық сараптамадан өткенін және экологиялық, өндірістік стандарттарға сай екенін растады. Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі, прокуратура, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, өңірде жұмыс істеп тұрған 22 карьердің басшыларымен кездесу ұйымдастырып, қазба жұмысын заң аясында, өз аумақ шеңберінде жүргізу және санитарлық талаптарды орындаулары қажет екендігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дегенмен, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілері де тіркеледі. Бәйтерек және Жаңашар ауылдық округтеріне қарасты аумақта заңсыз қазба жұмыстарын жүргізушілер анықталды. Аталған заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында күнделікті мониторинг жасалып, округ әкімдіктері мен жергілікті тұрғындар тарапынан хабарлама түскен жағдайда, ауданнан арнайы жұмысшы топ қазба орнына барып, заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
– Еңбекшіқазақ – табиғаты да, тарихы да бай мекен. Туризмнің қай түріне де сұранып тұр. Туризмді дамыту үшін ауданда қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Иә, Еңбекшіқазақ ауданының табиғаты таңғажайып, тарихы да тереңнен тамыр алады. Ауданда туризм үлкен әлеуетке ие. Ауданда туризм саласында қызметті жүзеге асыратын 27 нысан тіркелген. 2025-2029 жылдар аралығында ауданда 4 туристік нысан іске асырылады деп жоспарлануда. Тарихи орын демекші, сол нысанның бірі – «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының визит-орталығы. Еңбекшіқазақ дегенде, Есік көлі бірге айтылады. 2025-2029 жылдар аралығында Есік көлінің қоғамдық аумағын абаттандыру жоспарлануда. Аталған жобаны «Habel» ЖШС іске асыра отырып, жаңа 180 жұмыс орнын құруды көздеуде. Сонымен қатар, туризм нысандарының инфраструктурасы бойынша Түрген шатқалында орналасқан «Ақбұлақ» кафесінен «Батан» визит-орталығына және «Батан» визит-орталығынан «Ассы» обсерваториясына дейін электр желілерін тарту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге биыл 24 млн теңге қаржы бөлінді. Туризмнен ауданға қаржы түсуі үшін, туристерге бар жағдай жасалып, инфрақұрылымды дамыту керек. Бұл жұмыс рет-ретімен жолға қойылып келеді. Туризм келешекте аудан экономикасына өз септігін тигізер бір салаға айналады деген сенім де жоқ емес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




