Бүгінгі таңда цифрлық трансформация мен технологиялық серпіліс кезеңінде әлемнің көптеген елі мемлекеттік басқаруда ашықтық пен тиімділікті арттыру мақсатында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын кеңінен енгізіп келеді. Қазақстан Республикасы да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл ретте елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіне инновациялық шешімдерді енгізу стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі саналады.
Жасанды интеллект – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа құралдың бірі. Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына, экономиканың тұрақтылығына және халықтың сеніміне нұқсан келтіретін ең қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі. Осы күрделі мәселемен тиімді күресу үшін тек құқықтық шаралар емес, сонымен қатар ақпараттық технологиялар мен аналитикалық жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Жасанды интеллект үлкен көлемдегі мәліметтерді талдап, күмәнді мәмілелерді, қайталанған төлемдерді немесе тәуекелі жоғары қаржылық операцияларды анықтай алады. Бұл өз кезегінде адам факторының әсерін азайтып, шешім қабылдау процесін неғұрлым объективті етеді.
Қаржы саласындағы цифрлық бақылау арқылы мемлекеттік қаржы жүйесінде жасанды интеллект қолдану ерекше нәтиже беруде. Мысалы, қазынашылық және мемлекеттік сатып алу саласында жасанды интеллект негізінде құрылған аналитикалық жүйелер келісімшарттардың ашықтығын қамтамасыз етіп, бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкімет пен «Ашық бюджеттер» порталындағы деректерді өңдеу арқылы ЖИ тәуекел аймақтарын автоматты түрде анықтап, уақытылы шара қолдануға жағдай жасайды.
Жасанды интеллектінің артықшылықтарына тоқталар болсақ, біріншіден, айқындық пен ашықтықты қамтамасыз етеді. ЖИ жүйелері барлық деректі тіркеп, бұрмалау немесе жасыру мүмкіндігін азайтады. Екіншіден, жедел талдауға және болжам жасауға мүмкіндік ашады. Бұл үлкен мәліметтер базасын жылдам талдау арқылы ықтимал жемқорлық тәуекелдерін алдын ала болжауға болады. Үшінші артықшылығы – объективтілігінде. Мұнда адами факторлар мен субъективті шешімдер ықтималдығы төмендейді. Төртіншіден, қоғамдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Демек, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігіне деген азаматтардың сенімі артады.
Қазақстанның Цифрлық даму және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамаларында жасанды интеллектіні қолдану басым бағыт ретінде айқындалған. Бұл бағытта мемлекеттік органдар, академиялық орта және IT-компаниялар арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Болашақта жасанды интеллект мемлекеттік басқарудағы ең сенімді көмекші құралға айналып, әрбір шешімнің әділ әрі ашық болуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллект – тек техникалық жетістік қана емес, ол әділ қоғам құрудың маңызды кілті.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты ұдайы жетілдіріліп отырады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылуы сынды шешімдерді айтуға болады.
Жасанды интеллектіні қолданудағы маңызды мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық тәжірибені енгізу. Шетелдік озық тәжірибелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жасау үшін көптеген фактор мен элементтерді кешенді түрде ұштастыруды көздейтін жүйелі тәсіл қажет екенін көрсетеді.
Жемқорлықпен күресте тиісті мәдениетті қалыптастыру да елеулі рөл атқарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірсарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, халықтың жемқорлықтың кез-келген нысандарын қабылдамауына жол ашу – басты мақсат. Бұл орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары белгіленген. Осы бағытта нақты жұмыстар жүріп жатыр.
Бақыт Омаров,
Райымбек аудандық қазынашылық басқармасының басшысы




