Биыл еліміздің түкпір-түкпірінде «Ұстазға алғыс!» апталығы аясында тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Мақсаты – әрбір қызметкерге өмірінде ерекше орын алған алғашқы немесе сүйікті ұстазына алғыс білдіруге мүмкіндік беру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия», – деп аталған саланың маңызына ерекше тоқталып өткен.
Мұндай игі бастамадан мемлекеттік органдар мен ұйымдар да қалыс қалған жоқ. Өткізіліп жатқан іс-шаралар жүректерге жылулық сыйлап, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты қайта жандандыруда. Осындай жарқын сәт Алматы облыстық экология департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің бірінде өтті. Арнайы ұйымдастырылған кездесуде Алматы облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Алина Түсіпбаева өз ұстазына шексіз алғысын білдірді.
– «Ұстазға алғыс!» жобасы әсерлі сәтті сезінуіме себепші болды. Мен алғыс білдіру үшін университет қабырғасында дұрыс бағдар көрсетіп, білім мен адамгершілікке тәрбиелеген ұстазымды таңдадым. Ол – кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамдық болмысымен де есте қалатын тұлға. Бүгінде өз саламда талмай еңбек етіп жүрсем, оның негізі ұстазымның шын ниетімен берген тәлімі мен кеңесінде жатыр. Маған тек мамандықтың қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды. Тура жолдан адаспай, ардан аттамай өмір сүруді үйретті. Сондықтан да ұстаздардың шәкіртіне берген тәлімі мен төккен тері өлшеусіз, – дейді Алина Мұратқызы. Ал ұстазы Болат Айтымов – Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқықтық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Ол кісінің кәсіби біліктілігі мен адами болмысы шәкірттерінің жүрегінде өшпестей сақталған.
Шара барысында Болат Жолдасбекұлы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Оны облыстық департамент басшысы Бақытжан Молдахметов салтанатты түрде тапсырды.
Ұстазға алғыс айту – әр азаматтың рухани борышы. Білім нәрін бойға сіңірген ардақты жандардың еңбегін бағалап, құрметтеп өткен ұрпақ қана болашақтың берік іргетасын қаламақ.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА




