Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының халықаралық іскерлік белсенділік, инновациялар және технологиялар орталығын құру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жайы талқыланды.
Кеңес барысында әзірленіп жатқан «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасына қатысты ұсыныстар айтылды, инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев инженерлік желілерді жоспарлаудың салалық схемалары бекітіліп, бірінші кезекте салынатын 30 нысан анықталғанын атап өтті. Бұл ретте қолданыстағы ғимараттарды реконструкциялау және жаңа инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары қатар жүргізілмек. Жаңа нысандардың ішінде бірнеше қосалқы станса, су жинау торабы, газ құбырлары, кәріз тазарту құрылыстары, автожолдар бар. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру келесі жылдан басталмақ. Инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының тетіктері пайдаланылады. Сондай-ақ EPC+F құралдарын қолдану мүмкіндіктері қарастырылады, мұнда мердігер компания қаржыландырудан бастап жобаның барлық кезеңіне жауапты болады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Аймақ басшысы Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жеткенін, он айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрағанын атап өтті. Инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жеткенін алға тартты. Пул 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды. Қазіргі уақытта құны 1 трлн теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұлар – PepsiCo, United Hygiene, «Молочная долина», АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, агроөнеркәсіптік кешен, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары.
Бұл өңірде жалпы аумағы 97,9 мың гектарды құрайтын еліміздегі ең ірі Аlatau АЭА құру жұмысы жүргізілуде. Оның 24 мың гектардан астамы қала сыртында орналасқан және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеудегі маңызды жобаларды қамтиды. Осы өндіріс орындарына кепілдіктерді сақтау және жаңа кәсіпорындарды іске қосу мақсатында жаңа өнеркәсіптік-логистикалық АЭА құру жөніндегі әкімдіктің ұсыныстары қаралды. Болашақта бұл Алматы облысында индустриялық, логистикалық, туристік және энергетикалық кластерлердің дамуына ықпал етеді.
Жаңадан салынатын Алатау қаласының сәулетіне де ерекше назар аударылмақ. «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай Iconic building іскерлік орталығының көрнекті ғимараты құрылысын қамтитын Gate District – жаңа іскерлік ауданды дамыту жөніндегі жобаны таныстырды. Биылғы қыркүйек айында Мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақ-Қытай іскерлік кеңесі аясында аталған жоба бойынша үшжақты келісімге қол жеткізілді.
Алатауда тұрғын үй құрылысы қазіргі таңда оң қарқын алуда. Биыл 103 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықаралық сарапшыларды тарту және әлемнің жетекші мегаполистері тәжірибесін зерделеу арқылы қаланың дизайн-коды және кешенді көлік схемасы әзірленуде.
Отырыс соңында Премьер-Министр тиісті министрліктер мен облыс әкімдігіне жұмыстарды жеделдету және сапалы жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді.
Алма ЕСЕНБАЙ



