Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Кеген, Райымбек аудандарына жұмыс сапарымен келді. Осы орайда Кеген аудандық Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, аудан активі, ауыл әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Жолдауды іске асыру бойынша Кеген ауданында жүйелі жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңарту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша қолға алынған шараларға, Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен қойылған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Жолдау аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан тапсырмалар, тартылған инвестициялар мен туристік және агроөнеркәсіптік жобалар туралы баяндады.
Өз кезегінде сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы:
– Біз жаңа дәуірге қадам басып келеміз. Президенттің биылғы Жолдауы – соның анық айғағы. Жолдау мемлекеттік маңызы бар құжат екенін білесіздер, оның саяси салмағы, идеологиялық мәні болады, – дей келе, цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, басқару тиімділігін, қауіпсіздікті және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарының маңыздылығына тоқталды.
Жиын барысында сөз сөйлеген Кеген аудандық мәслихат депутаты Ғалия Дәрубаева Президент Жолдауында айтқан негізгі басымдықтар бойынша өңірде атқарылған жұмыстарды атап өтті.
– Ауылішілік және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуде 1,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, бірқатар жоба іске асырылды. Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Яғни Қарқара орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілсе, Жалаулы, Бескөл, Қапез Байғабылұлы, Сәдуақас Серкебаев атындағы орта мектептер мен Көкпияз, Түменбай бастауыш білім ошақтары, Тасашы орта мектебі жанындағы интернат ағымдағы жөндеуден өтті, – деген ол Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты пікірін білдірді. Екі кезеңнен тұратын ауданға газ тарту жобасы бойынша өз ұсынысын жеткізді.
Жылысай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауы халқымыздың әл-ауқатын арттыру, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталатынына тоқтала келе, бұрын Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекарада кеден бекеті болғанын, қазір ол өткізу бекеті ғана болып тұрғанын айтып, кеден бекетінің статусын қайтаруға қатысты ұсынысын жеткізді.
Кездесу соңында Мәлік Нұржанұлы аудан жұртшылығы көтерген мәселелерді Мемлекет басшысына жеткізетінін айтты.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев ел Президентінің бастамаларын, Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді халыққа түсінікті тілде жеткізіп, тұрғындарды алаңдататын мәселелерге де мән берген Мәлік Нұржанұлына алғысын жеткізді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




